Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

«Біз Ирусалимнің бір де тасын бермейміз» – Ердоған

Ердоған
Фото:

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ыстамбұлда өткен TechnoFest-2025 технологиялық фестивалінде сөз сөйлеп, елдің әскери жетістіктеріне тоқталды және Ирусалим мәселесіне қатысты қатаң мәлімдеме жасады.

Ирусалим – мұсылмандардың абыройы

«Кейбіреулер Ирусалимге қатысты қорлайтын сөздер айтуға батылдық танытып жүр. Біз олардың нені көздеп отырғанын жақсы білеміз. Қолына 65 мың жазықсыз газалықтың қаны жұққан адамдарға айтарым: Ирусалим – мұсылмандардың ғана емес, бүкіл адамзаттың намысы, қадір-қасиеті мен абыройы», – деді Ердоған.

Оның айтуынша, Ирусалимді қорғау – бейбітшілікті және жалпыадамзаттық құндылықтарды қорғау деген сөз.

«Ирусалимге бағытталған әрбір шабуыл осы қасиетті мекенді сүйген жанқияр қорғаушыларға тап болады», – деп мәлімдеді ол.

Тарихи сабақ пен ата-баба өсиеті

Ердоған өз сөзінде Осман сұлтаны ІІ Абдулхамидтің мұрасын еске алып: «Біз – Сұлтан Абдулхамидтің ұрпағымыз, оның жолын жалғастырамыз. Ата-бабамыздың өсиетін сақтаймыз және ешқашан Ирусалимнен бас тартпаймыз», – деді.

Сонымен қатар, Түркия басшысы елдің барлық дін өкілдерінің құқықтарын қорғауды жалғастыратынын атап өтті.

«Барлық айла-шарғыға қарамастан, біздің күресіміз 1967 жылғы шекараларда астанасы Шығыс Ирусалим болатын тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылғанға дейін жалғаса береді», – деген Түркия президенті.

Бір тасын да бермейміз

Ердоған Ирусалимде табылып, қазір Ыстамбұл археология мұражайында сақтаулы тұрған б.з.д. VIII ғасырға жататын көне жәдігер – Силван орамы жайлы да тоқталды. Оның айтуынша, Ирусалимге тиесілі бірде-бір жәдігер де, бірде-бір тас та ешкімге, оның ішінде Израильге де берілмейді.