Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 19:12

Чехия Украинаға бұдан былай қаржылай көмек көрсете алмайды

Зеленский мен Бибиш
Фото: Жас Алаш коллаж

Чехия үкіметі Украинаға бұрынғыдай қаржылай қолдау көрсету мүмкіндігін жоғалтып отыр.

Бұл туралы елдің премьер-министрі Андрей Бабиш Dehík порталына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, елдің ішкі экономикалық жағдайы ушығып, мемлекеттік бюджетке түсетін салмақ күрт артқан.

Бабиштің сөзінше, Праганың алдында қазір сыртқы міндеттемелерден гөрі ішкі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу бірінші кезекте тұр.

 «Кепілдік дегеннің өзі – іс жүзінде қарыз. Ал Украина бұл ақшаны ешқашан қайтара алмайтыны анық. Осы уақытқа дейін Украинаға шамамен 187 миллиард еуро бөлінді», – деді ол.

Премьер-министр Чехияның өзінде қаржы тапшылығы сезіліп жатқанын атап өтті. Инфляцияның жоғары деңгейі, энергетикалық шығындардың өсуі, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жүктемесінің артуы ел бюджетін қатты қысып отыр. Осы жағдайда үкімет сыртқы көмекті бұрынғы көлемде жалғастыру экономикалық тұрғыдан орынсыз деп санайды.

Бабиштің айтуынша, Украинаға көрсетілген көмектің едәуір бөлігі тікелей грант емес, кепілдік пен несие формасында берілген. Алайда бұл қаражаттың қайтарылуы күмәнді.

Чехияның бұл мәлімдемесі Еуропада Украинаға қолдау мәселесі қайта қаралып жатқан кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бірқатар елдерде қоғам ішінде: «көмек көлемі тым асып кетті ме, ұлттық экономика зардап шегіп жатқан жоқ па, бұл соғыс қанша уақытқа созылады?»  деген сауалдар жиі көтеріле бастады.

Бабиш те осы пікірді жанама түрде қуаттап, Еуроодақ елдері өз азаматтарының әл-ауқатын ескеруге мәжбүр екенін айтты.

Сарапшылар бұл мәлімдемені тек экономикалық емес, саяси сигнал деп те бағалап отыр. Чехияда оппозиция мен билік арасында Украинаға қолдау тақырыбы қоғамды екіге бөліп келеді. Бабиштің сөзі — ішкі электоратқа бағытталған, «алдымен Чехия» қағидасын алға шығаратын ұстаным ретінде қабылдануда.

Сонымен қатар, бұл мәлімдеме Украина үшін де маңызды белгі: алдағы уақытта Киевке Еуропадан келетін қаржы көлемі шектеулі әрі шартты болуы мүмкін.

Тегтер: