«Біз бәрін жоямыз»: Израиль Газа секторын толық басып алғысы келеді

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху палестиналық «ХАМАС» қозғалысына қарсы «көріп-білмеген шабуылдың» мақсаты — Газа секторын толықтай басып алу екенін мәлімдеді.
Bloomberg басылымының жазуынша, Нетаньяху наурыз айының басында шектелген гуманитарлық көмекті Газаға қайта жіберуге уәде берді. Ол бұл қадам «ХАМАС»-ты тұтқындарды босатып, берілуге итермелейді деген үмітін білдірді.
Израильдің қаржы министрі Безалель Смотрич — оңшыл радикалды «Діни сионизм» партиясының өкілі Израильдің түпкі мақсаты Газа секторын толықтай бақылауға алу екенін мәлімдеді.
– Бұл жолғы операция мүлде өзгеше. Бұрынғыдай рейд емес, толық оккупация, тазарту және аумақты бақылауда ұстау. Біз «ХАМАС» толығымен жойылғанша осында боламыз. Жолай Газа секторындағы қалған барлық нәрсені жоямыз, өйткені бұл аймақ түгелімен террористердің ұясы, - деді Смотрич.
Осыдан екі күн бұрын Израиль Газа секторына жаппай шабуыл бастаған болатын. «Гидеон арбалары» деп аталатын операция 2023 жылғы қазанда Израиль шекарасына жасалған «ХАМАС» шабуылына жауап ретінде басталған әскери кампанияның соңғы кезеңі ретінде қарастырылып отыр. Израиль тарапы бұл операцияны «соңғы және нақты соққы» деп атаса да, халықаралық ұйымдар мен БҰҰ мұндай шабуылдың салдары — гуманитарлық апат болатынын ескертіп, тараптарды дереу бітімге келуге шақырып отыр.
АҚШ пен ЕО Израильдің қауіпсіздігін қолдайтынын мәлімдегенімен, азаматтық тұрғындар арасында құрбандардың артуына алаңдаушылық білдірді. Қызыл Крест, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) және басқа да халықаралық ұйымдар Газа халқына гуманитарлық дәліз ашуға шақырды.
Алайда, Нетаньяху Израильдің артқа шегінбейтінін, бұл жолы «соңына дейін баратындарын» тағы бір мәрте нақты айтты.