Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:10

«Біз Гренландияны алуымыз керек» – Трамп минерал ресурстар мен ұлттық қауіпсіздік үшін аралға көз тікті

трамп гренландия
Фото: Gettyimages.ru © Andrew Harnik / Martin Zwick / REDA / Universal Images Group

АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияның стратегиялық маңызын алға тартып, аралды АҚШ бақылауына алу қажет екенін тағы да мәлімдеді.

 Оның айтуынша, бұл мәселе минерал ресурстардан бұрын ұлттық қауіпсіздікке тікелей байланысты.

«Егер Гренландияға қарасаңыз, оның бүкіл жағалауынан Ресей мен Қытай кемелерін көресіз. Ол бізге ұлттық қауіпсіздік үшін қажет. Біз оны алуымыз керек», - деді Трамп Флоридадағы Палм-Бичте журналистерге берген сұхбатында.

Осы мәлімдемеден бір күн бұрын, 21 желтоқсанда Трамп Луизиана штатының губернаторы Джефф Лэндри Гренландия бойынша арнайы елші болып тағайындалғанын жариялады. Бұл шешім Дания мен Гренландия тарапынан жаңа сын туғызды.

Трамптың айтуынша, Лэндридің өзі бұл қызметке өзін ұсынған. 

«Джефф Гренландияның ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Ол АҚШ мүддесін одақтастарымызбен, тіпті бүкіл әлем қауіпсіздігі мен тұрақтылығы жолында жұмыс істей алады. Ол келісім жасай алатын адам», - деді АҚШ президенті.

Лэндридің өзі де бұл тағайындауды «үлкен мәртебе» деп бағалап, Гренландияны АҚШ құрамына қосу жолындағы қызметі Луизиана губернаторы ретіндегі лауазымына әсер етпейтінін мәлімдеді.

Дания мен Гренландияның жауабы: «Аннексияға жол жоқ»

Дания үкіметіндегі аты-жөні аталмаған ресми тұлғаның айтуынша, АҚШ бұл тағайындау туралы Копенгагенді алдын ала ескертпеген.

Ал Дания премьер-министрі Метте Фредериксен мен Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен бірлескен мәлімдеме жасап, АҚШ-тың мұндай ниетін халықаралық құқыққа қайшы деп атады.

«Ұлттық шекаралар мен мемлекеттердің егемендігі халықаралық құқыққа негізделеді. Сіз басқа бір мемлекетті аннексиялай алмайсыз — тіпті оны халықаралық қауіпсіздікпен ақтағыңыз келсе де. Гренландия гренландиялықтарға тиесілі», - делінген мәлімдемеде.

Йенс-Фредерик Нильсен жеке мәлімдемесінде де Трамптың сөздері Гренландияның болашағына әсер етпейтінін айтты:

«Біз тағы да АҚШ президентінің жаңа мәлімдемесімен ояндық. Бұл салмақты сөздер болып көрінуі мүмкін, бірақ біз үшін ештеңені өзгертпейді. Болашағымызды өзіміз анықтаймыз».

22 желтоқсанда Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен АҚШ-тың Копенгагендегі елшісін шақыртып, бұл жағдайды «қабылдауға болмайтын әрекет» деп атады.

Экономикалық қысым және Арктикадағы текетірес

Ақ үй баспасөз хатшысының орынбасары Анна Келлидің айтуынша, Гренландия бойынша арнайы елші қызметінің құрылуы – АҚШ әкімшілігінің Арктиканы «күш арқылы бейбітшілікті сақтауға қажет стратегиялық аймақ» деп санауымен байланысты.

Сол күні Трамп әкімшілігі Данияға экономикалық қысымды күшейтіп, АҚШ-тың шығыс жағалауында салынып жатқан теңіздегі бес ірі жел энергетикасы жобасының жалдау келісімдерін тоқтатты. Бұл жобалардың екеуін Данияға тиесілі, мемлекеттік бақылаудағы Ørsted компаниясы жүзеге асырып жатқан.

AP агенттігінің жазуынша, Данияның Қорғаныс барлау қызметі жылдық есебінде АҚШ-тың экономикалық қуатын пайдаланып, өз еркін одақтастар мен қарсыластарға да күшпен таңып отырғанын атап өткен.

Бұл жағдайға байланысты Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляйен Арктика қауіпсіздігі ЕО үшін негізгі басымдық екенін айтып, Дания мен Гренландиямен толық ынтымақта екенін жеткізді.

Гренландия неге АҚШ-қа маңызды?

Аумағы 2,1 млн шаршы шақырымнан асатын Гренландияның шамамен 80 пайызы мұз. Халқы – 56 мың адамнан сәл асады. Бұрын Данияның отары болған аймақ 2009 жылғы келісімге сәйкес тәуелсіздік жариялау құқығына ие, алайда экономикасы әлі күнге дейін балық шаруашылығы мен Дания субсидияларына тәуелді.

Еуропа мен Солтүстік Америка арасындағы стратегиялық орналасуы Гренландияны АҚШ-тың баллистикалық зымырандарға қарсы қорғаныс жүйесі үшін аса маңызды етеді. Ал сирек кездесетін минерал ресурстар АҚШ-тың Қытай экспортына тәуелділігін азайту мақсатын күшейтуде.

Трамп бұған дейін де Гренландияны АҚШ юрисдикциясына қосу қажеттігін бірнеше рет айтып, тіпті әскери күш қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармаған.

2025 жылғы наурызда АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Гренландиядағы америкалық әскери базаға барып, Данияны бұл аймаққа жеткілікті инвестиция салмады деп сынға алған.

Копенгаген университетінің саясаттану профессоры Миккель Ведби бұл тағайындау Данияның барлық дипломатиялық және қорғаныстық қадамдары Трамптың көзқарасын өзгерте алмағанын көрсетеді деп санайды.