Бізде тері де бар, жүн де бар, бірақ жіпті Италиядан аламыз

Қазақстан Ұлттық экспорттаушыларды қолдаудың арнайы стратегиясын жасақтағалы біраз болды. Елде бұған қатысты арнайы бағдарлама бар. Бағдарламаның операторы сауда және интеграция министрлігі.
Биылғы жылы бұл бағдарламаға қатысу үшін машина жасау, химия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп және тамақ өнеркәсібі сияқты салалардан және басқа да 120 кәсіпорын іріктелетін болады. Бұл бағдарламаның негізгі міндеті: экспорттаушыларды қолдаудың институционалдық негіздерін күшейту. Экспорттаушылар үшін қаржылай және қаржылай емес қолдау шараларын көрсету. Экспорттың дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою. Ал мақсаты: шикізаттық емес экспорт көлемін 1,5 есе ұлғайту үшін жағдай жасау, сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу және экспорттау нарықтарын әртараптандыру. Жоба негізінен шағын және орта бизнестің шикізаттық емес бағыттағы кәсіпорындарына бағытталған.
«Атамекен» ұлттық палатасының бізге берген дерегінше, елде экспорттаушыларды қолдаудың 10 түрлі құралы бар. Экспорт саласында жүрген кәсіпкерлерге мемлекеттік сақтандыру шараларын қолдану ұсынылады. Мұндайда егер сыртқы нарыққа шығарған тауарын немесе өнімін өткізе алмағандай жағдай туындаса барлық шығындарды сақтандыру компаниялары төлейді. Бұл іспетті тәуекелдер көбінесе шетелдің заңнамасындағы өзгертулерге байланысты болады. Бізге жалпы осы ұлттық экспорттаушыларды қолдау үшін болашақта не істеу керек?! Мемлекеттік сақтандыру қызметін пайдаланған кәсіпкерлер неден ұтады?! Осы және басқа да сұрақтар жөнінде Стратегия және бизнесті дамыту орталығының маманы Алмас Сәлменовпен пікірлесіп көрдік.
– Алмас мырза, қазір біз ұлттық экспорттаушыларды қолдаудың түрлі шараларын ұстанып отырғандай көрінеміз. Бұл салада мемлекеттік сақтандыру деген бар. Осы мемлекеттік сақтандыру шеңберіне не кіреді? Оны пайдаланған адам неден ұтады?!
– Сақтандыру шеңберінде жарнамалық өнім, шетелдік көрмелер, жәрмеңкелер, фестивальдарға қатысу, өнімдердің каталогтарын әзірлеу, тарату шығындары өтеледі. Бұған қоса, шетелге барған өкілдік, сауда нүктесі немесе қоймаға орналасу, тауар белгісі мен өнім сертификатын тіркеу бойынша да бірқатар процедуралар сақтандыру есебінен өтеледі және экспорттаушыға шетелдік фирма-сатып алушы туралы ақпарат алуда көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, фирманың сатып алуға қабілеттілігі, сот алдындағы борышы бар ма, жосықсыз салық төлеушілер тізімінде бар-жоғы жайында мәлімет беріледі. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік сақтандыру қызметін пайдаланып, 200-ден астам экспорттаушы жұмыс істейді. Олардың арасында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілермен қатар ірі компаниялар да бар. Тауар айналым құрылымында 77 пайызға тең сүбелі үлесті экспорт жеткізілімдері алып отыр. Негізгі сауда әріптестері – Ресей мен Қытай. Болжам бойынша темір кен өнімі, мұнай-газ, бидай, рапс және күнбағыс дәні бойынша экспорт көлемі артады деп күтілуде. Сондықтан экспортты сақтандыруға енжар қарамау керек. Сақтандыру компаниясымен жұмыс істеу қай кезде де сенімді дер едім.
– Қазір Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы айтыла бастады. Бұған дейін Қазақстанның экспорттық операциясы KazakhExport компаниясы арқылы сақтандырылып келді. Ал енді Еуразиялық сақтандыру бізге не береді?!
– Аталмыш компания құрылса, Еуразиялық экономикалық одақ ішіндегі сауда айналымы 6 млрд долларға өседі деген болжам бар. Бұл компания қайта сақтандыруды, тәуекелдерді зерттейді, оны азайтуға күш салады деген болжамдар да бар. Нәтижесінде бірлескен бизнес-жобалардың халықаралық нарыққа шығуына жол ашылмақ. Бір сөзбен айтқанда, компания экспорттық әлеуетімізді ұршықша иіреді деген де пікірлер бар. Негізінде біз бұған дейін де 2007, 2014 жылдары экспорттық деңгейімізді көтереміз деген мақсатпен бірнеше бағдарламалар ойлап таптық. «Экспорттық әлеуетімізді, экономикалық ахуалымызды дамытамыз» деп Еуразиялық экономикалық одаққа, ДСҰ-ға да кірдік. Былтыр Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы заңды сенат мақұлдады. Рас, бұған дейін Қазақстанның экспорттық операциясы KazakhExport компаниясы арқылы сақтандырылып келді. Алайда бұл компания өз тәуекелдерін Англия, Швейцария сияқты елдердегі халықаралық компанияларда қайта сақтандырып отыр. Ал енді бұл шетелдік компаниялар Ресей мен Украина арасындағы жағдайдан кейін Ресейге тасымалданатын тауарларды сақтандырудан бас тарта бастаған. Міне, сондықтан тәуекелді қайта сақтандыру үшін Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы құрылып жатыр.
– Еуразиялық сақтандыру компаниясының жарғылық капиталы да бекітіліп қойды. Бұл компания жұмысын бастаса, біздің ұлттық экспорттаушыларға не береді?!
– Компанияның жарғылық капиталында Қазақстанның жарнасы – 20 пайыз. Бұл, шамамен, 25 млрд теңге. Беларусь – 30, Армения – 3, Қырғыз Республикасы – 2, ал Ресей 45 пайыз. Аталған мемлекеттер бұл ақшаны жарна ретінде бір рет салады, ол айналымға түседі. Ұлттық экспорттаушылардың мұнан ұтатыны – егер кәсіпкерлердің экспортқа шығарған тауарлары жоғалып кеткен жағдай болса, аталмыш компания оның құнын төлеп береді. Экспорттаушы несие алып, оны төлей алмаған жағдайда да осы сақтандыру компаниясының қызметіне жүгініп, несиені тиімді төлеудің жолдарын қарастыруға болады. Компания қайта сақтандыру саласында маркетингтік зерттеулерді, консультациялық және ағартушылық қызметті жүргізеді.Зерттеп көрсек,бұл сақтандыру қорының ЕАЭО елдеріне берері бар. Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда айналымын ұлғайту, сондай-ақ олардың бірлесіп өндірілген өнімдерін үшінші елдерге өткізу үшін тиімді. Сондықтан мұндай жаңашыл қадамдар бізге керек деп ойлаймын. Бұл біздің экспорттық әлеуетімізді кеңейте ме деген үміт бар. Біздің экспортымыздың 90 пайызы шикізатты құрайды. Енді осындай сақтандыру компанияларының қызметіне жүгіну арқылы елдегі кәсіпкерлер өңделген өнімдерді де экспортқа шығара бастауы тиіс. Осыны үйрену керек. Тек шикі мұнайды, астықты, бидайды, уранды экспорттай бергеннен гөрі, қазіргі уақытта өңделген өнімдерді экспортқа шығару өте ұтымды. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында ірі-ірі кооперативтер бірігіп тері-жүн өңдейтін кластерлер құрса, сол өңделген терілерді шетелге шығара алсақ ұтар едік. Өкінішке қарай, біздегі тері-жүндер тау-тау болып өртеліп жатады. Қазір әлем бойынша жеңіл өнеркәсіпке қатысты жібек жіп жетіспейді. Біздің киім тігушілер ол жіпті Италиядан тасиды. Ал бізде тері де бар, жүн де бар. Соны соңғы өнімге дейін өңдейтін болса, жібек жіпті де сырттан тасымауға болатын еді. Ет-сүт экспортын жолға қоя алғанымызда Қазақстанның агроөнімдерінің Еуропаны таңғалдыратын әлеуеті бар. Қымызымыз бен шұбатымызды экспорттау жөнінде де осы уақытқа дейін айтып келдік. Алайда бизнесмендер көптеген кедергілерге тап келеді. Өнімді өткізудің тәуекелдігі көп. Сүт және сүт өнімдеріне арнайы техникалық регламенттер болғандықтан, оларды сыртқа тасымалдаудың өзіндік машақаты бар. Сондықтан осының барлығын жиып келгенде бізге Еуразиялық сақтандыру компаниясы құрылғаны тиімді. Нарықта ұлттық экспорттаушылардың құқын қорғау үшін мұндай компаниялар жұмыс істеуі керек...
Әнуар ҚАЙЫРБЕК