«Captain America». Сіз кімсіз, Жули ханым?

Биыл қаңтарда АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм зейнетке шығуына байланысты қызметінен кеткен.
Содан бері елші орны бос тұр. Бірақ оған былайғы жұрт назар аудара қоймады. Ешкім Вашингтон бізді ұмытты ма деп бас қатырған жоқ. Тіпті Дональд Трамп Қазақстан тауарларына 25 пайыз баж салығын енгізіп, көп көңілі күпті болып тұрған сәтте де елшінің жоқтығы еш білінбеген.
Бірақ Розенблюмнің орнына келуі мүмкін елші ел назарын қатты аударғаны қызық болды. Жұрт арасында «АҚШ бізге ауыр салмақты саясаткерін жіберді, бұл Ақ үйдің Ақордамен санасқаны» деген әңгіме желдей есіп жүр. Тіпті кей ағайын қыза келе Қазақстанды Ресей мен Қытайдың ықпалынан құтқаратын «Captain America» келе жатқандай жалаулатып жіберді. Әлеуметтік желідегі осы айғайға кейбір отандық БАҚ аттан қоса жөнелгені тағы бар.
Мұндай әңгіменің шығуына Ақ үйдің 10 шілдедегі хабарламасы себеп болды. Трамп әкімшілігі АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына дипломат Жули Стафттың кандидатурасын ұсынғаны себеп болды. Бұл ұсынысты қазір АҚШ сенаты қарап жатыр. Мақұлдаса, Стафт ханым мұхит асып, Астананы бетке алады.
Қазақстандағы АҚШ елшілігі 1992 жылы қаңтардан бері жұмыс істейді. Содан бері 13 елші ауысты. Яғни өзара дипломатиялық байланысы бар екі мемлекеттің бір-біріне жаңа елші тағайындауы әдеттегі қалыпты жағдай, оған таңғалудың қажеті шамалы. Ендеше, Жули Стафт келерде жұрт неге АҚШ-тың Қазақстанға қатысты саясаты өзгерді деп шулап кетті? Шынымен солай ма әлде біреулер Ақорданың сыртқы саясаты сәтті жүріп жатқанын көрсету үшін әңгімені қомпитып жіберді ме?
Жули Стафт кім?
Жули Стафт – тәжірибелі дипломат, аға дипломатиялық қызмет мүшесі. Орыс, румын, француз және поляк тілдерін еркін меңгерген. Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаментінің Бюро құрамындағы аға қызметкері болып қызмет атқарған. Стафт АҚШ-тың Молдова, Жибути, Ресей, Эфиопия және Польшадағы дипломатиялық миссияларында жұмыс істеген. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде аға директор болған. 2023 жылы АҚШ федералды үкіметінің азаматтық қызметкеріне берілетін ең жоғары марапат – «Еңбек сіңірген қызметі үшін» президенттік сыйлығын алған.
Өмірбаянына қарап отырсаңыз, анау айтқандай аса салмақты саясаткер емес екенін байқайсыз. Бұған дейін бас елші қызметін атқарып көрмеген, тек Молдова мен Жибутиде елшінің орынбасары болған. Стафт дипломатиялық миссияға қатысқан мемлекеттер тізіміне қарап отырып, отандық БАҚ-тағы «АҚШ Қазақстанды маңызды серіктес санағаны үшін Стафтты жіберді» деген уәжге күмән туады. Керісінше, Жули ханым біздің елге Молдова мен Ресейде жұмыс істеген тәжірибесі мен орыс тілін білетіні үшін жіберілген болуы мүмкін.
Ендеше, көпшілік неге оны кәсіби дипломат, салмақты саясаткер деп кеу-кеулей жөнелді? Бұған дипломат ханымның АҚШ сенатындағы сөзі себеп болды. Жули Стафт Қазақстанға келуге өзі ынталы сияқты, сенаторларға кандидатураны қолдасаңыздар Қазақстанмен қарым-қатынасымызды жақсартып, оларды Ресей мен Қытайдың ықпалынан құтқарам, ал өзімізге қазақ даласының мол қазба байлығына қол жеткізуге жағдай жасаймын деп алақанын ысқылап отыр. Тіпті келмей жатып Қазақстан жайлы біршама ақпарат жинап алыпты.
«Қазір Қазақстан өнімінің басым көбі Ресей аумағы арқылы сыртқа шығып жатыр. Оларда осыдан басқа жол жоқ. Біз бұған балама жол табуға көмектесуіміз қажет. Сондай-ақ қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды жөн деп санаймын. Сол арқылы қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы сенімді серіктесіміз болуына жағдай жасауымыз қажет», – деді дипломат.
Жиналыс барысында бір сенатор «Қазақстанда қазба байлық қоры мол, бізде осы салада жұмыс істеу мүмкіндігі бар ма» деп сұрады. Стафт мүмкіндік мол екенін айтып, елші болып тағайындалса, бұл салаға АҚШ инвестициясын ұлғайтып, Ресей мен Қытайдың ықпалын әлсіретуге тырысатынын айтты.
«АҚШ-тың экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігі үшін маңызды деп танылған пайдалы қазба байлықтың жартысына жуығы Қазақстанда бар. Егер осы лауазымға тағайындалсам, басты міндеттерімнің бірі – осы секторға америкалық инвесторларды тартуға күш салу болар еді. Стратегиялық маңызы бар ресурстар саласындағы ынтымақтастық дамыту қажет. Вашингтон үшін бұл экономикалық қана емес, геосаяси маңызды қадам саналады».
АҚШ дипломатының Қазақстан өнімдерінің көбі Ресей аумағынан өтеді деген сөзі өтірік емес. Еліміз мұнайының 80 пайызы Ресей аумағындағы КТК құбыры арқылы экспортқа шығып жатыр. Бұл Мәскеу үшін Астананы шаужайлап отыратын маңызды тетік екенін талай мәрте жаздық. Стафт ханым осыны меңзеп, Астанаға балама жол қарастырамыз деп отыр. Бұл сөздің астарында «Қазақстанды Ресей ықпалынан шығарып алу қажет» деген емеурін жатқаны анық. Яғни америкалық шенді Қазақстанды қолдаған сыңай таныта отырып, Мәскеуді тұқыртқысы келеді.
АҚШ-тың Қазақстанға қатысты саясаты өзгерді ме?
Еліміз тәуелсіздік алғалы көпвекторлы саясат жүргіземіз деп, әркімнің көңілін табуға тырысып келеді. Бірақ түптеп келгенде сыртқы саясаттағы басым бағыт Ресей болды, ол қатарға кейінгі бірнеше жылда Қытай қосылды. Тек Қазақстан ғана емес, жалпы Орта Азияның жағдайы осындай. Тұтас әлем Орта Азияны Ресей мен Қытайдың «артқы ауласы» деп санайды.
АҚШ үшін Қазақстан мен Орта Азия бас қатырып, баса назар аударатын маңызды бағыт болған жоқ. Мысалы, АҚШ президенттері ешқашан Орта Азияға ресми сапармен келмеген. Тек 1993 жылы Билл Клинтон тұсындағы вице-президент Альберт Гор Қазақстанға сапарлаған. Қазіргі президент Трамп былтырғы сайлауалды бағдарламасында Орта Азия жайлы мүлде сөз қозғаған жоқ. Ол алғашқы президенттік мерзімінде де біздің аймаққа мойын бұрмаған. Сол кезде АҚШ халықаралық даму агенттігінің Орта Азияға қатысты бірнеше саяси лауазымға бюджет бөлінбей, жабылып қалғаны бар.
Бірақ кейінгі жылдары Орта Азияның геосаяси маңызы арта бастады. Қытай бұл аймақты өз өнімін Еуропаға жеткізетін алтын көпір ретінде көрсе, санкцияға ұшырап, әлемнен оқшау қалған Ресей Орта Азияны сенімді серіктерінің қатарына қосады. Ал АҚШ біздің аймаққа Ресей мен Қытайды тежеу үшін және мол мұнай-газ қоры үшін көз салады. Бұл көштен Еуропа елдері де өз еншісін алып қалуға ниетті. Сол үшін Орта Азия елдерімен бірге өтетін С5+1 форматындағы келіссөз көбейіп келеді.
Сондай-ақ биыл Трамп біздің елге біршама назар аударып отырғанын айта кеткен жөн. Алдымен Қазақстан АҚШ-қа экспорттайтын тауарларға қосымша 25 пайыз салық енгізем деді. Ол аздай, Қазақстанға келуі мүмкін елшісі мынадай шулы мәлімдеме жасап отыр. Бізге осы екі оқиғаның байланысы бардай көрінеді. Өйткені Трамп салықты көтеру жөнінде Қазақстан президентіне жазған хатында «Егер сіз АҚШ үшін әлі де жабық нарықтарыңызды ашып, тарифтік және тарифтік емес тосқауылдарды алып тастасаңыз, біз осы хатта көрсетілген тарифті қайта қарастыруды ойластыруымыз мүмкін» деп жазған. Ал тағайындалуы мүмкін жаңа елші Қазақстанға барғандағы басты мақсатым – ол елдің қазба байлығына АҚШ инвестициясын тарту деп отыр.
Яғни Трамп алдымен үлкен мөлшерде салық салып, Астананы қорқытады да, кейін тау-кен өнімдерімізді игеруге ниетті екенін мәлімдейді. Вашингтон Украинаға көмек беру-бермеу мәселесінде де осындай талап қойғаны есімізде. Демек АҚШ-тың Қазақстанға салық салудағы және танымал дипломатын елші етудегі түпкі мақсаты – қазба байлыққа қол жеткізу болуы мүмкін. Ал Астанаға балама сауда жолын тауып беріп, Ресейдің шылауынан шығарамыз дегені – саяси маневр.
Саясаттанушы Дос Көшім АҚШ-тың Қазақстан мен Орта Азияға қатысты саясаты жақын арада өзгереді дегенге сенбейді. Сарапшының айтуынша, Американың кез келген мемлекетке немесе аймаққа арналған ұзақмерзімді стратегиялық саясаты болады, ол 30–40 жылға арнап жасалады. Елдің алдын ала жасалып қойған саяси бағытын президенттің немесе елшінің қалауымен өзгерте салу мүмкін емес. Яғни Астана мен Вашингтон арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас еш өзгермейді, ал экономикалық тұрғыда АҚШ-тың пайдасына сауда-саттық жиілеуі мүмкін. Ресми дерек бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 4,1 млрд, 2024 жылы 4,2 млрд доллар болған. Бұл Қазақстаннан басқа шет елдерге жіберілген барлық тауардың 2,4 пайызына ғана тең. АҚШ жерасты байлығы өте мол Қазақстаннан алып отырған еншісінің мұнша аздығына наразы. Сол үшін Ресей және Қытаймен бәсекеге түсіп, есебін түгендемек.
Ендеше, қазақстандықтар АҚШ-тан келетін жаңа елшіге неге үлкен үміт артып отыр? Мұның екі себебі бар. Біріншіден, ел арасында шынымен «күндердің күні бір супер қаһарман келіп, Қазақстанды дамытады, демократия орнатады» деп сенетін адамдар бар. Кейбіреулер халықтың осы көңіл күйін пайдаланып, жұртқа өтімді ақпаратты қолдан жасайды. Көпшіліктің үмітімен ойнайды. Екінші себеп – биліктің есебін түгендеу. Яғни БАҚ және әлеуметтік желі арқылы Астана сыртқы саясатты сәтті жүргізіп жатыр, соның арқасында өркениетті елдермен дос болып, Мәскеуден алыстай бастадық дегенді үгіттейді. Мысалы, биыл мамырда Қазақстан мен Ұлыбритания әскери ынтымақтастық туралы келісім жасағанда және маусымда сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу АҚШ-қа барып, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездескенде насихатшылар бірнеше күн тынбай Ақордаға мақтау айтқан.
Бірақ Қазақстанды ешкімге жалтақтамайтын, дамыған елге айналдыру АҚШ-тың да, Трамптың да, Жули Стафттың да қолынан келмейді. Бұл Қазақстан халқының өз мойнына жүктелген міндет. Мұны АҚШ-тың бұған дейінгі елшісі Дэниел Розенблюм де айтқан. «Кез келген елге адам құқығы, демократия, азаматтық қоғам, тәуелсіз баспасөз сияқты дүниелерді АҚШ мәжбүрлеп орната алмайды. Мәжбүрлеуге біз мүдделі де емеспіз. Мұндай бастаманы сол ел өзі көтеруі қажет. Сонда ғана біз тәжірибе бөлісіп, қолдауға дайынбыз» деген еді елші. Демек АҚШ-тан келетін жаңа елші кім болса да, әлемдік аренада Қазақстанның жоғын жоқтамайтынын ұмытпаған жөн.
Қуаныш Қаппас