Біз болары болып, бояуы сіңгенде барып салдармен күресеміз
Қоғамда болып жатқан келеңсіз бір оқиғалардың қатарына бірнеше қалада орын алған жарылыстар, орман өрті, мемлекеттік, жекеменшік жерлердегі өрттер, бала-шағасы өртке оранған Астанадағы жағдай, Алматыдағы хостелдегі жағдай қосылды.
Мұның бәрі болмауы да мүмкін еді ғой деген сұрақ тууы ықтимал. Әрине, алдын алсақ, осы мекемелер мен салаларға жауапты мамандардың жауапкершілігі жоғары болса, ештеңе де болмас еді. Әрбір салаға, әрбір қауіпсіздік шарасына көңіл бөлінсе, бәрі дұрыс болар еді. Ал біз болары болып, бояуы сіңгенде барып салдармен күресеміз. Өтемақы береміз, бір-екі адамды жұмыстан шығарамыз. Сонымен барлық шаруа біткендей. Әрі бұл қоғамда әдетке айналып бара жатқандай. Бұл үрдіс жетілген, кемелденген қоғамның келбеті емес. Кемелденген қоғам алдын алудың жолын іздейді. Баяғыда Қытайда патша мен оның жанындағы адамдар ауырмаса, дәрігерлерге жоғары жалақы төлейді екен. Ауыртпағаны үшін, сондай жағдай жасағаны үшін. Алдын ала қайда ақша аз болып жатыр, көңіл бөлінбей жатыр деген мониторингтер жасалмайды. Біріншіден, қоғам біртұтас механизм. Бірге жұмыс істеп тұрған, басы бар, аяғы бар, байланыс бар жүйе болу керек. Егер әркім әр жақта, байланыссыз жүре берсе мұндайды әлеуметтануда фрагменталды қоғам дейді. Бір фрагмент анда, біреуі мында, міне, сондай қоғам. Қазақстанның жағдайында да дәл осылай біртұтастық жетіспей жатыр. Министрді, не әкімді, не құқық қорғау органдарын кінәлай саламыз. Шаруа сонымен бітті деп ойлаймыз. Ал шын мәнінде олай емес, тұтас қоғам жауапты. Әр адам өзіне де жауапты. Мәселен, хостелдің қауіпсіздігін қадағалауы тиіс жауаптылар бар. Электр жағы болсын, санитарлы жағы болсын. Солар неге сыртта қалып қояды? Олар да кемшілік жасап отыр ғой. Баяғыда базарлар өртенгенде де ешкім ешнәрсеге жауап бермейтін. Жауапкершілік болмағаннан кейін әркім ойына келгенін істейді. Осының бәрін ескермей, қайталанғаны қайталанған. Кепілдік жоқ, басқа жерде тура сол оқиға қайталанбайтындығына. Бізде қызметі өскен сайын шенділер өз қауіпсіздігіне алаңдайды. Сол болмаса, мемлекеттің ісі тоқтап қалатындай көреді. Одан да жалпы қоғамдағы келеңсіздіктердің тамырынан шабудың әрекетін жасау керек. Сөйтіп қоғам өзін реттеуші қоғамға айналуы қажет. Бізге де қазір жетіспей тұрғаны осы – жүйелілік. Әркім әр жаққа тартып, үзік-создық өмір сүріп жатыр. Ал оны біріктіру үшін халық үкіметке сену керек. Ал үкімет, мемлекеттік мекемелер ашық қызмет жасау керек. Ақпараттар ашық болу тиіс. Жұрт бәрін білу керек. Ал бізде, керісінше, көп нәрсе айтылмайды. Мәселен, Арыста болған жарылыста да, Таразда болған жарылысқа қатысты ешкім ешнәрсені мойындамады. Үн-түнсіз отыра берсек не болады? Ол өркениетті елдерге тән нәрсе емес. Өркениетті елдердің қасиеттерін сіңіру керек. Сонда қоғамды ретке келтіруге болады.
Өтемақы беру бұрыннан бар. Америкада да, Жапонияда да сол. Ол міндетті. Сонымен ғана шектеліп, адамдардың көңілін аулаймын деу де болмайды. Одан басқа да жұмыс бағыттары, векторлары бар. Сол бағыттарда қызмет ету керек. Бірақ бір оқиғадан соң ұқсас орындардың бәріне мониторинг жасалу керек. Себебі ол оқиғаның қайталанбайтынына кепілдік жоқ. Адамдар да немқұрайды қарамай, айтуға, сенуге, жаны ашуға үйрену керек. Осындай рухани даму бар елде ғана ілгерілеу, өркендеу болады. Ал бізде бұл ақсап тұр. Тәрбие керек. Сонда ғана өзіне-өзі қызмет ететін қоғам пайда болады. Өтемақымен жуып-шайдық болды деген дұрыс емес. Ол сол деңгейде қалып қойса, үстірт қарау есептелінеді. Себебімен күреспеу болса, қоғамды жетілдірудің концепциясы әлі жасалмады деген сөз. Салалардың бәрі маңызды екені ескерілу керек. Ал бізде Қожанасырдың шапанындай, қайда барсаң әлі өз деңгейінде жүре алмай жатқан салалар. Негізі біз адам ұмтылып тұратындай бәріне тиімді қоғам жасауымыз керек. Мысалы, жапондар стадионды, отырған жерін жинап кететін жалғыз халық. Жақында Қазақстанның футболдан Ұлттық құрамасы ойнағанда біздің де жанкүйерлер жинап кеткен еді. Осындай кішкентай қадамдардан басталады бәрі. Осындай нәрселер насихатталуы керек, әр адам осы қоғамның мүшесі, бәріміз осы қоғамды жасаймыз деген идея айтылуы керек. Ал осының бәрін қадағалау шенеунік біткеннің міндеті. Бақыла, тексер, жүргіз, жаның ашыса.
Серік Нұрмұратов, философия ғылымының докторы