Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:07, 19 Қараша 2024

Черчесовтің көрсеткіші: 0 – жеңіс, 0 – гол және 0:15

Черчесов
Фото: ККФ

17 қарашада футболдан Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының В дивизионындағы жорығын аяқтады.

 Дәлірек айтқанда, 6 матчта қарсылас қақпасына бірде-бір гол соға алмай, масқара болып, С лигасына «ұшып» кетті.

Биыл жазда аттай қалап алдырған бас бапкеріміз, ресейлік Станислав Черчесов алғашқы сынақтан-ақ сүрінді. Ол өте төмен нәтиже көрсетті. Сөзіміз дәлелді болу үшін статистикаға жүгінейік. Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының биылғы маусымында 6 матч өткізіп, 5 мәрте жеңілді, 1 ойында ғана тең түсті. Өз қақпасына 15 гол өткізіп алды, доп айырмасы – 0:15!

Черчесов шәкірттері гол соққанды қойып, тура соққы бағыттай да алмады. Ұлттар лигасындағы 6 матчта небәрі 7 рет қарсылас қақпашысын мазалап көрді. Ал өз қақпамызға 6 ойында 39 дәл соққы жасалды. Басқаша айтқанда, құрама абыройсыз жеңілу мен қарсылас қақпасын дәл көздей алмауды әдетке айналдырып алды.

Қазақстан құрамасы биылғы Ұлттар лигасының В дивизионындағы 3-тобында Норвегия, Словения және Аустриямен бірге бақ сынады. Біздің құрама алғашқы турда Норвегиямен тең түсіп (0:0), Словения (Люблянада – 3:0, Алматыда – 0:1) және Аустриядан (Линцте – 4:0, Алматыда – 0:2) екі рет жеңілді. Ал соңғы турда Ослода Норвегиядан 5:0 есебімен ойсырай ұтылды. Осылайша, 6 турдан кейін небәрі 1 ұпай жинап, төменгі лигаға түсіп қалды.

Мұндай сүреңсіз нәтижеге жанкүйерлер наразы болып, бас бапкердің отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Бірақ оған бас қатырып отырған Черчесов жоқ. Жеңілістен көз ашпай жүргеніне қарамастан, «ойынға көңілім толады» деп, жанкүйер жүйкесіне тиіп жүр. Словениямен ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында ол қазақстандықтарды «жақсы ойынмен» құттықтап, айды аспанға шығарған.

Мамандар не дейді?

Ресейлік маманның мазақ еткендей көрінетін мұндай әрекеттері көпшілікке ұнаған жоқ. Әлеуметтік желіде ерінбегеннің бәрі оны сынға алды. Мысалы, қазақстандық танымал ММА файтері Қуат Хамитов футболға мемлекет қаржысын бөлуге болмайтынын айтты. «Халықтың ақшасын жұмсауға мүмкіндік бере берсек, олар ешқашан жеңіске жетпейді» деп жазды ол.

Ұлттық құраманың бұрынғы ойыншысы Александр Киров отандық БАҚ-қа берген сұхбатында команда нәтижесіне өте төмен баға берді. «Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы нәтижесі өте нашар болды. 6 матчта бірде-бір гол соқпау деген не? Бұл сұрақты жаттықтырушылар штабына қою керек деп ойлаймын. Қазақстан Ұлттар лигасының осы дивизионында мықты қарсыластармен кездескен шығар, бірақ өз алаңында біздің ойыншылар әрқашан жақсы ойнап, кем дегенде гол соғатын» деді экс-футболшы.

Ал спорт журналисі Аслан Қаженов ресейлік маманға өз еркімен отставкаға кетуді ұсынды. «Матчтан кейінгі сұхбатын тыңдап отырмын. «Биылғы маусым сәтсіз болды. Енді алдағы жылы барлығын таза парақтан бастаймыз. Келесі маусымның жеребесін күтеміз» деп отыр. Негізі түсінігі бар азамат барлық жауапкершілікті мойнына алып, қолынан келмейтінін ашық айтып, өз еркімен қызметінен кету керек қой. Бүкіл жанкүйер ұнатпай отыр. Бүкіл халық қарсы болып отыр. Соның бәрін біле тұра, қалай түк білмегендей жүре бересің? Қалай ары қарай жұмысты жалғастырасың?» деп жазды журналист.

Футзал
Фото:vesti.kz/Алихан Сариев

Жеңіліске футболшылар ғана кінәлі ме?

Бірақ Черчесов мырза құрама нәтижесі мен өзінің орынсыз әрекеттері үшін ұялмайтын сияқты. Норвегиядан 5:0 есебімен жеңілген соң да еш қысылмай жұрт алдына шығып, баспасөз жиынында өз мәнерінде сөз сөйледі.

«Осы маусымда қателік жібермей өткізген жалғыз ойынымыз Алматыдағы Норвегияға қарсы матч шығар. Соның арқасында ұпай еншіледік. Барлық ойында қателіктерімізден гол жіберіп жаттық. Бүгін де болмайтын жерден қателік жіберіп, гол өткізіп алдық. Иә, қарсыласымыз мықты, қысым көрсетті, бірақ қысым ештеңені білдірмейді. Барлық гол болмашы қателіктердің салдарынан кіріп жатыр. Бүгінгі матчта ғана емес, барлық ойында осындай болды.

 Жігіттер тырысты, сол үшін оларға алғысымды айттым. Бірақ мынадай қателіктерді келесі маусымда түзетуіміз керек. Биыл өзі осындай сәтсіздікке толы жыл болды, келер жылы барлығын таза парақтан, басынан бастаймыз. Жеребені күтіп, келесі жылға дайындаламыз», – деді Станислав Черчесов.

Бас бапкер бұл жерде барлық жеңіліске алаңдағы ойыншылардың қателігі себеп болды деп отыр. Яғни өзі сүттен ақ, судан таза. Бірақ оның бұл ойымен біз келісе алмаймыз. Ресейлік маманның өткен 6 матчта тактика таңдауда, негізгі құрам ойыншыларын жасақтауда және матч барысындағы ауысым жасауда қателеспеген кезі жоқ.

Біздің құрамаға сай келетін, футболшылар үйренген 5 қорғаушы (ортада – 3, қапталда – 2) жүйесінен бас тартып, 4 қорғаушы жүйесіне көшу көреген шешім болған жоқ. Бұл схема бойынша ортадағы екі қорғаушыға дер кезінде көмектесе алатын жоғары деңгейлі тіреуші жартылай қорғаушы (DM) керек. Бірақ біздің құрамда дәл қазір мұндай ойыншы жоқ. Черчесов бұл позицияға Асхат Тағыбергенмен Аслан Дарабаевты немесе Еркін Тапалыпты қосақтап шығарып жүр. Олар тіреушінің міндетін жөнді атқара алмайды. 6 матчта қарсыластарымыз 118 соққы жасапты (оның 39-ы дәл соққы). Осы статистиканың өзі қарсыласты күтіп алып, соққы жасатпайтын жартылай қорғаушының жоқтығын көрсетіп отыр.

Сондай-ақ бұл тактика Ян Вороговский сияқты қапталдағы үздік ойыншыларымыздың мүмкіндігін шектеді. Қорғаныс пен шабуылға қатар үлгеретін желаяқ Ян 2023 жылы құрама сапында 2 гол соққан. Ал биыл 6 матчта қарсыластың айып алаңына аттап басқан жоқ, өз қапталында жатып алып, қорғанудан көз ашпады. Өйткені құрамада оның жүгін жеңілдетіп, қорғанысқа көмек беретін вингер жоқ. Ал 5 қорғаушы жүйесінде ол 3 орталық қорғаушыға сеніп, шабуылға еркін қосылатын.

Черчесов
Фото: kazfootball

Черчесовтің кезекті өтірігі

Мұндай қателігін бетіне айтсаң, Черчесов жақтырмайды. Тіпті кіржиіп ұрсатыны бар. Өз алаңымызда Словениядан жеңілген матчтан кейінгі баспасөз мәслихатына қатысып, бас бапкердің тамырын басып көргенбіз. «Командаңыз жеңіліп жатқанда алаңға неге шабуылшы емес, қорғаушы шығардыңыз» деген сұрағымыз оған ұнамай, «ақылды сұрақтарыңды жиып қой» деп жекіген.

Егер 4 қорғаушы жүйесі бізге сай келмейді деп, тактикасын сынайтын болсаңыз, ыңыршағын бауырына алып тулайтыны анық. Абырой болғанда мұндай сұрақты оған әлі ешкім қоймаған сияқты.

Ұлттар лигасын сәтсіз аяқтап, доп айырмасы бойынша антирекорд орнатып, Еуропадағы 54 құраманың ішіндегі гол соқпаған жалғыз команда атанғанына қарамастан, Черчесов өз жұмысына оң баға береді екен.

«Бұл ақталу емес, бірақ біздің ешқандай артықшылығымыз болған жоқ. Астанадағы синтетикалық алаңда ойнау мүмкіндігінен айырылдық, ал ол бізге белгілі бір басымдық берер еді. Бұл мәселеге мен келгенге дейін ешкім назар аудармаған. Күнтізбе тығыз жоспарланғандықтан, дайындыққа қосымша уақыт қарастырылмаған. Бұрын мұндай мүмкіндік бар еді.

Келер жылы Астанаға ораламыз деп үміттенемін, дегенмен Алматыда бізге қолдау көрсеткендерге алғысым шексіз. Алайда синтетикалық алаңның болмауы біздің дайындық деңгейімізге әсер етті. Регламент бойынша жаттығу уақыты шектеулі. Мысалы, Аустрияға сапар алдында екі-ақ күн дайындалдық.

Мен құрамаға келген кезде оның жағдайы елеусіз қалғанын байқадым. Қосымша дайындық күндерін сұрап, тиісті құжаттар тапсырдым. Бүгін бірнеше футболшы ойынға шықты, Қасым және Астанов сияқты ойыншыларға өзін көрсетуге мүмкіндік бердік. Осы әрекеттер келесі циклде нәтиже береді деп үміттенемін», – дейді Черчесов.

Бұл жерден біз бапкердің бірнеше өтірігін байқап отырмыз. Біріншіден, мен келгенге дейін құрама қирап жатты дегені бос сөз. Керісінше, Черчесовтің алдында Қазақстан құрамасының нәтижесі оң болатын. Мысалы, 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирінде 18 ұпай жинап, 16 гол соқты. Ал 2022 жылғы Ұлттар лигасында (С дивизионы) 13 ұпай жинап, 8 гол соқты. Екі турнирде де көп гол соғып, өз қақпамызға аз гол өткіздік. Ал биылғы нәтиже қалай болғанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Ендеше, Черчесов неге сүйеніп, өзіне дейінгі құраманы сынап отыр?

Екіншіден, Астанадағы синтетикалық алаңның жоқтығы нәтижеге әсер етті дегені мүлде ақылға қонбайды. Әлемде кез келген футболшы немесе бас бапкер табиғи төсеніште ойнағанды жөн көреді. Синтетикалық стадионды аңсап жүрген Черчесов қана. Мұндайда қазақ «суға кеткен тал қармайды» деп мысқылдайды.

Үшіншіден, құрамаға жаңа ойыншыларды шақырып жатырмын, бұл келер жылы нәтижесін береді дегеніне де сену қиын. Ол атаған Әлібек Қасым – 26, Сұлтанбек Астанов – 25 жастағы футболшы. Ешқандай да жастар емес, оның үстіне Қасым Черчесовке дейін де құрама жейдесін киген. Сондай-ақ ол бұған дейін құрамаға шақырған Асхат Балтабеков (31 жаста), Ұлар Жақсыбаев (30-да), Жан-Али Пайруздар (25-те) да сақа ойыншылар болатын. Демек, Черчесовтің құраманы қайта жасақтап жатырмын дегені де сенімсіз әңгіме.

Черчесов
Фото: Ашық дереккөз

Черчесов отставкаға кете ме?

Станислав Саламович (өз сөзімен айтқанда – Приветович) Қазақстанға келгелі басынан дау арылған жоқ. Алдымен журналиске қазақша сөйлемеуге кеңес беріп, біздің мемлекеттік тілді Ресей құрамындағы осетин тілімен салыстырды. Кейін қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні французша сөйлеп отырсың ба деп кекеткені бар. Жеңіліп жатқан құраманы «әдемі ойынымен» құттықтайтыны да көпке ұнамайды.

Сондай-ақ оның жалақысына қатысты да әңгіме көп. БАҚ-та ресейлік маман Қазақстандағы бір жылдық жұмысы үшін 1,2 млн еуро гонорар алады деген ақпарат бар. Әрине, бұл ақпаратты федерация растамады, бірақ бапкердің шынайы жалақысын да айтқан жоқ. Ұлттар лигасындағы сүреңсіз нәтижесіне байланысты Черчесовті қызметінен қуып, келісімшартты мерзімінен бұрын үзсек, оған өтемақы төлейміз. Оның мөлшері гонорарына және келісімшарт талаптарына байланысты болады.

Черчесовті аттай қалап алдырған ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов жақында қызметінен кетті. Оның не үшін аяқ астынан жылы орнын суытқаны белгісіз. Шамасы спорт саласында жүріп жатқан мемлекеттік тексеріс әсер еткен болуы керек. Федерациядағы «тірегінен» айырылған Черчесов енді отставкаға кетер ме екен?..

Қуаныш Қаппас