Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:28, 04 Қаңтар 2025

Черногория атышулы кісі өлімінен кейін қаруға қатысты заңдарды қатайтады

Черногория
Фото: Risto Bozovic/AP/picture alliance

Четиньеде 12 адам өлтірілгеннен кейін Черногория билігі азаматтарды тіркелмеген қаруды тапсыруға шақырды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Балқандағы шағын елде халықтың қолында 245 мыңдай қару бар.

Черногория билігі Четиньедегі қырғыннан кейін қару-жарақ сақтау шарттарын қатайту туралы шешім қабылдады. Ел премьер-министрі Милойко Спаич жұма, 3 қаңтарда елде жаңа тиісті заң күшіне енетінін мәлімдеді, деп хабарлайды dpa агенттігі.

Черногориядағы қаруға қатысты жаңа ережелер

Жұма күні Спаич бірнеше сағатқа созылған Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысына төрағалық етті. Бұл кезде Подгорицадағы жаңбырға қарамастан жүздеген адам үкімет ғимаратының алдында митинг өткізді. Олар билікті қаруды бақылау саясатын тиімсіз деп айыптады.

Премьер-министрдің айтуынша, атыс қаруына жарамды лицензиясы бар адамдар 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін қосымша психологиялық тексеруден өтуі керек, әйтпесе лицензиясы қайтарып алынады. Рұқсатсыз қаруы барларға оларды тапсыруға екі ай уақыт берілді. Әйтпесе, олар «ауыр» айыппұлдарға тап болады, деп қорқытты премьер-министр. «Бұл адамдарға мейірімділік болмайды», - деді Спаич. Бірақ ол айыппұл мөлшерін нақтыламады.

Черногорияда қанша қару бар?

dpa агегттігінің жазуынша, Черногория тұрғындарының қолындағы тіркелмеген қарулардың саны ондаған мыңнан асады. Подгорица билігі көп жылдар бойы азаматтарды заңсыз қаруды тапсыруға шақырғанымен, нәтиже болмады.

Франс Пресс агенттігі швейцариялық атыс қаруын зерттеу жобасына сілтеме жасай отырып, 620 мың халқы бар Черногорияда 245 мыңға жуық атыс қаруы бар екенін хабарлайды.

Четиньедегі қырғын

Сәрсенбі, 1 қаңтарда 45 жастағы ер адам Четинье қаласындағы барда оқ жаудырып, кейін көшеге шығып, өтіп бара жатқан адамдарды да атқан. Шабуылшы екі бала мен өз әпкесін өлтірген. Тағы төрт адам зардап шекті, біреуі ауыр халде. Елде үш күндік қаралы күн жарияланды.

Полиция мұны ішімдік ішу және тұрмыстық жанжал салдарынан эмоционалды әрекет деп санайды. Тәртіп сақшылары келгеннен кейін қылмыскер өзін атқан. 2022 жылы ол заңсыз қару сақтағаны үшін сотталған болатын.

Тегтер: