Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:45

БЖЗҚ жинақтары зейнеткерді неге қорғай алмай отыр?

Зейнет
Фото: ашық дереккөз

Бүгінде Қазақстанда 2,5 миллионнан астам салымшыны мазалайтын ортақ сауал бар: неге зейнетақы жинақтары қағаз жүзінде өсіп тұрғанымен, нақты өмірде құнын жоғалтып жатыр? Экономика сарапшысы Айдар Алибаев бұл мәселенің түп-төркінін ресми статистика мен БЖЗҚ қызметінің нәтижелері арқылы талдап көрді.

2025 жылғы деректерге сүйенсек, елдегі жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 143 теңгені құраған. Оның 95 549 теңгесі – ынтымақты зейнетақы, ал 47 594 теңгесі – базалық төлем. Сарапшының айтуынша, мұндай сома қарт адамның ең қарапайым қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз. Азық-түлік бағасы, коммуналдық төлемдер мен дәрі-дәрмек шығындары жыл сайын өсіп келеді және көп жағдайда зейнетақы мөлшерінен асып түседі.

Айдар Алибаевтың сөзінше, көптеген зейнеткердің нақты табысы бұл орташа көрсеткіштен де төмен. Мемлекет жүргізіп отырған индексация да жағдайды айтарлықтай жақсарта алмай отыр. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер 10 пайызға артқанымен, сол жылы ресми инфляция 12,3 пайызды құрады. Яғни, зейнетақының өсуі бағаның қымбаттауын толық жаба алған жоқ.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілгенде, ол азаматтарға «алтын қарттық» сыйлайды деген үміт болған. Алайда жүйенің 29 жылдық нәтижесі бұл уәденің орындалмағанын көрсетіп отыр. 2026 жылғы қаңтардағы мәлімет бойынша, БЖЗҚ-дағы жалпы жинақ көлемі 25,21 триллион теңгеге жеткенімен, бір салымшының орташа шотындағы қаражат бар болғаны 2,23 миллион теңге шамасында. Бұл шамамен 4 400 АҚШ долларына тең.

Сарапшының пікірінше, мұндай сома зейнеткердің бірнеше жыл емес, тіпті ондаған жыл өмір сүруіне жетеді деу – шындықтан алыс. Оның басты себебі – жинақтардың нақты табыс әкелмеуі.

Мәселенің өзегі инвестициялық саясатта жатыр. 2013 жылы зейнетақы қорлары біріктірілгеннен кейін, жинақтарды басқару Қазақстан Ұлттық банкіне жүктелді. Алайда 2025 жылдың қорытындылары бұл басқарудың тиімді еместігін көрсетті. Инфляция деңгейін ескергенде, зейнетақы активтерінің табыстылығы теріс көрсеткішке шыққан. Яғни, салымшылардың ақшасы номиналды түрде көбейгенімен, нақты сатып алу қабілеті төмендеп кеткен.

Айдар Алибаевтың айтуынша, дәл осы факторлар Қазақстандағы көптеген зейнеткердің кедейлік шегінде өмір сүруіне әкеліп отыр. Егер БЖЗҚ активтерін басқару тәсілі өзгермесе және инфляцияны ауыздықтау жолдары табылмаса, зейнетақы жүйесіне деген сенім одан әрі әлсірей түсуі мүмкін.

Тегтер: