Cи Цзиньпин астанашыл болып алды

Осы аптаны Астана қонақ күтумен бастады. Дүйсенбі күні Қазақстанға Қытай президенті Си Цзиньпин келді.
Ал сейсенбі күні «Орта Азия – Қытай» саммиті өтті. Шетелге сирек шығатын Қытай төрағасы Қазақстан мен Ресейге қонақ болуға әуес. Биыл 9 мамырда Қызыл алаңда өткен Екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығына арналған әскери парадқа барып, Путинді бір қуантқан Си Цзиньпин енді Астанаға ат басын бұрып отыр.
Сидің сапары Ақорда үшін айтулы оқиға болғаны анық. Мәскеу Қытай президентін төрге шығару арқылы «шерушілердің» географиясын кеңейтіп, изоляцияға ұшырамағанын дәлелдегісі келді. Ал Астана Си төрағаға сый көрсету арқылы, сыртқы саясатта Ресей мен Қытай арасында тепе-тең қатынас құруға ниетті. Си Цзиньпин сапарынан бірер күн бұрын ғана шыққан Қазақстандағы бірінші АЭС-ті Ресей, екіншісін Қытай салады деген шешім де Ақорданың екі көршісіне тең қарайтынын көрсеткісі келген болатын.
Қытай басшысы Ресейге – 11, Қазақстанға – 6 мәрте сапар шеккен. Си Цзиньпин Астана мен Мәскеуге «қыдыруға» құмар деп сол үшін айтып отырмыз. Кейінгі жылдары тіпті қазақстаншыл болып алды. 2020 жылдан бері біздің елге 3 рет келді. Оның үстіне кейінгі екі сапарының арасы бір жылға толған жоқ. Бұған дейін 2024 жылы 4 шілде күні Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне орай мемлекеттік сапармен келген. Ал осы жолы Қазақстан президентінің шақыруымен келіп отыр.
Астана Си Цзиньпинді күтіп алуға былтыр ҰҚШҰ саммитіне қатысуға келген Владимир Путинді қарсы алғандай қатты дайындалған жоқ. Бірақ Бейжіңнен келген қонақ та сый-құрметтен кенде қалмады. Қытай көшбасшысы мінген бортты Қазақстан шекарасынан Астанаға дейін ҚР әуе қорғаныс күштері ұшақтары қарауылдап, алып жүрді. Оны Елорда әуежайынан Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қарсы алып, құрмет қарауылы сап түзеді. Қазақстан мен Қытай туын ұстаған жеткіншектер қазақ және қытай тілінде сәлемдесіп, өнерпаздар қос халықтың ұлттық биін билеп, ілтипат танытты. Си Цзиньпин қытай тілінде сөйлеген жеткіншекке назар аударып, қайда оқитынын сұрап жатты.
Ақордадағы кездесу
Әуежайдағы құрмет-қошемет аяқталған соң делегация Ақорда резиденциясына бет алды. Жол бойындағы басты магистральдарда екі елдің туы ілініп, қауіпсіздік шарасы күшейтілген. Бұл да Си Цзиньпинге көрсетілген сый-құрметтің бір парасы. Осыдан кейін Ақордада екі ел президенті кездесу өткізді. Қазақстан президенті Қытай төрағасы қазақ жерінде қашан да қадірлі қонақ саналатынын айтып, оның осы жолғы сапарын мызғымас достықтың көрінісі деп сипаттады.
Тоқаев Қытайды Қазақстанның тату көршісі, жақын досы және сенімді серіктесі деп атап, биыл 24 сәуірдегі Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІV сессиясында айтқан «Қытай халқы қазақ халқына ешқандай зиян келтірген жоқ» деген сөзін қайталады. Сондай-ақ екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас жылдан-жылға нығайып, «алтын кезеңге» қадам басқанын мәлімдеді. Си Цзиньпин Қазақстанға сапарынан бір күн бұрын, 15 шілдеде 72 жасқа толған туған күнін атап өткен. Қазақстан президенті осыған орай Қытай төрағасына жақсы тілек айтып, «аса көрнекті мемлекет қайраткері, зор беделге ие көреген көшбасшы» деп мадақтады.
Қазақстан мен Қытай БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты халықаралық және өңірлік ұйымдарға ортақ мүше болып отыр. Соған сай екі ел арасындағы саяси, экономикалық байланыс артып, Қытай Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесіне айналды. Тіпті бізбен ең көп сауда жасайтын мемлекеттер арасында Ресейді басып озған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі 44 млрд долларға жетіп, рекордтық көрсеткіш тіркелген. Бұл да Ақордадағы кездесуде айтылған деректер.
Президенттер кездесуінде атом энергетикасы саласында да пікір алмасты. Тоқаев Қазақстанда кем дегенде 2-3 АЭС салынатынын айтып, АЭС құрылысы бойынша Қытайдың CNNC компаниясы сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырылып отыр деді. Сондай-ақ Қазақстан Қытайға табиғи уран мен ядролық отын жеткізіп отырған сенімді ел екені сөз болды. Ал Си Цзиньпин Қазақстанда көрсетілген сый-құрметке ризашылық білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ынталы екенін жеткізді.
Ақордадағы келіссөз нәтижесінде қос тарап 24 үкіметаралық құжатқа қол қойды. Екі ел энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауыл шаруашылығы, электронды сауда, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс саласында ынтымақтастықты дамытпақ. Әр салаға жауапты Мұрат Нұртілеу, Жаслан Мәдиев, Айдарбек Сапаров, Арман Шаққалиев, Ербол Мырзабосынов, Ерлан Сәрсембаев, Шыңғыс Әрінов, Ақмарал Әлназарова қатарлы министрлер қытайлық әріптестерімен құжат алмасты.
Қытай басшысының осы жолғы Қазақстанға сапарының басты тақырыбы – экономика. Бейжің біздің елде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Қытайдың Қазақстанға сауда, инвестиция, энергетика саласында ықпалы жоғары. Аталған салада екі ел 56 бірлескен кәсіпорын салуға келіскен, қазір оның 20-дан астамы жүзеге асты. Осыдан бірнеше жыл бұрын халық Қытай экспансиясынан қорқып, бұл зауыттарға қарсы болған. Бірақ билік халық үніне құлақ асқан жоқ. Оның үстіне қазақ мұнайының төрттен бірін Қытай компаниялары игеріп жатыр. Қазірге дейін Қытай біздің елге 26 млрд доллар инвестиция құйыпты. Қазақстанда Қытай капиталының үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Сарапшылар Қытай инвестициясын геосаяси ықпал ету құралы деп санайды. Оның арты қарызға ұласып кетуі мүмкін. Бейжіңнің дамушы елдерге инвестиция құямыз, инфрақұрылым салып береміз деген желеумен қарызға батырып, соның өтеуіне сол елдегі стратегиялық нысандарға қол созатын әдеті бар. Мұны Батыс жұрты «қарыз тұзағы дипломатиясы» деп атайды. Мысалы, Шри-Ланка қарызын қайтара алмай, Хамбантото портын 99 жылға берген. Мұндай мысал көп. Қазір Қазақстанның Қытайға қарызы 9,2 млрд доллар. Демек Бейжіңмен саудада сақ болмасқа болмайды.
«Си Цзиньпин бұл жолы Қазақстанға арнайы сапармен келген жоқ, Орта Азия елдерімен ортақ жиналысқа келді. «Орта Азия – Қытай саммитін» өткізу кезегі Қазақстанға келгендіктен, Қытай төрағасы біздің елге сапарлап отыр. Бірақ саммиттен бір күн бұрын Астанаға ресми сапары болды. Қазір Қытаймен қарым-қатынасымыз жақсы. Бұл бізге пайдалы деп есептеймін. Өйткені Бейжің қазір әлемдегі ең ірі экономикалардың бірі. Қытайға бүкіл әлем байланып, тәуелді болып отыр. Сондықтан ол елдің президенті келсе, пайдасы болмаса, зияны бола қоймайды.
Ал Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы жиілегені үшін Ресей ренжиді деген пікірмен келіспеймін. Өйткені Мәскеу мен Бейжіңнің арасы өте жақсы. Бір-біріне жақын серік болып отыр. Олар біз үшін таласпайды деп ойлаймын. Қазір Астана бұл екі елмен стратегиялық серіктес. Ортақ жобалары көп, біздің елде АЭС салғалы отыр. Бірақ бұл қатынас АҚШ-қа ұнамауы мүмкін. Вашингтон Бейжіңді тежеу үшін Орта Азия елдеріндегі ықпалын күшейтісі келеді», – дейді саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев.
«Орта Азия – Қытай» саммиті қалай өтті?
17 маусым күні Тәуелсіздік сарайында екінші кезекті «Орта Азия – Қытай» саммиті өтті. Жиынға Тоқаев пен Си Цзиньпиннен бөлек Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Рахмон Эмомали, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев қатысты. Саммиттің күн тәртібі шара басталғанға дейін ашық жарияланған жоқ. Бұған дейін де мұндай жиындар жабық есік жағдайында өтетіндіктен, нақты қандай келісімдер жасалғанын білу қиын. Осы жолы да БАҚ өкілдері саммит өткен сарайдан тіке ақпарат тарата алған жоқ.
Саммит орыс тілінде өтті. Ұйымдастырушы Астана осылай шешті ме, әлде Орта Азия елдерінің ортақ шешімі ме, белгісіз. Саммитке қатысқан президенттердің бәрі сөз сөйлеп, Си Цзиньпиннің «Тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын» құру бастамасына қолдау білдірді. Саммит қорытындысында Орта Азия мен Қытай мемлекеттерінің басшылары Астана декларациясына және өзара мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.
Осыдан жарты ай бұрын Астанада өткен бірінші «Орта Азия – Италия» саммитіне қарағанда Қытай қатысқан жиынның дабырасы зор болды. Бұған Бейжіңнің саяси амбициясы әсер еткені анық. Біз жоғарыда атаған Қытайдың «алдымен инвестиция – сосын қарыз – соңында саяси ықпал» формуласын Орта Азияға да қарата айтуға болады. Бейжің бұған дейін көбіне аймақта инфрақұрылымға инвестиция салумен шектелсе, қазір саяси және мәдени жұмсақ күшпен ықпал етуге белсене кіріскен. Қытай Қазақстан және Өзбекстанмен визасыз режим орнатты. Аймақта Қытайдың сойылын соғатын ақпараттық, мәдени соғыс қызу жүріп жатыр. Орта Азия елдерінің Қытайға қарызы да артып барады. Мысалы, Қырғызстан сыртқы қарызының – 37 пайызы Қытайға тиесілі, Тәжікстанда бұл көрсеткіш – 28 пайыз.
Астанадағы С+С5 саммитінде аймақтық серіктестікті дамыту, саяси диалогты кеңейту, экономикалық байланысты күшейту, трансфорт-транзит интеграцияны дамыту жөнінде сөз болды. Орта Азияның Қытай мен Еуропа арасындағы рөлін арттыру үшін Транскаспийский бағытын жандандыру, ауылшаруашылығы саласын дамыту үшін Қытайдың озық технологиясын енгізу және жасыл энергетиканы дамыту, су үнемдеу бағытында жұмыстар қолға алынбақ. Сондай-ақ Қытайдың Сиань қаласынан Алматыға туристік пойыздың қатынайтыны айтылды.
Қытай Орта Азия арқылы сауда жолдарын жандандырғысы келеді. Бұған «Бір белдеу, бір жол» жобасы дәлел. Өйткені Қытайдың теңіздегі сауда жолдары саяси бәсекелестерінің бақылауында. Ал Орта Азия арқылы өтетін сауда жолына АҚШ кедергі бола алмайды. Сондай-ақ Бейжің Орта Азия аймағындағы бай табиғи ресурстарға қызығып отыр. Қазір әлемде сирек кездесетін минералдарды игерудің маңызы артып келеді. Сол үшін Қытай АҚШ және Ресеймен осы өңірдегі бәсекеге түсіп жатыр деуге негіз бар. Мысалы, Bloomberg агенттігінің Қытай басшысының Астанаға сапары Бейжіңнің Орта Азияға айрықша қызығушылық танытып отырғанының көрінісі деп жазды.
Кей шетелдік сарапшы 16–17 маусымға жоспарланған Си Цзиньпин сапары 15–17 маусымда Канадада өтетін «Үлкен жетілік» саммитіне қарсы жауап іспетті деп бағалайды. Өйткені кейінгі кезде Қытай төрағасы осындай аймақтық блоктардың саммитіне қатысып, саяси ықпалын арттыруға күш салып жатыр. Бейжіңнің АҚШ жетекшілік ететін әлемдік тәртіпке қарсы тұруға тырысып жүргені жасырын емес. Сол мақсатына жету үшін Латын Америкасы, Африка және Орта Азия елдерін де өзіне тәуелді етуге барын салады.
Кейінгі жылдары Орта Азияның геосаяси маңызы артып, алыс-жақындағы алпауыттар көз тігетін аймаққа айналып келеді. Орта Азия елдерін ортаға алып, С5+1 форматында келіссөз өткізу жиіледі. АҚШ, Қытай, Ресей және Еуропа елдері осындай форматта саммит өткізіп жүр.
«Орта Азияның әлемде маңызы неге артып келеді? Біріншіден, Қытай – әлемнің фабрикасы, ал Еуропа – ірі тұтынушы. Солардың арасын жалғайтын ең төте жол Орта Азия арқылы өтеді. Сондықтан шығысқа да, батысқа да өте маңызды болып отырмыз. Екіншіден, Орта Азия әлемге нарық ретінде де өте қызық. Бес мемлекеттің халық саны аз емес, 80 млн адамға жетіп отыр. Әрі бәрі табиғи ресурсқа бай мемлекеттер, Қазақстан мен Өзбекстан экономикалық тұрғыда да аса кедей елдер емес. Үшіншіден, Орта Азияда қауіпсіздік жағында проблема жоқ. Аймақ тыныш, соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Сол үшін де Орта Азияның маңызы артып отыр», – дейді саясаттанушы Қ.Бейсебаев.
Қуаныш Қаппас