Челахтың ісі қайта қаралу керек!
Арқанкерген ісі бойынша көп сауал сол күйі жабулы қалды. Тіпті, қызметтестерін Челах атып тастады дегеннің өзінде бұл істе сәйкессіздіктер көп.
Челах соттағы соңғы сөзінде ешкімді өлтірмегенін мәлімдеген, тек айыпталушы болудан қорыққанынан үй-жайларды өртегенін айтты. Сосын, заставаға шабуыл жасалғанын айтты ол. Оның сөзінше, қылмыстың бәрін өз мойнына алуға ҰҚК-дегі жоғары шенді біреу көндірген.
Арқанкерген оқиғасынан кейін шекара қызметінің басшылығы күтпеген жерден әуе апатынан қаза тапты. «Бұл жайт та тегін емес болса керек», дейді кей журналистер мен сарапшылар. Шымкент түбіндегі апатқа да он жыл болды.
Бас прокуратура Челахтың ісін қайта қарап, нүкте қоюы керек.
– Егер бас прокуратура істі қайта қараған соң, жаңа мән-жайлар ашылмады деп істі қайта жапса, бұл жаңа Қазақстанның ескі Қазақстанның былық істерін қопарғысы келмейтінін білдіретін болады.
Ал егер жаңа мән-жайлар бар екен деп, істі шынымен қайта қарайтын болса, онда өте қызық оқиғалар болайын деп тұр. Бұл үлкен бетбұрыс болады. Онда Челахтың ісінен кейін бас зейнеткер билеген тұста болған даулы істердің бәріне қайта оралуымызға болады. Заманбек Нұрқаділовтың өзін-өзі атқаны, Алтынбек Сәрсенбаев пен оның серіктерінің өлімі, басқа да атышулы істер бар.
Бұрынғы қылмыстық істерді қайта тергеу басталса, онда еліміз бен халқымызды тонаған экономикалық ірі қылмыстарды ашуға кірісуіміз керек.
Біздің кеніштеріміздің кезінде қай шетелдіктерге қандай бағаға, қандай талаптармен сатылып кеткенін біз білуіміз керек. Кім екен ол, Қазақстанды сатып жіберген? Соны ашайық. Өнеркәсібіміздің бәрінің тарихын қопарайық. Сол себепті Челах ісін қайта қарау – жаңа Қазақстанның қандай болатынын көрсететін оқиға, — деген екен саясаткер Қазбек Бейсебаев.