Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:44, 19 Мамыр 2021

Чемпион кім?

None
None

Жарыстың төресі – Испаниядағы Ла Лига. Пиреней түбегінің төбесінен түсетіндей не болды дейсіз бе?

Испан футбол біріншілігіндегі текетірес. Екі күн бұрын 37-тур ойындары өтті. Кімнің топ жаратыны әлгі белгісіз. Чемпион ғана емес, жүлдегерлер де анықталған жоқ. Және бәс тігетіндер он қабат ойға оранған. Өйткені кез келген шым-шытырық дәл қазіргі турнир кестесіндегі жағдай алдында жіп есе алмайды. Шынында да, қызық. Байланымның бәрі көп егерге тәуелді. «Егер олар ұтылса, ал аналар тең түссе» деп келетін анықтаманы сағызша созуға тура келеді. Алдымен өткен турдағы үш ойынға назар аударайық.

                     «Атлетико» – «Осасуна» – 2:1

       Ла Лиганың бас жүлдесі «Атлетикоға» бұйыруы әбден мүмкін. Ол үшін Диего Симеоне шәкірттері соңғы турда сырт алаңда «Вальядолидті» ұтуы тиіс. Тең түссе де, тіпті жеңіліп қалса да, Испания чемпионы атануы мүмкін. Бірақ қорытынды нәтижеге «Реал» мен «Вильярреал» арасындағы кездесудің ықпалы ерекше. Қазір «Атлетико» 83 ұпаймен топ бастап келеді. Екінші орындағы «Реал» олардан екі ұпай кем жинады. Бір анығы, бұл жолы алтын медаль Мадридтен ұзамайды. Өйткені құйрық тістесіп келе жатқан қос команда да ел астанасында қоныстанған.

      Диего Симионе командасы «Осасунаны» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Шешуші голды ойынның 88-минутында Луис Суарес соқты. Оған дейін Ренан Лоди таразы басын теңестірген. Күлбілтелемей анығын айтсақ, алаң иелері ә дегенде ұтылып жатты. Кездесудегі алғашқы голды «Осасуна» ойыншысы Анте Будимир соқты. Бұл енді «Реалға» майдай жаққаны анық. Егер Лоди мен Суарес қайрат танытпағанда Зидан шәкірттері  чемпиондыққа біртабан жақындар еді. Оған Луис көне ме? Өзі де зыр жүгіріп, өзгелерді де қамшылап, матчтағы мәселені шешіп берді.

                                 «Атлетик» – «Реал» –  0:1

        «Реал» ше? Мадридтегі матчқа жалтақтай жүріп, «Атлетиктің» «жағасына» жармасты. Қысқасы, Зинедин Зидан  жаттықтыратын команда Бильбаода жергілікті ойыншылардан басым түсті. Есеп – 1:0. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды матчтың 68-минутында Начо соқты. 38-тур олар үшін  де маңызды екені түсінікті. Алайда «Вильярреалды» жеңген күннің өзінде, күміс медальді місе тұтуы мүмкін. Өйткені «Атлетик»  екі ұпай алда тұр. «Реал»  биыл көп сүрінді. Мысалы, «Эльче», «Осасуна» секілді командалармен де ұпай бөлісті. «Сантьяго Бернебеуде» «Левантеден» жеңілді. Сол кезде кейбір сыншылар «корольдік клуб  жүлдеден сырт қалады» десті. Және ол негізсіз емес еді. Ойын болған жоқ. Лука Модрич және оның әріптестері білгенінен жаңылды. Қайта ес жинады ғой. Отызыншы турда «Барселонаны» ұтып, эль-классикода ерлік жасады.  Кейін бір қалыпқа түсіп, ұпай жинауға көшті. Енді жерлестеріне жетеқабыл жерде тұр.

                          «Барселона» – «Сельта» – 1:2

      Бақ Каталонияға қонбай тұр. Биыл «Барселонаның» жағдайы мүшкіл. Тіпті құрдымға кету алдында тұр десеңіз де болады. Өйткені  қола медальді де қолдан беруі әбден мүмкін. Егер соңғы турда «Эйбардан» жеңіліп, ал «Севилья» өз кезегінде «Алавесті» ұтса. Дегенмен іс соншалықты насырға шаба қоймас. «Барселона» 37-турда «Сельтаны» қабылдады. Бірінші таймда Лионель Месси есеп ашты. Ойын тізгіні де алаң иелерінің қолында еді. Каталония командасы тоқмейілсіп, енді допты ортада ұстауға көшкен. Сол кезде «Сельта» мінез танытты. Санти Мина қатарынан екі гол соғып, өз командасына жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 2:1.

      Енді бәрі соңғы турда шешіледі. Үздік үштіктің қалай қатар түзейтіні...

              

   ӘЛЕМ АРЕНАЛАРЫНАН  АҚПАРАТ

    Велоспорт 

                                        Власов үшінші келді

     «Джиро д 'Италия» велокөпкүндігінің  тоғызыншы кезеңінде «Астана» өкілі, ресейлік Александр Власов  мәре сызығын үшінші болып кесті. Ең үздік нәтиже колумбиялық Eган Бернальдың еншісінде. Италия үміті Джулио Чикконе – екінші орында. Александр да өз шеберлігін паш етті. Қазақстандық велошабандоз  жалпы есепте де үздік үштіктің қатарында. Мұнда да Берналь топ бастап келеді. Одан кейін Ремко Эвенепул орналасты.

 Кәсіпқой бокс  

                                  Мұхаммед Әлидің өзінен озған...

        Boxrec.com спорттық порталы дүниежүзіне аты шыққан даңқты боксшылардың рейтингісін жасады. Топ басында АҚШ спортшысы – кіші Флойд Мэйвезер. Екінші сатысы Флойдтың жерлесі Эззард Чарльзге бұйырыпты. Филиппин азаматы Мэнни Пакьяо үшінші тұр. Алғашқы ондыққа Арчи Мур, Рэй Робинсон, Джо Кальзаге, Хуан Мануэль Маркес, Бернард Хопкинс, Андре Уорд,  Владимир Кличко секілді серкелер енді. Қазақстандық Геннадий Головкин – 13-орында. IBF және IBO нұсқалары бойынша алтын белдік тағынған GGG тіпті аты аңызға айналған Мұхаммед Әлидің алдына түсіпті. Майк Тайсонды да Boxrec.com мойындамайтын секілді. Айтпақшы, осыдан тура алты жыл бұрын Головкин спорттық ғұмырындағы үздік нәтижелердің біріне жетіп еді. Калифорния штатында керілген шаршы алаңда Вилли Монромен күш сынасып, бірден үш атағын қорғап қалды. Негізі, WBA Super, WBC және  IBO алтын белдігін көнге тіккен еді.

 Стенд ату

                                         Жүлденің бірі Амалияда

        Италияның Тодди қаласында стенд атудан Green Cup халықаралық турнирі өтуде. Оған Қазақстан спортшылары да шақырту алды. Кеше Амалия Кудрявцева қола жүлдегер атанғанын айта кетейік. Ол  skeet жаттығуы бойынша  үздік үштікке енді. Жасөспірімдер арасында мүлт кетпеген Амалия мұндай табысқа тұңғыш рет кенеліп отыр. Әлем кубогы жолындағы жарыс кезеңіне баланатын сында дүниежүзінің талантты жастары бас қосты. Бәсеке 24 мамырға дейін жалғасады.

UFC

                           Н.Веретенниковтің кезекті жеңісі

       Fury FC 46 турнирінің таңдаулы жекпе-жегінде қазақстандық Николай Веретенников өнер көрсетті. Бірінші раундтың 2-минутында Энтони Айвидің осал тұсын тапқан жерлесіміз өз шеберлігін паш етті. Бәсекені UFC президенті Дана Уайт та тамашалағанын ескерсек, жарыс деңгейінің қаншалықты екенін аңғаруға болады. Николай ММА алаңындағы тоғызыншы жеңісін тіркеді. Әрі қатарынан жетінші қарсыласын сұлатып тастағаны да жылнамада тіркеулі тұр. Техас штатының Хьюстон қаласында өткен бәсекеге ол тыңғылықты дайындалды. Жергілікті файтерді де әбден зерттеген секілді. Ә дегеннен тарпа бас салып, Айвиді сабап тастады. Энтони бұған дейін алты жекпе-жекте жеңіске жеткен еді. Николайдың осал тұсын таба алмады.

Тегтер: