«Біз фашизмді жеңдік» — Трамптың жаңа мәлімдемесі

Дональд Трамп 8 мамырды Екінші дүниежүзілік соғыстағы АҚШ-тың Жеңіс күні ретінде атап өтуді ұсынды.
Бұл туралы ол Truth Social платформасындағы жеке парақшасында жазды.
Трамп өз жазбасында АҚШ-тың соғыс барысындағы шешуші рөліне ерекше мән берді. Оның пікірінше, дәл Америка фашистік Германияны жеңуде басты рөл атқарған ел.
— Жеңіс үшін АҚШ-тан артық ешкім үлес қосқан жоқ. Біздің сарбаздарымыз — батылдық пен күштің символы. Олар адамзаттың бостандығы үшін күресте алдыңғы шепте тұрды, - деп жазды Трамп.
Бұдан бөлек, Трамп 11 қарашаны Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні ретінде ресми түрде бекітуді де ұсынды. Айта кетейік, бұл күн АҚШ-та қазіргі таңда Ардагерлер күні (Veterans Day) ретінде аталып өтеді. Алайда Трамп оны нақты жеңіс күні ретінде жаңа мағынада бекітуді жөн деп санайды.
Алайда бұл мәлімдеме халықаралық деңгейде түрлі пікір тудыруы мүмкін. Себебі Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні әлемнің көптеген елінде 8 немесе 9 мамырда аталып өтеді. Ресей мен посткеңестік елдер үшін 9 мамыр — маңызды тарихи күн. Ал АҚШ-та Еуропадағы Жеңіс күні (Victory in Europe Day — VE Day) ресми түрде 8 мамырда белгіленгенімен, Трамптың оны «нағыз жеңіс күні» ретінде бөлек атап көрсетуі геосаяси реңкке ие болуы мүмкін.