Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:48, 09 Қаңтар 2026

«Бізде элиталы пәтер де, қымбат көлік те жоқ» – Толқын Тотақанованың соңғы сөзі

Дәулет пен Толқын Тотақановтар
Фото: ашық дереккөз

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында баланы емдеуге арналған қаражатты алаяқтық жолмен жинау және жымқыру ісі бойынша сот процесі аяқталуға жақын.

Айыпталушылар –  Дәулет пен Толқын Тотақановтар. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар 2020-2024 жылдар аралығында ұлдарының еміне деп қайырымдылық қаражат жинаған, алайда жиналған ақшаның қомақты бөлігін – 1,3 млрд теңгені жеке мақсаттарына жұмсаған.

Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша айып тағылды:

  • 190-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы – аса ірі көлемдегі алаяқтық;

  • 218-баптың 2-бөлігінің 1-тармағы – алдын ала сөз байласқан адамдар тобының қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыруы (жылыстатуы).

Сот отырысында айыпталушы Толқын Тотақановаға соңғы сөз берілді.

Өз сөзінде ол отбасы шынымен де ауыр дертке шалдыққан ұлын емдеу үшін қаражат жинағанын және оны Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан мен Ресейге апарып емдеткенін айтты. Оның айтуынша, бұл мақсатқа ерлі-зайыптылар 160 млн теңге жұмсаған, әрі бұл дерек сот тергеуі барысында дәлелденген.

"Осы кезеңде мен өсімқорлардың құрбаны болдым. Бастапқыда ақшаны тек баламды емдеу үшін қарызға алдым. Алайда уақыт өте келе олар ақша бопсалап, өлтіреміз, жаза қолданамыз деп қорқыта бастады. Бес жыл ішінде олар бізден 700 млн теңгеден астам қаржыны тартып алды. Мұны аудиторлар растады. Жәбірленуші ретінде танылғандардың өздері де өсімқорлар. Мен оларға 40 млн теңгеден астам ақша төледім, бұл да аудит арқылы дәлелденді, - деді Тотақанова.

Сондай-ақ ол соттан өзін және күйеуін жәбірленушілер қатарынан алып тастауды сұрады.

"Құрметті сот, менің әрекеттерімде қасақана ниет болған жоқ. Біз байып кетуді мақсат еткен жоқпыз. Бізде элиталық пәтерлер де, қымбат көліктер де жоқ. Бізде миллиардтар жоқ. Тергеу де, сот та біздің миллиардтарымыз жоқ екенін дәлелдеді. Прокурордың өзі бізде тек екі бөлмелі пәтер бар екенін, оның өзі банкте кепілде тұрғанын айтты. Бұл отбасының жалғыз баспанасы. Құрметті сот, мен бұл істің өте ауыр құнын төледім: денсаулығыммен, баламның денсаулығымен, беделіммен, отбасыммен. Біз алты жыл бойы өте ауыр жолдан өтіп келеміз. Алты жылдан бері ұлымыздың денсаулығы үшін күресіп келеміз, - деді ол.

Еске салайық, 2025 жылдың шілде айында ерлі-зайыптылардың 1,3 млрд теңгені жымқырды деген күдікке ілінгені белгілі болған еді.