Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:47

Біз классиканы әлі түгендеп жүрміз, ал халық блогерлердің кітабын оқып жүр

1
Фото: ашық дереккөз

Қазақ қоғамында кітап оқу – тарихи есеюіміздің, ұлт ретіндегі болмысымыздың рефлексиясы. Қазір кітап оқитын ұлтқа айналу туралы пікір көп айтылып жүр.

 Шынымен-ақ, қазір кітап оқу дегеннің өзі біздің ұлт ретінде кешіккен білім, шала жетілген түсінік, формалды білімге иек артқан қоғамдық сананың бір көрінісі. Қазақ оқымаған ұлт емес. Қазақ – тыңдаған, жаттаған, көкейге түйген, ауызша өркениеттің ішінен шыққан ұлт. Былайша айтқанда, бұл мәдениеттің басқа формасы. Бірақ жазба мәдениетке келгенде, біздің кешеуілдегеніміз рас. Колониялық тарих, отарлық шектеу, кеңестік иерархия бізді тілдік, танымдық тұрғыда тұсаулап келді. Кітап билік құралына, цензура объектісіне айналды. Осылайша, оқу рухани әрекеттен гөрі идеологиялық талапқа айналып шыға келді. Бүгінгі таңда біз сол ескі жараның орнына жаңаша сылап қойған сияқтымыз. Бізде оқуға байланысты дискурс, негізінен үстіртін не бір формалды екені рас қой. Яғни оқу дегеннің өзі де диплом алу әлде жоғары балл не мансап үшін деген ой әлі де мызғымай тұр. Мұндай қоғамда білім тауарға айналып кетеді. Ал тауарлық қатынаста кітап құндылық емес, тек құрал көзі ғана боп тұр.

Кітап деп қалдық қой. Кеше әлеуметтік желіде замандастарым той-бизнеске танымал әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы кітап шығарды деп шулап жатыр екен. Байқасам, жақтаушылары да, даттаушылары да көп. Бірақ блогер мен әншінің жазып жатқан алғашқы кітабы емес екені де рас қой. Оның үстіне бұл кітаптың бағасына классиктердің 5-6 кітаптан тұратын жинағын бір-ақ алуға болады. Сол блогер осындай сауалнама жүріп жатқанын, оның қорытындысы шыққанын біле ме екен? Қайдам... Біздегі билік пен халықтың арасы әлдеқашан ажырап кеткенін осындай кішкентай нәрселерден-ақ анық білуге болатын сияқты. Билік таңдаулы 100 кітапты анықтаймыз деп әуре боп жатқанда блогер мен әнші, діндар мен коуч қолына қалам алып, кітабын халыққа оқытып жүр. Шынында да, мәдениеттегі қайшылықтар кейде бір қарағанда ұсақ сияқты көрінетін құбылыстардан айқындалады. Бұл тізімді анықтап алды делік, ендігі қадам қандай болмақ, соған көбірек көңіл бөлу керек сияқты. «100 кітап» сияқты мемлекеттік деңгейде қолға алынған бастамалар әдебиет пен мәдениетке бет бұрғызу, оқырмандық талғамды қалыптастыру, классикалық мұраға жаңа көзқарас орнату үшін маңызды қадам екені сөзсіз. Бұл жобаның артында бір ғана тізім жасау емес, мәдениетке қатысты ұжымдық бағдарды айқындау, халық пен биліктің мәдени қатынасын жаңарту сияқты терең миссия жатыр. Дегенмен осы миссияны толық жүзеге асыру үшін, тізімді бекітіп қана қою жеткіліксіз. Себебі кітап, әдебиет дегеннің өзі де оқырман санасында қайтадан тірілетін, жаңа мағыналарға ие болып, оқыған сайын түлеп отыратын рухани кеңістік. Ал бұл кеңістікті тірілту үшін жүйелі, кезең-кезеңімен ойластырылған саясат керек. Бүгінгі парадокс мынада – мемлекет классикалық әдебиетті қайта түгендеп, тізім жасаймын деп жатқанда әлеуметтік желі сияқты медиа кеңістігінде блогерлер, әншілер, коучтар мен діндар тұлғалар өз кітаптарын жариялап, халықтың назарын тез аударып алады. Мұны тек «әдебиеттің құнсыздануы» деп бағалау үстірт пікір болар. Өйткені бұл – қазіргі қоғамдағы мәдени капиталдың қайта бөліну процесінің көрінісі. Бұрын әдебиет майданында негізгі сөзді жазушылар, сыншылар, әдебиеттанушылар айтса, қазір ол алаңға медиа ықпалға ие жаңа ойыншылар қосылды. Олар оқырманмен тікелей байланыста, маркетинг пен аудиторияны тарту әдісін жақсы меңгерген, ал бұл дәстүрлі әдебиет үшін тіпті үлкен бәсеке.

Таңдаулы кітаптардың тізіміне енген шығармалар туралы ештеңе айта алмаймын. Сөзсіз, классиктердің туындылары ғой. Бірақ бір ойланып қалғаным, бұл кәдуілгі мектеп бағдарламасындағы авторлар емес пе еді? Тізімдегі шығармалар мен авторларды әр жас оқуға, білуге міндетті. Былайша айтқанда, қазақ әдебиеті, тарихы мен мәдениеті туралы базалық білім қалыптастыру үшін ғана қажет. Оның үстіне, қазіргі қазақ әдебиетіндегі жас авторларды, жаңа туындыларды байқай алмадым. Мысалы, мен қатардағы оқырман ретінде жас авторларды, жазушыларды тани бермеймін. Тізімге қазіргі қазақ әдебиетінен оқу керек, лайық деген бірқатар авторлардың тізімін қосқанда деп ойладым. Бұл алғаш болып жатқан жоба, не таңсық емес жайт қой. Пайдасы аса көп демесек те, жоққа шығаруға да болмайды. Әр нәрсенің бағасын рейтинг, «бес жұлдызбен» өлшейтін біз сияқты халық үшін тіпті тиімді. Кейде сондай тізімдерден біреулер өзіне тың авторларды ашып, өзіне таңсық болған туындылармен танысып жатады.

Елнұр Ерболатұлы,

мәдениеттанушы

Тегтер: