“Челах мерзімінен бұрын босатыла ма?”: адвокат жауап берді

Владислав Челахтың мүддесін қорғаған адвокат Гүлмира Шалдыкова оның шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу мүмкіндігіне тоқталды.
Адвокаттың айтуынша, заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, өмір бойына сотталғандар да шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға өтініш бере алады.
— Оның жазасын жеңілдететін кез келген жол тиімді. Тіпті шартты түрде мерзімінен бұрын босату да. Өйткені ол заңсыз жазасын өтеп отыр. Челах – осы оқиғаның құрбаны, қырғыннан аман қалған жалғыз адам ғана. Менің 20 жылдық тәжірибем бұл қылмысқа оның қатысы жоқ екенін көрсетеді. Ұсталғалы бері Челах өзінің кінәсіз екенін айтумен келеді, - деді Шалдыкова.
2012 жылдың мамыр айының соңында Қазақстанды есеңгіреткен “Арқанкерген” шекара бекетіндегі қайғылы оқиға орын алған болатын. Шекара қызметін атқарған 15 адамның 14-інің мәйіті өртеніп кеткен күйде табылды. Олардың қатарында сержанттар мен қатардағы жауынгерлер болды.
Кейін шекара бекетіне жақын орналасқан аңшы үйінен орманшының да мәйіті табылды. Бұл оқиғадан аман қалған жалғыз адам — 19 жастағы шекарашы Владислав Челах. Ол алғашқы тергеу кезінде жасаған қылмысын мойындағанымен, кейіннен бұл мәлімдемесін қысыммен алынғанын айтып жоққа шығарды.
5 маусымда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев біркүндік ұлттық аза тұту күнін жариялады.
Тергеу нұсқасы бойынша, шекара бекеті жеке құрамының қатардағы сарбазы болған Владислав Челах өз қызметтестерін атып өлтіріп, қылмысын жасыру үшін казарманы өртеп, қорықшының көзін құртқан. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот Челахты 15 адамды өлтіріп, мемлекеттік құпияны жария етіп, таратқаны үшін, сондай-ақ қару ұрлап, әскери мүлікті жойып, әскерден қашқаны үшін айыпты деп таныды.
Сол жылы, 11 желтоқсанда, әскери сот Челахты кінәлі деп тауып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Бұл үкім қоғамда үлкен резонанс туғызды. Көптеген құқық қорғаушылар мен тәуелсіз сарапшылар істің ашықтығына күмән келтірді.
2013 жылдың 21 маусымында Қазақстанның Әскери сотында Челахтың адвокаты Серік Сәрсеновтің кассациялық шағымы қаралды. Алайда айыптау үкімі өзгеріссіз қалды. 2016 жылы Сәрсенов БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне жүгінді. Кейінірек БҰҰ комитетіндегілер Челахтың ісін қарау кезінде халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісі бұзылды деген шешім шығарды. 2018 жылдың 23 наурызында адвокат Серік Сәрсенов ұзаққа созылған дерттен көз жұмды.
2022 жылы Челах Тоқаевқа хат жазып, өз ісін қайта қарауды сұраған болатын. Алайда бұл үндеуден кейін де іс қайта қозғалған жоқ.
Қазір Владислав Челах Қостанай облысындағы Жітіқара қаласында өмір бойына сотталғандар отыратын түрмеде жазасын өтеп жатыр. Аталған түрме көпшілікке "Қара бүркіт" деген атпен танымал. Сот "Арқанкергендегі" қанды қырғынға нүкте қойғаннан кейін, Челахтың отбасы Ресейге көшіп кетті. Анасы ұлымен жиі хат жазысып тұрады.
Қазірше ІІМ мәліметіне сәйкес, рақымшылыққа ілігу мүмкіндігі қарастырылып жатқан жоқ. Бұл ақпарат Челах ісіне қатысты әділдік іздеп жүргендердің үмітін уақытша болса да су сепкендей басты. Дегенмен, бұл тақырып қоғамның назарынан әлі де тыс қалған жоқ.