Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:47

Бізге келген әкімдер хайп пен пиардан аса алмай жатыр

Айгүл Орынбек
Фото: Ашық дереккөз

Шымкентте «жемқорлық жоқ» деу – халық алдындағы шынайы жұмыс емес, президенттің алдында «ұпай жинау» ғана.

 Әкімдікте қарапайым инспектор немесе бөлім қызметкері болып тәжірибе жинамаған адамды бірден әкім не әкімнің орынбасары қылып тағайындау – үлкен қателік. Әкім болуға ниетті адам ең алдымен әкімдік мектебінен өтіп, жергілікті басқару тетіктерін толық меңгеруі қажет.

Алайда бізде ішкі саясат бағыты көбіне нақты проблемаларды шешуге емес, қыруар қаражатты пиарға жұмсап, әкімді мақтап-мадақтауға ғана бағытталып жатады. Қазір бұрынғыдай ашық «қолма-қол жемеуі» мүмкін, бірақ басқа қулыққа көшті. Олар бюджет қаржысын тікелей емес, соғылған үй, жер немесе түрлі жобалар арқылы жеке тұлғалардың атына аударып, заңды ақша айналымы түрінде «жеп отыр». Бұл тәсіл сырт көзге көрінбейді, сондықтан қоғамға тіпті қауіпті.

Денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы мен сапасыз қызмет, сондай-ақ Шымкенттің жол, электр және кәріз жүйесіндегі түйткілдер жылдар бойы шешілмей келеді. Бұған басты себептің бірі – әкімдердің жергілікті тәжірибесі бар қарапайым мамандарды өсірмей, сырттан өз командасын ертіп келуі. Соның салдарынан қордаланған мәселелер сол күйі қалып қояды. Әкімнің қаладағы нақты проблемалардан бейхабар болуы – өте алаңдатарлық жайт. Кейде көтерілген мәселелерге амалсыздан ғана назар аударылады. Өз басым бірнеше рет тікелей ескерткенімде, айтқан сөзіме құлақ асып, мән берген жоқ. Бұл жағдай биліктің жүйелік кемшілігін де, әкімнің нақты жұмыстағы әлсіздігін де айқын көрсетеді.

Бүгінгі таңда бізге тағайындалып жатқан кейбір әкімдерге нақты басқару тәжірибесі жетіспейді. Жоғары лауазымды кабинеттерде немесе елшіліктерде сыртқы істермен айналысып келген адам жергілікті жердің күнделікті мәселелерін шешу тетіктерін білмейді! Жергілікті басқаруды білмейтін адамды әкім ету науқасқа етікшіге ота жасатқанмен бірдей. Басқару жүйесінде ең алдымен халықпен тікелей жұмыс істеу тәжірибесі, жергілікті проблемаларды жан-жақты түсіну және шешім қабылдай білу қабілеті болуы шарт. Ал бізге келген әкімдер хайп пен пиар қуудан ары аса алмай жатыр. Қасына жағымпаздар мен алаяқтарды жинап алады. Солардың күнделікті ода-мадақтарын тыңдай берген соң, халықтың проблемасын естімей қалады.

Айгүл Орынбек, заңгер,

қоғам белсендісі