Челябі маңындағы зауытта жарылыс: кемінде тоғыз адам қаза тапты

Ресейдің Челябі облысындағы Копейск қаласында орналасқан кәсіпорындардың бірінде орын алған жарылыстың салдарынан кемінде тоғыз адам қаза тауып, бес адам жараланды. Бұл туралы облыс губернаторы хабарлады. Ол жарылыстың дрон соққысының салдарынан болды деген нұсқаның әзірге расталмағанын атап өтті. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, зауыт қару-жарақ пен оқ-дәрі өндіреді.
23 қазанға қараған түні Копейск қаласындағы кәсіпорындардың бірінде болған жарылыс салдарынан тоғыз адамның қаза тауып, бесеуінің жараланғанын Челябі облысының губернаторы Алексей Текслер өзінің Telegram-арнасында хабарлады:
"Қазіргі таңда тоғыз адамның қаза болғаны расталды. Бес адам жарақат алған. Дәрігерлер олардың жағдайын жақсарту үшін бар күшін салып жатыр. Із-түзсіз жоғалғандар туралы мәлімет нақтылануда", - делінген оның мәлімдемесінде.
Губернатор алғашқы хабарламасында зауыттағы жарылыс жайлы ақпаратты алдыңғы кеште жариялап, былай деген:
"Қазіргі таңда дрон соққысы себеп болды деген нұсқа расталмаған".
Кейінгі хабарламаларында да ол зауыттың нақты атауын атамады және дрон соққысы туралы ақпаратты не растамады, не жоққа шығармады.
Куәгерлердің айтуынша, жарылыс Копейскідегі "Пластмасс" зауыты аумағында орын алған. Бұл жерде қару-жарақ пен оқ-дәрі өндіріледі, деп хабарлайды Astra басылымы. Жергілікті тұрғындардың бірі үш дрон келгенін айтқан. Astra дерегінше, жарылыстан кейін зауыт аумағында дрон шабуылы қаупі жарияланған. Telegram-дағы "112" арнасының мәліметінше, жарылыс кезінде кезекшілікте 15 адам болған.
Украинаның OSINT жобасы Exilenova+ "Пластмасс" зауытындағы өрттің видеосын жариялады. Онда былай делінген:
"Кәсіпорынның профилі мен өнімі кеше істен шыққан Брянск облысындағы химиялық зауытты қатты еске салады. Екеуі де Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенінің бөлігі. Олар жарылғыш заттар, оқ-дәрі және Украинаға қарсы соғысты қолдайтын технологиялармен жұмыс істейді".
Мақала жарияланған сәтте не Украина Қарулы күштерінің Бас штабы, не Ресей Қорғаныс министрлігі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді.
Бұған дейін, 18 қазанда, Башқұртстанның екінші ірі қаласы — Стерлитамактағы «Авангард» зауытында да жарылыс орын алып, үш адам қаза тауып, бесеуі жараланды. Бұл туралы өңір басшысы Радий Хабиров мәлімдеген еді.
Ол кезде губернатор зауытқа дрон шабуылы жасалды деген болжамдарды жоққа шығарған:
"Бұл дрон шабуылы болды деген әртүрлі пікірлер айтылды. Жоқ, бұл жай ғана жарылыс. Оның себептерін қазір криминалистер зерттеп жатыр", - деді Хабиров. Сондай-ақ, ол бұл кәсіпорынның ел үшін аса маңызды екенін және сұранысқа ие өнім өндіруді жалғастыратынын айтқан.
"Авангард» зауыты «Ростех" корпорациясының құрамына кіреді. Ол қару-жарақ пен оқ-дәрі шығарады, сондай-ақ әскери техника мен қаруларды жою жұмыстарын да атқарады.
21 қазан күні кешке, Украина Қарулы күштерінің Бас штабы Брянск облысындағы химиялық зауытқа соққы жасағанын хабарлады:
"Біріккен шабуыл аясында Storm Shadow әуе ракеталары қолданылды. Олар Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінен айналып өтті", — делінген мәлімдемеде.
"Аталған Брянск химия зауыты — «агрессор мемлекеттің әскери-өнеркәсіп кешеніндегі маңызды буын» саналады. Мұнда оқ-дәрілер, жарылғыш заттар және зымыран отынының компоненттері өндіріледі. Бұл оқ-дәрілер мен зымырандар Украина аумағындағы соғысқа да қолданылуы мүмкін" делінген ақпаратта.