Cancel culture: Шерзат оқиғасы қоғамды қалай өзгертіп жатыр?
Талғардағы Қаржаубай Нұрымовтың отбасында болып жатқан қайғылы оқиғаны бүкіл ел бақылап отыр. Қоғамда Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлімінен соң әділдік сұрап, ашық сотты сұрау талабы тоқтар емес.
Шерзат оқиғасында үнсіз қалған танымал адамдар мен блогерлерді жазалау челленджі басталып кетті. Ал еліміздің әр аймағында бұл оқиғаға қатысты жастар «Шерзат үшін» деген плакат ұстап, пикет өткізіп жатыр. Олардың кейбірін полиция ұстап әкетті. Тіпті шетелдегі кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов те Шерзат оқиғасына бейжай қарай алмайтынын айтты.
Әлеуметтік желі пікір алаңына айналғалы қашан?! Ал бір топ жігіттің қолынан қатыгездікпен қаза тапқан Шерзат, қаралы үйдің өртенуі, әкесінің бауырының өлімі, әпкесінің елден қуылуы, тұтас әулеттің жауапқа тартылуы... Және ашық тергеудің, ақпараттың жоқтығы қоғамдағы қысымды арттыра түсті. Тіпті бұл тақырыпта үнсіз қалғандардың өзін жазғыратын жағдайға жетті. Әлеуметтік желілерде аталған оқиға туралы ештеңе айтпаған, жазбаған танымал адамдарға қатысты қоғам «cancel culture» ұйымдастырды.
Әншілерді дүрліктірген «отписка»
АҚШ пен Еуропадан шыққан әлеуметтік-саяси термин «cancel culture» адам немесе белгілі бір әлеуметтік топ немесе кәсіби қауымдастықтардың әлеуметтік желілерде де, шынайы әлемде де қолдаудан айырылып, айыпталуын білдіреді. Dictionary.com онлайн сөздігі бұл терминге «қоғам қайраткерлері мен компанияларға жасалған қолдаудан бас тарту («жою») деген анықтама береді. Бұл «шеру» TikTok әлеуметтік желісінен бастау алды. «Халықтың басына күн туып, адам өмірі бір ішімдікпен есептеліп жатқанда үнсіз қалып, «гив» ойнатып, курстарын сатып, өз қара бастарына келгенде «халқым» дейтін блогерлер мен әртістердің бізге қажеті жоқ» деген қолданушының сөзін басқалар жылдам іліп әкетті. Аталған қозғалыс Instagram-ға жетіп, жаппай жазушыларынан айырыла бастаған блогерлер енді ғана 20 жылдық ұйқыдан оянған Рип ван Винкльдей бірінен соң бірі Шерзатты жоқтай бастады.
«Бәсе, біраз блогерлер «За Шерзата» деп шықты. Кейбірі өтірік жылап жатыр. Сендер екен ғой, челлендж бастаған. Дұрыс жасапсыздар» деген пікірлерді көптеп кездестіруге болады. «Иә, осыны жақсылап қолға алайық, қазақ халқы. Олар халықтың арқасында байып, шалқып, білгендерін істеп, курстарын ашып, алдап жүр»; «Олар бізге Қытайдың арзан тауарларын сатып, өздерінің түкке тұрғысыз курстарын өткізіп, біз арқылы ғана ақша тауып жүр»; «Бұлай блогер болмай-ақ қойыңдар! Тілдеріңді жұтып, отыра беріңдер!»; «Түркияда жер сілкінісі кезінде «support for Turkey» деп, Израиль-Палестина соғысында «save Palestine» деп, қайырымдылық жинап, тонналап азық-түлік жинаған блогерлер, көмек енді марқұм Шерзаттың отбасына керек! Әкесінің үстінен қылмыстық іс қозғады, әпкесін елден қуып жібермек. Қазір «support» пен «save» Талғардағы қазақ отбасына керек» деген жазбалар легі көп. Тағы бірі: «Өздеріне келгенде халқым, жандарым, алтындарым деп шығады. Ал енді елімізге күн туып, айрандай ұйып отырған отбасы шетінен қырылып жатқанда тым болмаса үндеу жасауға шамалары келмеген блогерсымақтар» дейді.
Желіде Ақерке атты блогер «менен отписка жасасаңдар атамнан әрі» деп айқан сөзі үшін басы дауға қалды. Оқырмандар оның 1,3 млн оқырманы бар instagram-парақшасына шағым тастап, жаптырып астады.
Бәлкім, басында биліктің назарына түспей, тасада әдемі өмірін сүріп қана жүре беруді ойлағанымен, мына челлендж арқылы олар сол VIP-тіршілігінің негізгі «спонсоры» қара халықтан айырылып жатқандықтан ғана қимылдап, Талғар оқиғасына бейжай қарамайтындай сыңай танытып, бірінен соң бірі жаппай жазба қалдыра бастады.
Әнші Айқын Төлепберген Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қолдау білдірді. Ол соттан істің әділ өтуін сұрады. Белгілі продюсер Нұрлан Қоянбаев та Шерзат ісінде соттан әділдік талап етіп жазба қалдырса, әнші Асхат Тарғын Қаржаубай Нұрымовтың ұсталуын масқаралыққа теңеді. Бұлардан бөлек, елімізге белгілі бірқатар әншілер мен әртістер Шерзаттың отбасын қолдап жаза бастады.
Талғардағы оқиға – Қазақстанның шындығын бейнелейтін көрініс
Талғардағы қайғылы оқиғаға қатысты саясаткер Досым Сәтбаев биліктің Нұрымовтар отбасына жасап жатқан қатал қарым-қатынасы шенеуніктердің бұл оқиғаның көп алдында жария болуына наразы екенін көрсетеді деп санайды. Саясаткердің айтуынша, мұндай оқиғалар кейінгі 30 жылда елімізде бірнеше рет болған, бірақ билік оның бәрін жасырғысы келген.
«Талғардағы қайғылы оқиға – Қазақстанның шындығын бейнелейтін көрініс. Мұнда әділдікке жету үшін ақиқаттың емес, күш пен құқықтың үстемдік ететінін көреміз. Тәртіпсіздік жайлаған қоғамда адамдар билік өкілдері тарапынан әділетсіздік көріп, олардан үмітін үзді. Ал жемқорлық болса, мемлекеттік басқару жүйесінің барлық деңгейіне еніп, жүйенің ажырамас бөлігіне айналды. Қылмыстық сана шенеуніктерді «паханға», ал «пахандарды» шенеуніктердің серігіне айналдырып отыр», – дейді саясаткер.
Еліміздің әр аймағында «За Шерзат», «Шерзат үшін» деген плакат ұстап, адамдар пикет өткізіп жатыр. Мысалы, 12 желтоқсанда Астанадағы Мәңгілік Ел мен Қонаев көшелерінің қиылысында ер адам «Шерзат үшін» деген жазуы бар плакат ұстап шықты. Жалғыз пикетке шыққан азаматты полиция көп ұзамай ұстап әкетті. Дәл сол сияқты 16 желтоқсанда Алматыдағы Тәуелсіздік монументі алдында да қала тұрғыны Сая жалғыз өзі Шерзат оқиғасына байланысты пикет өткізді. Ол «Жас Алаш» тілшісіне Талғардағы оқиғаға бейжай қарай алмағандықтан алаңға шыққанын айтты.
«Шерзат оқиғасы кез келген қазақтың басынан өтуі мүмкін болғасын шырылдап келіп тұрмын. Өйткені өзімнің де інім бар. Шерзат та менің інім сияқты жасөспірім ғой. Қазақстанда әділеттілік жоқ. Шерзаттың орнында кім болса да, бізге елімізде ешқашан әділдік болмайтынын ашықтан-ашық аңғартып тұр. «Тыныш отырыңдар, Шерзат пен ағасы сияқты сіздерді де осылай өлтіре аламыз» дегендей әңгіме айтып жатыр. Соттан тек әділдік сұраймын», – дейді Сая.
ПД-ның бір-біріне қайшы мәлімдемелері
10 желтоқсандағы Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлімі қоғамды тағы да дүр сілкіндірді. Кейіннен полиция Ғайыпбаевты өзіне қол салған деп мәлімет таратып, оның ағасы Қаржаубай Нұрымовқа жазған хатын жариялап жіберді. 11 желтоқсанда Талғарда Шерзат Болаттың ағасын туған-туыстары мен жиналған қауым ақтық сапарға шығарып салды. Жаназадан соң Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап әкетті. Көп өтпей, «Қаржаубай Нұрымов агрессия танытып, полицияға шабуыл жасады, туыстары мен адвокаттары оны ұстауды бізден сұрады» деген ресми ақпарат таратты. Ал 11 желтоқсанда түнде «Жас Алаш» тілшісі Алматы облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бағдат Әшімовтен «Қаржаубай мырзаның полицияға шабуыл жасағаны рас па?» деп сұрады. Ол бұл ақпараттың жалған екенін алға тартып: «Полиция қызметкеріне емес, оның көлігіне шабуылдады» деп жауап берді. Сол жерде ПД басшысы Ғайыпбаевтың өзіне қол салуына байланысты сауалымызға: «Нұрымовтың өзі осы хатты жариялауымызды өтінді» деп жауап берді. Бірақ 12 желтоқсанда Қаржаубайдың туыстары мен адвокаттары бұл сөзді жоққа шығарды, яғни хатты бермегендерін айтты.
Осыдан соң көп өтпей Нұрымовтың ісі сотқа жолданып, Шерзаттың әкесі 15 тәулікке қамалды. Онымен бірге полиция екі қарындасының біріне айыппұл салып, екіншісін 15 тәулікке қамап, азаматтығы болмауына байланысты елден депортациялайтынын мәлімдеді. Ал Нұрқанат Ғайыпбаевтың өзіне қол салғанына туыстары мен қоғам сенбей отыр. Ғайыпбаевтың әпкесі БАҚ-қа берген сұхбатында: «Інім ұрпақ жалғастыруды ойлап, емделіп жүр еді. Суицид жасайтын адам олай әрекет етпейтін еді» деп айтты.
P.S. Бүгінде Шерзат ісі күрделеніп барады. Жасөспірім өлімінен соң үйінің өртелуі, ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың жұмбақ өлімі, әкесінің түрмеге қамалуы мен туыстарына салынып жатқан айыппұл, полицияның бір-біріне кереғар мәлімдемелері бұл істі тіпті шиеленістіріп жіберді. 12 желтоқсанда Нұрымовтың адвокаттары Қаржаубайдың туыстары қауіпсіз баспанаға көшірілгенін, оның қайда екенін айтпайтынын мәлімдеді.