Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:20, 22 Наурыз 2025

«Чемпион мақала» жазуға тырысатынбыз

Кәдірбек Сегізбаев
Фото: ашық дереккөз

Мен 1967 жылдың жазында университеттің бесінші курсын бітіретін жылы «Лениншіл Жасқа» жұмысқа кірдім. Әлі есімде, декретке кеткен бір кісінің орнына екі жігітті жұмысқа алды. Айлығымыз 37 сом.

 Содан бір-екі айдан соң әдеби қызметкер болдық, 5-6 айдан кейін бөлім меңгерушісі атандым. Сөйтіп 7 жыл «Лениншіл Жаста» табан аудармай қызмет еттім. Ол кезде бас редактор Шерхан Мұртаза, кейіннен Сейдахмет Бердіқұлов келді. Менен кейін газетке А.Сейдімбек, С.Әбдірайымұлы келді. Бір жылдан соң Шерағаң Шыңғыстайдан О.Бөкейді арнайы шақыртып алдыртты.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жігіттер тез тіл табысып, жақын араласып кеттік. Айтатын әңгімеміз бітпейтін. Газеттен кейін кешкісін айтшылағандай болып, бір-біріміздің үйімізге қонаққа баратынбыз. «Біздің ауылда» деп басталатын әңгімеміз таусылмайтын. Бірде Оралхан: «Бізді «Лениншіл Жасқа» сүйреп келген аға, көкеміз жоқ. Тек өзіміздің ұмтылысымыздың арқасында осында келдік. Бәріміз де жетім екенбіз» деді. Осыдан соң бізді әдебиетте «Жеті жетім» атап кетті. Қазір сол «Жеті жетімнен» көзі тірі Бексұлтан Нұржекеев екеуміз ғана. Екеуміздің басымыз қосыла қалса сол кездегі «Лениншіл Жасты», сондағы достарымызды сағына еске аламыз.

Біз бір-бірімізден қалыспайық деп жарысып, шығармашылықпен де айналыстық. Жігіттердің алғашқы әңгімелері «Лениншіл Жастың» бетінде үзбей жарияланып тұратын. Содан мен де қатарымнан қалмайын деп 1969 жылы «Бала бура» дейтін алғашқы әңгімемді жаздым. Редактордың орынбасары Қ.Найманбаев әңгімемді оқып, қып-қызыл ала етіп шимайлап, жөндеп берді. Әдеби шығармашылығым осылай басталды.

Газетте апта сайын «Чемпион мақала» деген болатын. Жиналыста «Чемпион мақаланы» анықтап, оған 20 сом қаламақы беретін. Сол үшін де бәріміз таласып-тырмысып, «Чемпион мақала» жазуға тырысатынбыз. Сосын тағы бір ерекшелік – сын мақала жазсаңыз, онда көтерілген мәселе аяқсыз қалмайтын. Сіздің жазғаныңыз тиісті орынға жіберілетін де, қолма-қол оның жауабы келетін. Ал қазір не жазсаңыз да еститін құлақ жоқ.

«Лениншіл Жас» десе, Сейдахмет ағамыз есімізге оралады. Ол кісі кереметтей тақырып қойғыш еді. Солақай қолымен, қара сиямен жазып отыратын. Материалды оқып шығып, тақырыбын сызып тастап, өзінің тақырыбын қоятын. Сейдағаң беттің айдарына да бәйге жариялайтын. Жақсы ат ойлап тапқан адам 20 сом алатын. Ол кісі журналистерді қанаттандыру үшін өзі де мақалалар жазатын, әсіресе спорт тақырыбында көп қалам тербеді. Спортқа небір қазақы, орамды тіркестерді кіргізді. Онысы кейінге дәстүр болып жалғасты.

Менің жазушы болып қалыптасуыма, қалам мен қағазды өмірлік серік етуіме ықпал еткен «Лениншіл Жас». Сондықтан ата басылымға алғысым шексіз! Басылымның оқырманы көбейіп, өзекті тақырыптарды қаузай берсін!

Кәдірбек Сегізбаев

жазушы