Біз, қызына да – Нұрсұлтан деп ат қойған елміз
Өткен апта «Топонимика – трайбализм мен тавтологияның ойыншығына айналды» деген тақырыпта еліміздегі жер-су аттарына қатысты материал жариялаған едік. Бүгінгі мақаламыз еліміздегі кісі есімдеріне арналады.
Бір қарағанда «кісі аттарында тұрған не бар, әркім өзі қалаған атты қоя берсін» дерсіз. Бірақ антропономика саласын зерттеуші сарапшылар мәдени құндылық, ұлттық идентификация мен ұлттық антропонимика тұрғысынан қазақы есімдерді сақтап қалу маңызды екенін айтады.
Қазіргі қазақ антропонимикасын зерттеп жүрген шежіреші Қайыр Рысбаев бүгінгі таңда кірме есімдер көбейді және балалардың есімдері жиі қайталанады, өз кезегінде бұл қазақ антропонимикасының әртүрлілігіне әсер етеді дейді.
«2021 жылы Қазақстанда 450 мың бала дүниеге келді. Бұл – Қазақстандағы рекорд. Туған балалардың өсім санымен бірге оларға қойылған есімдерге қатысты мәселе туындайды. Қазақтар Еуропаның басқа халықтарына қарағанда әртүрлі есімдердің бай жиынтығына ие. Бірақ соңғы жылдары адамдар жиі кездесетін жалпы есімдерді бере бастады. Осының кесірінен қазақ антропонимикасының бай мұрасы жоғалуда. 2021 жылы туған ұлдардың 14,5%-ы және қыздардың 25,5%-ы ең көп таралған 10 аттың бірін алды. Бұл балабақшадағы балалар топтарында, мектеп сыныбында, университет топтарында аттас адамдардың көп болуына әкеледі. Бұрын қазақ сыныптарында орыс сыныптарына қарағанда аттас есімдер сирек кездесетін болса, қазір бір сыныпта үш Әлиханнан бар. Статистикаға сүйенсек, әйел есімдерінің әртүрлілігі ерлерге қарағанда әлдеқайда төмен. Әйел есімдері ерлерге қарағанда жиі қайталанады. Мүмкін оның себебі – көп жағдайда әйелдер шежіреге кірмейді және тиісінше, бірегей әйел есімдері сақталмайды және ұмытылмайды», – дейді маман.
Бұрын Кеңес Одағы уақытында Роза, Света сияқты орыс есімдері сәнде болса, Ұлттық статистика бюросы 2010 жылдан бастап арабша қойылған кісі аттарының қатары күрт көбейгенін мәлімдеді.
Есім – ұлттық идентификацияның бір көрінісі
Әлеуметтанушы Рамазан Салықжанның пікірінше, діни романтиктердің балаларына сахабалар мен пайғамбарлар есімін қоюы – жастардың өз тегін қабылдамауы мен ұлттық идентификациясынан ажырауына әкеледі.
«Ислам діні пайда болғаннан кейін оның экспансиясы мен жан-жаққа таралуы барысында Азияның тең жартысы араб есімдерін балаларына қоя бастады. Әрине, исламның ықпалы үлкен, дінге сенген адам пайғамбарды, сахабаларды, оның туған-туыстарын пір тұтып, психикалық тұрғыдан эмоцияға беріліп, иманды болсын деген ниетпен қойып жатады. Соңғы жылдары статистиканың өзі есімдердің арабтану тенденциясын көрсетіп отыр. Қазақтар балаларының атын Мұхаммедтен бастап, Әлимен қостап, Алланың 99 есімін қойып жатыр. Шектеу жоқ, десек те күндердің күнінде бұрыннан келе жатқан Қасқырбай тегі, Жылқыбаевтар, өзіміздің Қайратымыз бен Серігіміз ығысып кете береді де, келесі үшінші ұрпақта атасының атын айтса қазақтың баласы Әбдурахман Уахаб Мүсіл болып шыға келеді. Қазір өз балаңызға араб есімін қоюдың ешқандай айыбы жоқ, зияны жоқ, бірақ уақыт өте келе біз оны норма деп қабылдай бастаймыз.
Ал енді шын мәнінде шығу тегің қазақ болса, қаның қазақ болса, жүріс-тұрысың қазақ болса, сенің есімің неге басқа ұлттың есімі болу керек? Неге арабтың есімін қарагөз балаңа беріп жатырсың?! Жалпы өзге ұлттың есімін беру сіздің сол ұлтқа бүйрегіңіз бұрып тұрғанын, жан-тәніңізбен берілмесеңіз де соған дайын екеніңізді білдіреді. Өйткені сіз өзіңіздің қазақ есіміңізден бас тартып тұрсыз, бірақ оны мойындай алмайсыз. Оның қаупі өте келе бір мәдениетке сіңісіп кетуге әкеледі. Бұл құбылыс бір-ақ күнде болмайды, ол бірнеше ұрпақпен сабақтаса, кей элементтерді қабылдаудан болады. Бүгін атын қабылдадыңыз, ертең киімін қабылдадыңыз, содан кейін табағын қабылдайсыз. Ары қарай бүкіл оның философиясын, менталитетін қабылдайды», – деді әлеуметтанушы Рамазан Салықжан.
Кірме есімдер тілде тұрақтап қалмайды
1998 жылдан бастап қазақ есімдерін зерттеп жүрген ғалым, филология ғылымының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы кісі аттарының сырттан енуі бұрын да болған, болашақта да жалғаса береді дейді.
«Кірме есімдердің сипатынан екі бағытты байқаймыз: бірі – Еуропа, Америкадан келіп жатқан есімдер, ал екіншісі – діни сенім бойынша араб тілінен енген есімдер. Билклинтон, Жакширак, Жанетта, Белла, т.б. біраз есімнің балаларға қойылғаны рас. Бұл есімдер белгілі бір эмоциямен қойылғаны белгілі, сондықтан олардың жиілігі де төмен, тілде тұрақтап қалу мүмкіндігі де жоқ деуге болады. Сондықтан бұл жағдайды кісі есімдерінің дамуындағы дағдылы құбылыс ретінде санау керек. Діни сенімге байланысты қойылған есімдер қатары әлі де көп. Бұрын қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес Әбдіжәміл, Әбдірахман, Әбсәмет, Әбілмәжін, т.б. түрінде енген. Бұл есімдерді тіліміз бен дінімізге қайшы келмегендіктен, төл есімдеріміз ретінде қабылдадық. Осылайша, есімдер қорымызға сіңісіп те кетті. Ал қазір арабша қалай айтылса, солай жазып, айтуға әуестеніп барамыз. Мәселен, өз тіліміздің заңдылықтарына сай жазылған Ыбырайым, Ыбырай есімдерін араб тіліндегі үлгіде Ибраһим деп жазып жүрміз.
Қандай өзгерістерге түссе де ең негізгісі – тілдің дыбыстық заңдарының сақталуы. Мысалы, қазір белсенді қолданылып жүрген Медина (Мәдина), Айша, Әмина деген аттардың кірме екенін білсек те, бөтен деуге аузымыз бара ма? Араб тілі бізге жат болғанымен, Ислам – өз дініміз ғой, он ғасырға жуық тарихымызды өмірімізден қалай ысырып тастаймыз?! Бабалар салып кеткен құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, қоғамдық сананы қалпына келтіре алсақ, кісі есімдері де өзінің байырғы қалыбын табады деп ойлаймын», – дейді Бекжан Әбдуәлиұлы.
«Назарбаевтың абыройы түскен сайын, Бөкейханның беделі өсті»
Сондай-ақ балаға ат қоюға келгенде көшбасшылардың атын беру, айтулы оқиғаларға қатысты атау үрдістері де көп көрініс берген. Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері 43 мыңға жуық сәбиге Нұрсұлтан және 66 мыңнан аса балаға Әлихан есімі берілген. Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанда аты-жөні Нұрсұлтан Назарбаев болып жазылған 56 адам тұрады. Нұрсұлтан есімді 18 076 адам бар. Оның ішінде 1 617 адам Астана қаласында тұрады. Бірақ Нұрсұлтан есімін қою көрсеткіші 2015 жылмен салыстырғанда бүгінде бес есеге азайған. Қыздарға да Нұрсұлтан есімі қойылған. Қазақстанда бес Нұрсұлтан және екі Нұрсұлтана есімді қыз бар. Қазақстанда қазіргі ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен аттас 818 адам бар. Дінмұхамед немесе Димаш деген есімді иеленген 25 934 адам бар.
Журналист Сұлтанхан Аққұлұлы Orda.kz сайтына берген пікірінде «Нұрсұлтан есімінің бастапқыда халық арасында өте жоғары абыройға ие болуын – 1991 жылдың желтоқсанында Тәуелсіздік алуымен түсіндіруге болады» деп пікір берген. Алаштанушы ғалым «Назарбаевтың абыройы түскен сайын, Бөкейханның беделі өсіп жатқанына да» назар аударған.
«Тәуелсіздік алған кезде халық тұңғыш президентке бар жан-тәнімен сенді, ұлттың үміті аспандады. Өз қолымыз өз аузымызға жетті, дамимыз, өркендейміз деген үміт зор болды. 1999 жылға қарай оның есімін беру күрт төмендеген. 2000 жылы тіпті саябырсыған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақтың шынайы ұлт көсемі Әлиханның есімі көпшілікке бейтаныс еді. Біртіндеп танылып, аты жұртқа жайылған сайын орыстілді қазақтардың арасында да нығая түскен. 30 жылда Нұрсұлтан есімінің статистикасы ары-бері құбылып отырса, Әлиханның есімі үздіксіз өсумен келеді. Халық кімнің шынайы ұлт көсемі екенін, елінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, қамын жегеніне көзі жете бастады. Қазіргі биліктің көшбасшы туралы көп насихаты бос сөз, декларация екенін түсінді», – дейді тарихшы-публицист.
Әлихан Смайылов премьер-министр болып келгенде қазақ қоғамында Әлихан Бөкейханов тіріліп келгендей көңіл күй де байқалған. Халық есімінен үміттенген. Бір қызығы ол 2024 жылғы 5 ақпанда премьер-министр қызметінен кеткеннен кейін ер балалар арасындағы ең жиі қойылатын есімдердің бірінші сатысына Мұхаммед шыққан. Ал 2014 жылдан бері жаңа туған ұлдардың ең танымал есімін – Әлихан бастап келді.
Айжан Қалиева
Астана қаласы