Бізде баға баланы жазалау үшін қолданылады

Білім беру жүйесінің қоғам көріп жүрген қырларынан тыс, ішкі мазмұнында жататын нәрселері көп.
Мысалы, біз оқып жүрген пәндер мен оқулықтардың, бір сабақтың 40 немесе 45 минут болуының, бағалаудың 2 мен 5-тен, 10 балға көшуінің сыры мен себебін жете түсіне бермейміз. Мұндағы артықшылық пен кемшіліктер де назардан тыс қалады. Осы мәселелермен тікелей айналысатын мекеме – Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы. «Жас Алаш» аталған академияның вице-президенті Руслан Қаратабановпен қазіргі білім беру жүйесі және оның төңірегіндегі өзекті мәселелер туралы сұхбаттасты.
– Алтынсарин академиясын орта білім саласының мамандары жақсы біледі. Алайда көпшілік мекеменің функциясынан хабардар деуге келмес. Алдымен осы жайлы айтып берсеңіз.
– Академияның ғасырлық тарихы бар. Ең әуелі Ахмет Байтұрсынұлы Орынбор қаласында әдістемелік кабинет ретінде ашқан мекеме кейіннен әдістемелік орталыққа айналды. Ол республикалық деңгейге ұласып, артынан ғылыми-зерттеу институты дәрежесін алды. Тәуелсіздік жылдары Алматыда Қазақ білім беру академиясы болып, Астанаға көшкелі білім беру стандарттарын әзірлеу жөніндегі монополист академия деп жарияланды. Осы сәттен бастап «ұлттық» деген айдар тақты. Бүгінде сол мәртебемен Ұлттық білім академиясы аталып келеміз. «Алтынсарин академиясы» деген бейресми «бренд» атауымызбен де танымалмыз.
Академия қазір немен айналысып жатыр деген сауалға келер болсақ, мектеп әрбіріміз баратын маңызды институт. Оның бәрімізге белгілі сыртқы сипатынан бөлек, көпшілікке беймәлім ішкі мазмұны да бар. Соның ішінде қай сыныпта қандай пәндерді оқыту қажет, қанша сағаттан, олардың ішінде қандай тақырыптар болуы керек, реттілігі деген сұрақтар алдыңғы қатарға шығады. Әрине, осы сауалдың бәріне нақты ғылыми-тәжірибелік ахуалға негізделген жауаптар бар, дайын бағдарлама да беріледі. Мамандар сонымен жұмыс істейді. Жүріп жатқан процестің сапасын бақылау жағы да актуалды. Берілген білімнің деңгейін, сапасын қалай анықтаймыз? Міне, осыдан келіп академияның мақсаты шығады – білім беру мазмұнын жасау. Бұл шеңберлі, яғни рамкалы ұғым немесе жоба. Білім беру мазмұны қандай болуы керектігіне қатысты қағидаттар белгіленген. Ол оқу бағдарламасына нақты пәндер мен тақырыптар легі, әр сыныптың мазмұны, нақты сағат саны болып түседі. Біздің тікелей міндетіміз – білім беру стандарты мен әр пәнді оқыту бағдарламасын жасау.
– Иә, жаһандану үрдісі үздіксіз жүріп жатқан кезеңде білім беру мазмұнын тұрақты бақылау мен тиісті өзгерістерді дер кезінде енгізу өте маңызды. Десек те, біздің білім беру бағдарламасы реформалар алаңына айналып кетті деген сын жиі айтылады. Жақында 2026 жылы тағы да өзгерістер күтіп тұрғаны хабарланды. Бұл жаңалықтар не үшін қажет болды?
– 2016 жылы республика жаңартылған білім беру мазмұнына көшті. Ол қадамның маңызы сол – әлем түбегейлі өзгерді, технологиялық төңкеріс орын алды. Клаус Швабтың тілімен айтқанда, адамзат бүгінде «Индустрия 4.0» заманында өмір сүріп жатыр. Технология күнделікті өмірге етене еніп, комфортты арттырды. Сәйкесінше, бүкіл индустрияны, экономиканы өзгертті. Демек, еңбек нарығы да трансформацияланды. Оған дайын болу үшін мектеп түлектері белгілі бір білім мен біліктілік дағдыларын қалыптастырып шығуы қажет. Мәселен, сын тұрғысынан ойлау, қаржылық сауаттылық, аналитикалық қабілет. Бұл орайда білім беру тәсілі өзгеріске ұшырайтыны сөзсіз.
Біз осы секілді барлық қажетті дағдыларды әр пәнге қосып шықтық. Сөйтіп, 2016 жылы жаңа бағдарлама қолданысқа енді. Бұрынғыдан өзгеше. Әлбетте, жаңа мазмұн болған соң білім беру жүйесін игере алмай, педагогтарға қиын болды. Бұрын өзгерістерді фрагменттеп енгізсек, бұл жолы мазмұн да, бағалау да бірден бастан-аяқ өзгерді. 2022 жылы осы стандартқа мұғалімдердің талап-тілектерін ескере отырып, біршама өзгерістер енгіздік.
Ал 2026 жылы білім беру процесіндегі қолданыстағы стандарттың, бағдарламаның жаңартылған нұсқасына кірісеміз. Сіздің сұрағыңызға тікелей жауап берер болсақ, технологиялық трансформация тереңдеп кетті. Енді қажетті білімді тек мұғалім арқылы бере алмаймыз. Заман талаптарына сай мультимедиа керек. Себебі адам еңбек нарығына технологиялық тұрғыда «қаруланып» баруы тиіс. Ол да біраз өзгерісті талап ететіні анық.
Ана дағды қажет, мынау керек деп жүргенде балалар немесе білім беру жүйесі өз құндылықтарын жоғалтып алуы да ықтимал. Оны да есепке алып, ашықтық, құрмет, ынтымақтастық, өмір бойы білім алуға ұмтылу, еңбек және шығармашылық сынды құндылықтарды негізге алдық.
– Сонда 2026 жылғы оқу жылынан бастап мектепке келген педагог пен оқушы нендей жаңашылдықтарды көреді?
– Бұл бағдарлама жаңартылған емес, жетілдірілген деуге де болады. Мектепке келген ұстаз да, бала да баяғыдан бері өзі үйренген тақырыптарды көреді. Бірақ оқу мақсаттары бұрынғыша қалғанымен, арасына жаңа тетіктер енгізіледі. Сын тұрғысынан ойландыратын тақырыптар мен сұрақтар көбірек болады. Осы сынды элементтер қосылған. Сондықтан педагогтарға тосырқайтын ешнәрсе де жоқ. Бір жағынан, оқу бағдарламасы мен оқулықтардың жаңарып отыруы да заңды. Мысалы, халық саны, елорданың атауы, мемлекеттің әкімшілік бөлінісі өзгеріске ұшырады. Статистикаға, ономастикаға өте сезімтал пәндер болады. Әрі оқулықтағы кейбір тақырыптар, мәтіндер қатты сынға ұшырап жатады. Соның бәрін реттеттірдік.
– Жетілдірілген бағдарламаны алдағы уақытта көре жатармыз. Ал 2016 жылы қабылданған қазіргі бағдарлама қоғам сынынан өтті, тиімділігін дәлелдеді деп айтуға бола ма? Жасырын емес, бұл тақырыпқа қатысты сын мақтау сөздерге қарағанда әлдеқайда көп...
– 2012 жылы президент Назарбаев зияткерлік мектептерінің жүйесін елдегі орта білім беру жүйесіне енгізу туралы тапсырма берді. 2015 жылға дейін дайындық жұмыстары жүргізілді. Бағдарлама жасалып, оқулықтар әзірленді. Пилот өтті. Жаңа жүйені 2016 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгіздік. 2022 жылы аталған процесс толық аяқталады. Әрине, кейбір тұстарда қиындықтар да кездескені жасырын емес. Педагогтардың бұған қатысты айтқан ұсыныстары мен пікірлерін сараптай отырып, 2022 жылы жетілдіру бойынша қадамдар қабылданды.
Жалпы, бұрынғы бағдарламамен оқып жүргенде халықаралық зерттеулер қазақстандық оқушыларға жүктеме көп дегенді жиі айтатын. Сол себептен пәндерді біріктіру жағын қарастырдық та, еңбекке баулу мен көркем өнер пәнін көркем еңбек деген бір сабаққа біріктірдік. Бірақ ол көпшілікке ұнамаса керек, қайтадан екіге бөлдік. 2026 жылдан бастап жеке-жеке оқытылады. Бастауыштағы дүниетану пәнін жаратылыстанумен біріктіріңдер деген де айтылады. Алайда философиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, жаратылыс деген табиғат, ал дүние ол адамзаттың жасағаны. Сондықтан бұл пәндер бөлек қалады. Осы сияқты реттелген де, қабылданған күйі қалған да нәрселер бар.
– 2016 жылғы білім беру мазмұнының әкелген «тың» жаңалықтардың бірі – 10 балдық бағалау жүйесі. Бұрыннан қалыптасып қалған «оқыса – 5, оқымаса – 2» деген логиканы жөн санағандар да болды. Осы өзгерістің жай-жапсарын тарқатып берсеңіз.
– Бағалау жүйесінің өзгеруінің басты себебі – 5, 4, 3, 2 деген бағалар 1948 жылы қалыптасқан, кеңестік бағалау шкаласы. Оның үстіне, ата-ана мен бала үшін баға маңызды болып жатады, ал мұғалімдер бағаны қалай қойғанын түсіндіре алмай қалатын жағдайлар кездеседі. Осы тұрғыда бағалауды барынша әділетті әрі балаға пайдалы ету мақсатында өзгеріс енгізілді. Жаңа бағалау критериалды жүйеде. Мысалы, бұрын ата-аналар тарапынан бала 4 пен 5 алса, жақсы, 2 алса жазаланады деген сияқты түсініктер болған. Мұның бәрі балаға кері мотивация береді. Бірақ педагогика гуманистік функцияны атқаратынын ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан жаңа формативті бағалау балаға кеңес беру тұрғысынан жүргізілетін бағалау деп түсінген дұрыс. Яғни педагог балаға тапсырма бермес бұрын, оны қандай критерийлер бойынша бағалайтынын жеткізеді. Көз алдыңда критерий тұрса, оқушы да соған лайық өз жұмысын жетілдіруге тырысады. Және ата-ана да баласы төмен немесе орташа бағаланғанда, критерийлерді көріп тұрса ренжімейтін болады. Демек, мұғалімнің объективті бағалау деңгейі артады, ал ата-аналар мен балалардың реніші азаяды.
Бұл өзгерісті де кеңестік бағалау жүйесіне үйреніп қалған қауымдастық қиын қабылдады. Расында, бұрын-соңды қазақ білім беру жүйесінде ондай нәрсе болмаған. 70 жыл кеңес кезінде, 30 жыл тәуелсіздік жылдарында біз бір ғана жүйемен бағаладық. Критерий мен дискриптор құру біздің педагогикалық мәдениетімізде мүлде кездеспеді. Енді-енді қалыптасып келе жатыр, ол жаңа стандарттарда да өзгеріссіз қалады.
– Бағалау тақырыбынан соң білім сапасының көрсеткіші туралы да айтып өткеніміз дұрыс шығар. Оқушылар үлгеріміне қарай үздік, екпінді, тағысын тағы болып бөлінеді. Олардың үлесіне қарап сыныптың, мектептің, тіпті өңірлердің білім сапасы анықталады. Осы орайда «бізде бәрі» жақсы деген иллюзия үшін немесе өзге өңірлерден қалмау мақсатында үшті төртке, төртті беске «сүйреп», қолдан сапа жасайтын үрдіс кең етек алған...
– Стандартта көзделген нәтиже деген ұғым бар. Ол бойынша бала бір пәннен қандай тақырыптарды біледі, қандай формулаларды қолдана алады, талдау жасай ала ма, қоршаған ортаға баға беруді біле ме деген секілді, оқушы жасай алатын және жасай алмайтын нәрселер белгіленеді. Одан соң сыныптар пән бойынша және жалпы құзыреттілік бойынша соған жетті ме, жоқ па, қаралады. Әр мектеп пен пән өзінің көзделген нәтижесіне жетуі қажет. Осы көрсеткіштердің жиынтығы білім беру сапасына алып келеді. Мектептегі оқушылардың басым бөлігі тиісті көрсеткішке жетсе, сапа жақсы деген қорытындыға келуге болады.
Алайда біздің менеджментте бағаны рейтинг үшін немесе жазалау үшін қолданып жатады. Ал менеджмент мәдениеті қалыптасқан елдерге қарасақ, бізге бағалаумен қоса, бақылау функциясын да қайта қарау қажет. Меніңше, ол да бейтарап, әділетті болғаны дұрыс.
Жалпы, сапа деген – кез келген өнімнің тұтынушының көңілінен шығу қабілеттілігі. Білімнің тұтынушысы – отбасылар, қоғам, еңбек нарығы, экономика, мемлекет. Солардың бәрінің мүдделерін, көзқарасын ескеріп, жасақталған бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Осы тұста ескеретін бір жайт бар. Академиялық білім, жаһандық құзыреттіліктер, құндылықтардың әрбірін өлшейтін өз инструменті болады. Бір ғана PISA-дан нашар болсақ қалғанының бәрін жоққа шығарамыз. Ол қаншалықты дұрыс? Мысалы, Дүниежүзілік банктің қорытындысы бойынша, қазақстандық оқушылар кәріс, жапон оқушыларымен қоса алғанда, ең тәртіпті оқушылар қатарында. Олар педагогтың педагогикалық тәжірибелеріне кедергі жасамайды. Тура сол секілді мысалдар баршылық. Бұдан шығатын қорытынды, сапаны бәрін біріктіретін композиттік индекспен өлшеу керек. Ал бір ғана индикатор нашар көрсеткіш көрсетсе, барлық индиктор нашар деген көзқарастан аулақ болған дұрыс.
– Оқулықтар мәселесіне қатысты не айтасыз?
– Алтынсарин академиясы оқулықтарға қатысты мәселелерге тікелей араласа алмайды. Иә, пән оқулықтары біздің бағдарлама бойынша жазылады, оны Республикалық ғылыми-практикалық білім беру мазмұнын сараптау орталығы қадағалайды. Мүдделі тарап болғандықтан, біз де оқулықтардың сапалы болғанын қалаймыз. Олардың бәрі нашар деуге де келмейді. Алдымен білім беру бағдарламасының философиясын түсінуге тырысып көру керек. Қоғам сұранысындағы ең актуалды нәрселердің бәрін білім беру процесіне қосып отырмыз. Қаржылық сауаттылықты математика арқылы үйрете аламыз, медиа сауаттылықты қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі, тарих, информатика арқылы береміз. Осылайша, қажетті дүниелерді әр пәнге шашыратып отырмыз. Бірақ оның бәрін жинастыратын бір пән болуы тиіс. Ол – жаһандық құзыреттіліктер.
Педагогикада екі жол бар. Бірі – аналитикалық, яғни таратып тастаймыз немесе синтетикалық қайтадан жинастырамыз. Осы тұрғыда ең тиімді тәсілдерді алғанымызбен де балаға түсетін жүктемені азайта алмай отырмыз. Әр проблемаға арнап бір пән, әр жазушы мен тұлғаға, ойшылға бір пәннен арнаңдар дейді. Әсіресе мәжілісте сондай ұсыныстар көп айтылады. Бірақ біз ондайға жол бермейміз. Тек аргументтелген, дәлелденген нәрселерді ғана қалай енгізсек болады деп ойланамыз. Ретін тауып кірістіреміз. Ал қоғамда шешілмеген мәселенің бәрін мектеп шешеді, оның бәріне мектеп кінәлі деген – жаңсақ ой.
– Жақында ғана бірнеше пәндерді біріктіріп оқыту туралы өзгерістер қабылданғаны айтылды. Педагогтар мен ата-аналар наразылықтарын білдіріп жатыр. Расында, алгебра мен геометрияны, дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін, биология, химия, физиканы бір пәнге біріктіру қаншалықты орынды?
– 2026 жылы жаңартылатын білім беру стандарттарының қатарында мұндай өзгеріс бар. Мақсат – оқушылардың бойындағы оқырмандық сауаттылықты дарыту. Бірақ түсінбей дау шығарып жатқан педагогтардың немесе сол қарсы шығып жатқан оппоненттердің өзінде оқырмандық сауаттылық деңгейі аса жақсы емес сияқты. Себебі бұл мектептердің таңдауы бойынша ғана жүзеге асатыны, жалпыға міндетті емес екені стандартта анық жазылған.
Қазірдің өзінде аталған пәндерді біріктіріп оқытып жүрген мектептер бар. Солардың практикасына заңды негіз жасау үшін біріктіру құқығын беріп отырмыз. Олар біріктірілген пәндердің бағдарламасын өздері жасайды, өздері сараптамаға береді. Оқулықтар қажет болса онымен де өздері қамтиды.
Болашақта балаға жүктемені азайтамын дегендер, осы пәндерді қоса алады. Мысалы, үш пән бөлек алты сағатты құраса, біріккенде бес сағат болады. Әрі бұл пәндер өзара байланысты және проблемаларды шешуде бірге қолданылады. Мәселен, су тапшылығы деген проблеманы алсақ, ол физиканы да, биологияны да, химияны да қамтиды. Жалпы, әлем солай оқытады. Олар бірнеше пәнді бірге оқығаннан қиналып жатыр деп айта аламыз ба? Нобельді алып жатқан да солар. Шындап келгенде, осы өзгеріске қарсы шығып жатқандардың өздері сол әлем елдерінің өнімін сатып алып, тұтынып жатыр. Ешқандай трагедиясы жоқ, бұрыннан қолданыста келе жатқан сәтті, тиімді әлемдік практика. Әрі жалпы үшін емес, өздері қалаған мектептер үшін ғана.
Бір жағынан, бірге оқытқан дұрыс, бөлек оқытқан дұрыс деп кесіп айта алмаймыз. Себебі дүниежүзіндегі ғалымдардың өзі аналитикалық әдіс дұрыс па, синтетикалық әдіс дұрыс па деген сауалға қатысты нақты бір тоқтамға келмеген. Алайда көрші Қытайды қарасақ, математиканы қосып оқытады. Ал өзге елдерде біздегі бірнеше сабақ тек «ғылым» деп қана аталады. Олардың ғылымға қосқан үлесін, технологиядағы жетістігін қарасақ, бұл тәсіл де өз тиімділігін дәлелдеп жатыр деуге болады. Сондықтан екі нұсқаға да рұқсат беріп отырмыз.
Сұхбаттасқан
Балауса Ділдәбек