Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:02, 13 Қазан 2022

Coca-Cola Шымкентте шығарылады

Бүкіл әлемге танымал Coca-Cola сусыны Шымкенттің өзінде өндірілмек. Оны үшінші мегаполисте шығаруға түрік инвесторлары қызығушылық танытып отыр.

Жуырда Шымкент қаласының әкімі  Мұрат Әйтенов түркиялық Coca-Cola İçecek компаниясының Алматы қаласындағы директоры Мустафа Белтекинмен кездесіп, осы жобаның жай-жапсарын талқылады.

Шаһар басшысы Шымкентте осы сусындарды өндіретін арнайы өндіріс орнын ашу үшін барлық жағдайдың бар екендігіне тоқталды. 

Биыл Шымкентте кәсіпкерлік, өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға арналған 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриялық аймағы құрылды. Аймақта қажетті инфрақұрылыммен қамтасыз ету жұмыстары аяқталуға жақын. Жер инвесторларға ұзақ жылға жалға беріледі. Кәсіпкер бірқатар жеңілдіктерді иеленді. Оның ішінде тарифі төмендетілген коммуналдық қызметтер де бар. 

– Бүгінгі кездесу екі жақты ынтымақтастыққа септігін тигізіп қана қоймай, Шымкенттегі жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асырудың алғы шарты болатынына сенімім мол, – деді қала әкімі. 

Coca-Cola İçecek компаниясының өкілі – егер әкімдік тарапынан қолдау болса, жобаға инвестиция құюға әзір екендігін білдірді.

Жалпы Шымкентте инвестиция құямын, кәсіп ашамын дегендерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар көп. Индустриялық аймақтар мұның бір парасы ғана. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, талап-тілектерін тыңдау өз алдына.

Жақында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Шымкент қалалық филиалында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Басқосуға Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері Мырзахмет Сынабаев, Рүстем Әшетаев, Азат Әміртай және жергілікті кәсіпкерлер келді. Кездесуде кәсіпкерлікке қолдау және дамыту тетіктері сөз болды. 

– Қалалық қоғамдық кеңес үкімет пен халықтың арасындағы «алтын көпір» рөлін атқарып жатыр деуге болады. Мысалы, бір жағынан, азаматтардың өтініштерін билік өкілдеріне жеткізу болса, екінші жағынан, құқықтық-нормативтік актілерді, жаңашылдықтарды халық арасында түсіндіру де бар. Мемлекет басшысы жолдауында экономика, оның ішінде кәсіпкерлікке баса назар аударды. Оның ішінде қоғамдық кеңестің отырыстарында құрылыс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, қалалық сәулет, жер қатынастары, тұрғын үй, коммуналды шаруашылық тақырыптары жиі көтеріледі. Осы салаларға қатысты ой-пікірлеріңіз, талап-шағымдарыңыз болса, бірге талқылайық. Біз жауапты мамандарға жеткізуге тырысамыз, – деді Мырзахмет Сынабаев. 

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Іскер азаматтар жеңілдетілген несие алу мен басқа да қаржылық қолдау мәселелері мазалайтынын атап өтті. Кейбір кәсіпкерлер жұмыс істеп тұрған өндірісі бола тұра екінші деңгейлі банктен несие алуда кедергіге тап болатындарын жеткізді.

Қоғамдық кеңес мүшелері көтерілген мәселелер мен сұрақтарды жазып алып, тиісті органдарға жеткізуге уәде берді.

Тегтер: