Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:54, 21 Желтоқсан 2021

Цой кетті, тәжтажал қалды

None
None

Дүйсенбінің жаңалығы еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың қызметінен босатылуынан басталды.

Былтыр дүниежүзі коронавируспен күресіп жатқанда біз жемқорлықпен алысып жатқан едік. Нәтижесінде экс-министр Е.Біртановқа қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, орнына Алексей Цой келген болатын. Ең сұмдығы – сол  кездерде індетпен күрес қадағалаусыз қалып, елімізде коронавирусқа шалдыққандар саны күрт артып, халыққа тыныс алу қондырғысы жетпей, ауруханадан жататын орын таппай, талай жан ауа жетпей тұншығып қайтыс болды.

Бетперде, дәрі-дәрмек жетіспеушілігі қолдан туындатылып, барының бағасы аспандап кетіп, халқымыз індеттің алдын алуға мүлдем дайын болмады. Басқа елдер дәрісін, маскасын тегін таратып, ПТР тестін тегін тапсырып жатқанда халқымыз сол қызметтерде сатып алатын ақшасына таппай сандалып кетті. Халық ақша жинап, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, жабық шекарадан жасанды тыныс алу қондырғысын өткізу мәселелерін өз бетімен шешті. Қысқасы, басқа елдер ұлт денсаулығын сақтау үшін барын салса, бізде халықты қинаудан, денсаулығымен сынаудан алдымызға жан салмадық. Халық денсаулық сақтау министрлігінсіз індетпен өз күшімен күресті. Сол сәттерде денсаулық сақтау министрлігі деген аты дардай құзырлы мекеменің бар-жоғын да, коронавируспен күреске бөлінген миллиардтардың да игілігін сезіне алмадық.

Сондай бір аласапыран кезде денсаулық сақтау саласына министр болып келген Алексей Цой алғашында құтқарушы періштедей болып көрінгені рас. Алайда Цойдың да «қарық» қылғаны шамалы болды. Атап өтер басты жайт, басқа елдер індетті жеңіп, соңғы науқасын ауруханадан шығарып, арасында індеттен демалып жатса, біздің елде індет келіп кірген күннен бері қарай науқас тіркелмеген күн жоқ. «Наконец-то» келген қонақтан айырылып қалудан қорықтық па, әйтеуір, еліміздің денсаулық сақтау саласы індетті толығымен қуып шыға алмады. Халықтың қалтасын ай сайын қаққанымен, қызмет сапасы арта қоймаған міндетті медициналық сақтандыру, екпеге қатысты түсіндіру жұмыстарының талапқа сай болмауынан антиваксерлердің көбеюі, жалған екпе жасатушылардың артуы, ревакцинация түгіл, екпенің бірінші кезеңінің дұрыс жүргізілмеуі, ана мен бала өлімінің артуы, дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы секілді қордаланған мәселелер әлі де азаймай тұр.  

Соңғы ақпаратқа қарағанда, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алғандар 8,3 млн адамға жеткен. 150,6 мың жасөспірімге және аяғы ауыр немесе бала емізіп жүрген 38 мың әйелге Pfizer вакцинасы салынған. 2020 жылдың наурызынан бері елде 980 372 адамның ПТР тесті оң шыққан. Басым бөлігі жазылған. 12,8 мыңы қайтыс болған. 83 мың адам «ковидтектес пневмониямен» ауырған. 5,1 мыңы қайтыс болған. Алайда індет әлі ел ішінде сайран салып жүр. Бұл қарқынмен елдегі барлық адам індетпен ауырып шығып, денсаулығымыз төтеп бере алмағаны кетіп, қалғанымыз қалатын тәріздіміз. Ондай жағдайда індетпен күреске миллиардтарды не үшін бөлеміз?!

Мұнымыз «Цой кеткен соң, қылышыңды тасқа шап» емес, немесе кеткен адамның атынан «бір уыс топырақ шашу» да емес. Жалпы, шенеуніктерімізде жауапкершілік бар ма өзі дегенге саяды. Әлде дым бітірмей, саладағы қордаланған мәселелерге мән бермей, министрдің айлығын алып, сосын біршама уақыт өткен соң, «ат ауыстырып мініп» кете беруге бола ма?

Айтпақшы, жұрт тегін екпені алмай жатқанда «Пфайзер-Бион Теч» компаниясының вакцинасын халыққа «сатып алыңдар» деп шыққан да Цой  болатын. Қазір аталмыш екпені жағдайы жеткендер ғана алуда. Сөйте тұра, аштығымызды білдірмей, сыртқа жүнімізді қампайтып, вакцинаны тегін алуға мүмкіндік беретін әлемнің 100-ден астам елі өтініш берген COVAX жобасына қатысудан бас тартып отырмыз. Билік өкілдері «Бұл кедей, артта қалған елдерге арналған көмек, ал біз дамыған елдер қатарындамыз» деп, бәрін өз қалталарымен өлшеп отырғанда осыған дейінгі екпенің сапасына сенбеген, ал  Pfizer-ге ақшасы жетпеген талай жұрт егусіз қалды.

Көрші Өзбекстан кеше осы COVAX бағдарламасымен АҚШ-тан 300 мың дана «Файзер» вакцинасын алды. Күні бүгінге дейін 6 млн-нан астам дана осы екпе елге тегін жеткізіліп, тегін салынуда. Ал біздікілер «ақшасы барлар Pfizer алсын, жоқтары тегін бергенімізбен егіліп кетсін» деп, «ала қойды бөле қырқып», ел азаматтарын алалап отыр. Қысқасы, министрдің жоғары жаққа берген есебі кіршіксіз шығар, бірақ халық денсаулық сақтау саласының қамқорлығын әлі сезіне алмай отыр. О баста Алексей Цойды «коронавирусты жеңеді» деп әкелген болатын. Министріміз кетті, ал тәжтажал қалды.

Тегтер: