CNN: АҚШ барлау қызметі Қытай Иранға көмек көрсетуі мүмкін деп санайды
АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, Қытай Иранға қаржылай көмек көрсетуді, сондай-ақ зымырандарға арналған қосалқы бөлшектер мен компоненттер жеткізуді жоспарлауы мүмкін.
Бұл туралы CNN жағдайдан хабардар дереккөздерге сүйеніп хабарлады.
«Қытай қолдау көрсету мәселесінде сақтық танытып отыр. Олар соғыстың аяқталғанын қалайды, өйткені қақтығыс олардың энергиямен қамтамасыз етілуіне қауіп төндіреді», — деді телеарна сұхбаттасушыларының бірі.
Ал The Washington Post басылымының дереккөздері екі ел арасындағы тығыз байланыстарға қарамастан, Қытай әзірге Иранға нақты көмек көрсетіп жатқан жоқ екенін айтады.
Бұған дейін Reuters агенттігі 5 наурызда Қытайдың Иранмен мұнай танкерлері мен Қатардың сұйытылған газы тиелген кемелердің Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған. Агенттік деректеріне сәйкес, Қытай импорттайтын мұнайдың шамамен 45 пайызы осы бұғаз арқылы өтеді, сондықтан Пекин Тегераннан танкерлер үшін қауіпсіз дәліз талап етіп отыр.
Осыған дейін The Washington Post Ресей Иранға АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери нысандары туралы барлау мәліметтерін бергенін жазған. Басылым дереккөздерінің айтуынша, Ресей берген ақпараттың ішінде АҚШ әскери кемелері мен ұшақтары туралы деректер де болған. Алайда қазіргі кезеңде Ресейдің көмегі нақты қандай көлемде болғаны толық анықталған жоқ.