Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:07, 15 Қазан 2024

Черчесов қазақ тілі мен қазақ футболын сыйламай ма?

Черчесов

13 қазан күні Алматының «Орталық» стадионында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Словениямен кездесті. Бұл УЕФА Ұлттар лигасы В дивизионының төртінші турындағы матч болатын. Аталған ойында қазақ фуболшылары 0:1 есебімен жеңіліп, стадионға жиналған 20 мыңға жуық жанкүйерді жерге қаратты.

Біздің құрама Ұлттар лигасының биылғы маусымында 4 матч өткізіп, 3 мәрте жеңілді, 1 ойында тең түсті. Әлі бірде-бір гол соққан жоқ, бірақ өз қақпасына 8 гол өткізіп алды. Тіпті құрама абыройсыз жеңілу мен қарсылас қақпасын дәл көздей алмауды әдетке айналдырып алды десек те болады. Мұндай сүреңсіз нәтижеге жанкүйерлер наразы болып отыр, тек бұған құрама бапкері Станислав Черчесов қана дән риза.

Командасы ойсырай ұтылып жатса, бапкер қалай риза болады деп таңғалмаңыз. Құрама тізгінін биыл жазда ұстаған ресейлік маманның көзқарасы да, алаңдағы ойынды көруі де басқаша екен (өз сөзі). Ол тіпті Словениямен ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында қазақстандықтарды «жақсы ойынмен» құттықтады. Мазақ еткені ме, әлде шынымен солай ойлай ма, құрамасы жеңіліп қалған жанкүйерлерді «әдемі» ойынмен құттықтағаны қызық болды.

Сапасыз ойын, сүреңсіз статистика

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының В дивизионында Норвегия, Словения және Аустриямен бір топқа түскен. Турнирдің 4 туры артта қалды. Черчесов шәкірттері алғашқы турда Норвегиямен тең түсіп, (0:0), Словениядан 2 екі рет (Люблянада – 3:0, Алматыда – 0:1) жеңілді. Ал Аустрия құрамасы бізді аяған жоқ, Линц қаласында Игорь Шацкий қорғаған қақпаға жауапсыз 4 гол соқты.

Станислав Черчесов шәкірттері 4 ойында әлі гол соқпағанын айттық. Бұл – 2013 жылдан бергі антирекорд. 11 жылдан бері Қазақстан құрамасы қатарынан 4 ресми матчта гол соға алмай, дағдарған жоқ еді. Ерте кезді айтпай, кейінгі 2 турнирге тоқталайық. Қазақстан футболшылары осының алдындағы Ұлттар лигасында 8 гол соқты, ал Еуропа чемпионатына іріктеуде қарсылас қақпасын 16 рет дәл көздеді.

Қазақстан құрамасы кейінгі кезде гол соғуды ғана емес, тура соққы бағыттауды да ұмыта бастады. Ұлттар лигасындағы 4 матчта небәрі 6 рет қарсылас қақпашысын мазалап көрген екен. Ал өз қақпамызға 4 ойында 22 дәл соққы жасалды. Шацкийдің шеберлігі болмаса, нәтижеміз қазіргіден де сорақы болар еді.

Жанкүйерлер мен сарапшылар Қазақстан құрамасының ойынынан мән кеткенін айтып жүр. Бұрынғы бапкер Магомед Әдиев кезінде біздің жігіттер қарсылас қорғаушыларына жиі прессинг жасап, агрессивті ойын көрсететін. Тіпті жеңілген күннің өзінде шабуылға шабуылмен жауап беріп, реті келсе, гол соғып, ұпай жинап жататын. Қазір оның бірі де жоқ. Содан болар, Черчесовтен басқаның бәрі құрама ойыны сүреңсіз деп санайды.

Черчесовтің тактикалық жүрісі

Черчесов өз елінде және Польша мен Венгрияда жұмыс істеген. Бас бапкер болып жүргеніне 20 жылдан асса да, осы күнге дейін 5 жүлде ғана жеңген. Жаттықтырушы ретінде атағы аспандай қоймаған адам. Соған қарамастан, ол Қазақстан футболына мұрын шүйіре қарап, өзім білермендікке салынатын сияқты. Мұны біз құраманың кейінгі ойын тактикасы мен алаңға шыққан футболшылар тізіміне қарап айтып отырмыз.

Сырт алаңда Аустриядан ойсырай ұтылған ойында Черчесов көптен бері қалыптасқан 5 қорғаушы (ортада – 3, қапталда – 2) жүйесінен бас тартып, негізгі құрамда 4 қорғаушы шығарды. Өзі мұндай тактиканы қорғаныста жатып алмай, шабуылға шығу үшін таңдағанын айтып жүр. Бірақ ешқандай да сұрапыл шабуыл көрген жоқпыз, Александр Шлагер қорғаған қақпаға өте әлсіз жалғыз тура соққы бағыттаумен (Аслан Дарабаев) шектелдік.

Онымен қоймай, көшбасшы ойыншыларды қосалқы құрамда қалдырып, бұған дейін үздік өнерімен көзге түспеген футболшыларды негізгі құрамда шығарды. Матч барысындағы ауысымды да сәтті жасады деп айта алмаймыз. Шабуылға бейім Бахтияр Зайнутдиновтің орнына қорғаушы Ұлар Жақсыбаевты шығарғанын көреген шешім деу қиын. Мұндай қателіктердің өтеуі таблода тайға басқан таңбадай жазылып тұрды – 4:0!

Линцтегі жеңіліс Черчесов мырзаның шекесіне тиген жоқ. Алматыда тағы эксперимент жасап, есті алды. Бұл жолы негізгі құрам таңдауда алдыңғы жолғыдай тәуекелге барған жоқ, бірақ Максим Самородов, Рамазан Оразов сынды саңлақтарды жасыл алаңға не үшін шығармағанын түсіндірмеді. Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында мұның себебін сұраймыз деп, ресейлік маманнан ұрыс естіп қалдық.

Черчесов бұл ойында да 4 қорғаушы жүйесін таңдады. Әділін айту керек, бірінші тайм біз үшін жаман болған жоқ. Бірақ екінші таймда словениялық Ян Млакар Шацкий қақпасынан саңылау тауып кетті. Ең қызығы, өз алаңында 0:1 ұтылып жатқанына қарамастан, бас бапкер шабуылдағы Ислам Чесноков пен жартылай қорғаушы Асхат Тағыбергеннің орнына қорғаушылар Асхат Балтабеков пен Лев Скворцовты шығарды.

Аустриямен ойында Жақсыбаевты, Словениямен матчта Балтабеков пен Скворцовты алдыңғы шепке не үшін жібергенін сұрағанымыз да Черчесовке ұнаған жоқ. Ол «бұл ойыншылар жартылай қорғаушы» деп, қабағын кіржитті. Соған қарағанда, бас бапкеріміз Қазақстан чемпионатына назар аударып қарамайтын сияқты. Әйтпесе, Жақсыбаев пен Балтабековтің өз клубында қорғаныс шебінде ойнайтынын білсе керек еді.

Бір сөзбен айтқанда, Черчесовтің «жаңа» тактикасы толық жеңіліске ұшырады. Нәтиже де жоқ, ойын да жоқ. Егер команда жақсы өнер көрсетсе, таблодағы есепке қарамай, құраманы қолдауға дайын едік. Бірақ Черчесов шәкірттерінің мына жүрісіне қарап, бүгін болмаса, ертең жеңер деп үміт артудың өзі қиын.

Баспасөз мәслихатында не болды?

Словениямен матчтан кейінгі екі команданың бас бапкері қатысатын дәстүрлі пресс-конференция өтті. Құрамамыз жеңілістен көз ашпай жүргендіктен болар, журналистер залға көтеріңкі көңіл күймен келген жоқ. Бірақ бас бапкеріміз Черчесов шат көңілмен кіріп келіп, төрге жайғасқанда таңғалып қалғанымыз рас. Черчесовтің қазақстандықтарды «әдемі ойынмен» құттықтайтын тұсы осы кез.

Микрофон бізге тигенде мемлекеттік тілде «команда жеңіліп жатқанда неге Самородов сияқты шабуылшыларды емес, қорғаушыларды шығардыңыз» деп сұрадық. Бас бапкер сөз арасындағы Самородов, Оразов деген фамилияларды ести сала, сұрақты түсіндім деп килікті. Ол біз аталған футболшыларды неге ойнатпадың деп сұрап отыр деп болжаған сияқты.

«Бүгін алаңда ойнаған футболшыларға құрмет көрсетейік. Матчқа қатыспаған футболшылар жайлы айту сіздерге әдетке айналған. Сондықтан мұндай ақылды сұрақтарыңды кейін қоясыңдар. Келесі сұрақ», – деп жекіді. Одан әрі диалог мынадай болды:

– Сіз мені түсінген жоқсыз.

– Мен бәрін түсіндім.

(Осы тұста федерация қызметкері сөзге араласып, біздің сұрақты аударып берді).

– Қорғаушы деп кімді айтып отырсыз?

– Балтабеков, Скворцов.

– Балтабековке не болды, ол жартылай қорғаушы. Оның үстіне Самородовтың Аустрияға қарсы матчта қалай ойнағанын көрдім. Ойыншылардың фамилиясын ұмытыңыздар, маған алаңда ойнайтын футболшылар керек. Сенің тағы сұрағың бар ма?

Осымен әңгіме тәмам болды. Жалғасты тәжікелесіп отыруға мүмкіндік болған жоқ. Екі-үш сұрақтан кейін тағы бір журналист сұрағын қазақша қоя бастады. Черчесов сөзді тағы бөліп, «қай тілде сөйлеп отсыз, француз тілінде ме» деп кекетті. Сәлден кейін тағы бір тілші команда ойынын сынап, құрамада неге прогресс жоқ деп сұраған еді «сен қай футболды көріп жүрсің, матчта болдың ба?» деп, оны да «сүріндірді».

Осылайша, жасыл алаңда Словениядан жеңілген Черчесов баспасөз-жиынында журналистерді жеңіп, камбэк жасады. Алматыдағы есеп қазақстандықтар үшін – 0:1, ал Черчесов үшін – 1:1!

Черчесов отставкаға кете ме?

Ресейлік маман қазақ тілі десе неге кірпідей жиырылатынын көпшілік жақсы біледі. Бұл дау жазда басталған. Шілдеде өткен кезекті бір пресс-конференцияда журналистің мемлекеттік тілде сұрақ қойғанын жақтырмай, «Неге сұрақты орысша қоймайсыз? Мен қазір сізге өз ана тілім – осетин тілінде жауап берсем не болады? Оны ешкім түсінбейді ғой» деп тулаған.

Біздің елге «Қазақстан – орыстілді ел, бұл тұрғыда Ресей мен Қазақстанның еш айырмасы жоқ» деген сенімді оймен келген Черчесов мұнда өзіне қазақ тілінде сұрақ қойылады деп күтпесе керек. Кейін ҚФФ бұл дауды жуып-шайған түр танытып, ресейлік маман қазақ тілін үйренеді деген ақпарат таратты. Осы уәденің желігімен жүрген Черчесов өзіне қойылған қазақша сұрақтың арасынан бір сөз немесе бір фамилияны түсіне қалса, сұрақты толық түсіндім деп қопақтай жөнеледі. Біздің сауалымыздан бірер футболшының есімін ести сала түсіндім деп, далаға сөйлеп кеткені содан.

Бірақ ол мемлекеттік тілде сөйлеген журналисті жақтырмай қалатынын анық байқап жүрміз. Бет-әлпетінен, эмоциясынан ызғар есіп, әңгімені қысқа қайыруға тырысады. Черчесов өзінің Ресейдің губерниясына емес, тәуелсіз елге келгенін, мұнда адамдар қазақ тілінде сөйлесіп, журналистер қазақ тілінде сұрақ қоюға құқылы екенін ескергені жөн. 60 жастан асқан маманның басқаға болмаса да, осыған ақылы жететін шығар.

Спорт журналисі Фараби Әбдіхалық ресейлік маман отставкаға кету керек деп санайды.

«Федерация басшылары Станислав Черчесовті Ресейден аттай қалап, алдырды. Бірақ бұл кісі жұмысына негативпен кірісті. Алдымен екі елдің менталитеті бірдей, баспасөз жиынында неге орыс тілінде емес, қазақ тілінде сұрақ қоймайсыңдар деп ренжіді. Кейін онысы қате екенін түсінген кейіп танытып, әр баспасөз мәслихаты кезінде мен қазақша үйреніп жүрмін деп көзбояушылық жасап, қазақша сұрақ қойған журналистің сөзін бөлетінді шығарды. Құдды қазақ тілі құлағына түрпідей тиетін сияқты. Бұл өте өзекті мәселе. Өзі қызмет етіп жүрген елдің адамдарына, тіліне құрметпен қарамайтын маманның ұлттық құрама тізгінін ұстауға құқы жоқ деп ойлаймын.

Оның үстіне құраманың нәтижесі де нашар. Құрамамыз бұған дейінгі Ұлттар лигасында 13 ұпай, Еуропа чемпионатына іріктеуде 18 ұпай жинап, жанкүйерлерді жақсы нәтижеге үйретіп алған. Ал биылғы төрт матчтан кейінгі жалғыз ұпай көңіл көншітпей отыр. Нәтиже былай тұрсын, команда жүйелі шабуыл жасап, футболшылар қақпаны дәл көздей алмай жүр. Осыған қарап, проблема қайда жатыр деген заңды сұрақ туады. Былай қарасаңыз, құрамада сол баяғы футболшылар ойнап жүр, тек бапкер ауысты. Мүмкін мәселе бапкерде шығар. Нәтиже көрсетпейтін, ойыншылармен, жанкүйерлермен тіл табыса алмайтын маманмен ертерек қоштасқан жөн деп ойлаймын», – дейді ол.

Мұндағы Черчесов құрама ойыншыларымен тіл табыса алмай жүр деген уәжді жоққа шығара алмаймыз. Ресейдің «Ахмат» клубында доп тебетін Самородов Словениямен кездесуден кейін әлеуметтік желіде «тым құрығанда алаңда болып қайттым» деп жазып, ренішін білдірді. Әдетте тәжірибелі бапкерлер өз ойыншысын ашық сынамайды. Ал Черчесов «Самородовтың Аустрияда қалай ойнағанын көрдім» деп қыжыртып отыр. Мұның аяғы ойыншы мен бапкер арасындағы бітпес дауға ұласуы мүмкін. Черчесов Данияның «Силькеборг» командасында ойнайтын Оразов жайлы да сөз қозғағысы келмеді. Онымен де келіспей қалған болуы ғажап емес. Бапкер өзі сұраққа жауап бермегендіктен, біз осындай болжам жасап отырмыз.

Бұдан бөлек, Черчесовтің гонорарына қатысты да даулы мәселе бар. БАҚ-та ресейлік маман Қазақстандағы бір жылдық жұмысы үшін 1,2 млн еуро жалақы алады деген ақпарат шыққан. Кейін федерация бұл мәліметті жоққа шығарды, бірақ келісімшарт құпиялығына сілтеп, бапкердің жалақысын жарияламады. ҚФФ жасырғандықтан, жұрт БАҚ-та тараған ақпаратқа сенуге мәжбүр.

Осынша дауға қарамастан, ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов ресейлік маманға толық сенім артатынын айтып жүр. Оның сөзінше, Черчесовке карт-бланш берілген. Маман осы кезекті Ұлттар лигасында не істесе де өзі біледі. «Станислав Саламович қазір эксперимент жүргізіп жатыр, біз оған осы кезеңде карт-бланш бердік. Ол қолда бар құрамды зерттеп, ұлттық құрама үшін тиімді шешімдерді анықтауға тырысады. Біздің мақсат – 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне команданы дайындау» дейді Бәрменқұлов.

Бірақ Черчесов құраманы 2026 жылға дайындап жатыр дегенге сену қиын. Ол құрамаға жаңа ойыншы шақырдым деген сөзді жиі айтып жүр. Бірақ оның тұсында құрамаға шақырту алған Балтабеков – 31, Жақсыбаев – 30, Жан-Али Пайруз – 25 жаста. Ендеше, Черчесов құрамаға жастарды жинап, болашақтың командасын жасақтап жатыр деп айта аламыз ба?..

Қуаныш Қаппас