Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:05

Чернобыль АЭС директоры саркофагқа төнген қауіп туралы ескертті

Чернобыль АЭС
Фото: Patrick Ahlborn/DeFodi Images/picture alliance

Чернобыль атом электр станциясы (ЧАЭС) директоры Сергей Тараканов станцияның төртінші энергоблогы үстіндегі қорғаныс құрылысы қазірдің өзінде аса әлсіз күйде екенін және Ресей тарапынан жаңа соққы жасалса, оның толықтай қирап кету қаупі бар екенін мәлімдеді.

 Бұл туралы ол 23 желтоқсанда AFP агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Директордың сөзінше, тіпті тікелей соққы болмаса да, жақын маңға түскен ракета немесе дрон салдарынан туындайтын дүмпу (сейсмикалық тербеліс) саркофагтың беріктігіне қатер төндіруі мүмкін.

«Егер ракета немесе дрон тікелей тисе немесе маңайға құласа — мысалы, “Искандер” зымыраны — бұл аумақта шағын жер сілкінісіне ұқсас тербеліс тудырады. Мұндай жағдайда қорғаныс құрылысының сол күйінде сақталып қалуына ешкім кепілдік бере алмайды. Негізгі қауіп те осында», - деді Сергей Тараканов.

Чернобыльдегі төртінші энергоблок 1986 жылғы апаттан кейін шұғыл түрде салынған болат пен бетоннан тұратын ішкі радиациялық қорғаныс қаптамасымен – «саркофагпен» жабылған. Кейін, 2019 жылы оның үстінен заманауи жоғары технологиялы құрылым – Жаңа қауіпсіз конфайнмент (НБК) орнатылған болатын.

Алайда 2025 жылғы ақпанда Ресей дронының соққысы салдарынан осы жаңа қаптаманың бір бөлігі елеулі түрде зақымданып, өрт шыққан. Директордың айтуынша, қаптама өзіне жүктелген бірқатар негізгі қауіпсіздік функцияларынан айырылған.

«Жаңа қауіпсіз конфайнмент бірқатар негізгі қызметін жоғалтты. Біз бұл функцияларды толық қалпына келтіру үшін кем дегенде үш-төрт жыл қажет болатынын түсініп отырмыз», - деді ол.

Желтоқсан айының басында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) инспекторлары да Чернобыль АЭС-тегі жаңа қорғаныс құрылымының «оқшаулау функциясын қоса алғанда, негізгі қауіпсіздік міндеттерін жоғалтқанын» растаған.

Соған қарамастан, станция басшысының айтуынша, қазіргі уақытта объект аумағындағы радиация тұрақты әрі рұқсат етілген норма шегінде қалып отыр. Сондай-ақ дрон соққысы салдарынан пайда болған тесік уақытша түрде жабылғаны хабарланды.