Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:56, 02 Шілде 2024

Бізге ізгі қоғам керек

Түркістан

Тең қоғам құру – кез келген мемлекеттің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар жандардың құқығы қорғалып, мүмкіндік жасау үшін мемлекет тарапынан берілетін қолдау мен көмектің ықпалы зор. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты қоғамдық сананың түбегейлі жаңаруына ықпал ететін, қалыптасқан стереотиптерді және кемсітулерді толық жоятын шараларды қабылдап, орындау керектігі туралы мәселелер әлі күнге дейін өзектілігін жойған емес.

Американдық әлеуметтанушы Дэвид Митчелл айтпақшы, «Қоғамның ізгілігі оның мүгедектер мен балаларға жасаған қарым-қатынасы арқылы анықталатыны» анық. Осы орайда, әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдары өлшеусіз еңбек етіп жатқанын атап өткеніміз жөн. Мысалы, Түркістан облысының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанынан ашылған «Тең қоғам» және «Ардагерлер орталығы» орталықтары қарттар мен мүгедек азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында әртүрлі шараларды жүзеге асыруда.

«Тең қоғам» орталығы жартылай стационарлық жағдайдағы психоневрологиялық ауытқулары бар, тірек қимыл аппараты бұзылған мүгедектер мен 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға тәуліктің күндізгі 4 сағат уақытында екі ауысым бойынша қызмет көрсетеді. Халықтың әлеуметтік әлсіз тобына тиісті көмек көрсету – қоғам міндеті. Осы орайда орталық әлеуметтік, психологиялық, құқықтық және жұмысқа орналастыру бойынша төрт бағытта жұмыс істейді.

Аталмыш орталық 18 жастан асқан мүгедектерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жеке оңалту бағдарламасына сәйкес есту аппараттары, қоларба, жөргектер мен төсеніштер және тағы басқа 55 техникалық оңалту құралдарын алуға, таңдауға көмек көрсетіп, жұмысқа орналасуына, құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдеседі және құқықтық, психологиялық көмектер көрсетіп жүр. Бұдан бөлек, аудандық орталық ауруханамен бірлесе отырып, орталық қызметіне жүгінген азаматтарға түрлі медициналық көмек көрсетіп жүр. «Тең қоғам» орталығының маманы Жансұлу Тұрғанбай орталық жұмысымен таныстырып өтті.

«Мүгедектігі бар тұлғаларға қай сала болмасын жан-жақты қолдау көрсету және оларды қоғамға интеграциялау мақсатында Алматы қаласында 2022 жылдан бастап «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы жұмыс істейді. Орталық мүгедектігі бар тұлғаларға жұмысқа орналасу және олардың әлеуетін іске асыру үшін біліктілік алуға, білім мен дағдылар алуға қажетті көмек көрсетеді. Сондай-ақ мүгедектігі бар тұлғаларға ақпараттық, консультациялық, құқықтық, психологиялық қолдау көрсету және оқытуды қамтамасыз етеді.

Мүгедектерді қоғамға тиімді бейімдеу мақсатында күнделікті өмірде және әлеуметтік өмірде дағдыландыру орталықтың басты мақсаты. Мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру кез келген дамыған қоғамның бірінші кезектегі міндеті. Сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік саясатының өзекті бағыты болып табылады. Қолжетімді орта – бұл қозғалысы шектеулі адамдарды оңалту мүмкіндігі үшін шаралар кешені.

Мүгедектігі бар адамдарға өз құқықтарын іске асыру бойынша басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер беру мақсатында Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Әдетте, бұл паспорттау және бейімдеу кезеңнен тұрады», – дейді.

Маман атап өткендей, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбекпен қамтып, олардың игі бастамаларына қолдау білдіру және денсаулық, жан саулығына көңіл бөлу үшін орталықтардың алатын орны ерекше.

Ал Ардагерлер орталығында егде жастағы зейнеткерлер мен аға буынның өмір салтын жақсартып, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға, денсаулығын нығайту мақсатында белсенді, мәдени, шығармашылық, спорттық шаралар ұйымдастырылады. Орталыққа келуші Құсайын Сапаров әлеуметтік қызметкерлер, әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар мен неврологтың, медбикенің бақылауында болатынын атап өтті. Жоспарға сәйкес күнделікті массажбен ем қабылдайды екен.

«Орталықтың ашылғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Орталықта көңіліңді сергітіп, бильярд, теннис столы, түрлі жаттығу құралдары, кітап оқу алаңы, шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы ойындарымен шұғылдануға мүмкіндік бар. Жан саулығына бірден-бір ем болатын тұзды шахта да іске қосылған. Өзіңмен қатарлас жандармен бірге әңгіме-дүкен құрып, мерекелік кештер көру үшін таптырмас мекен. Денсаулығымызбен қатар, жанымыздың саулығы үшін де таптырмас орын», – дейді қария.

Сәруар Бақберген

Түркістан облысы