Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:30, 02 Ақпан 2021

Цой мырза, вирустан қашан құтыламыз?

None
None

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «наурыз айының аяғында  Қазақстанда коронавирус шарықтау шегіне жетеді» деп отыр.

 Бұл турасында министр былай дейді: «Қазіргі шектеу шаралары: міндетті түрде маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтап жүру болуы керек. Вирустың шарықтау шегі наурыз айында тіркелмек».

       Цой ұсынған жағымды сценарий бойынша наурыздың аяғында вирус күніне 3000 адамнан анықталады, 24 мың төсек-орын бос болмайды. Осы жағымды сценарий жүзеге асса, министрлік қатаң шектеу шараларын енгізбейді. Ал жағымсыз сценарий бойынша вирус күніне 6 мыңнан 9 мыңға дейін адамнан анықталады. Ауруханадағы 45 мың төсек-орын бос болмайды. Мұндай жағдайда министрлік қатаң локдаун енгізуге мәжбүр болады. Ал бұл локдаунның салдарынан қаншама сала есеңгірейтінін ескерсек, «экономиканы да, елді де әбден ығыр қылған вирустан қашан құтыламыз» деген заңды сауал туындайды.

                    Вирустан минусқа кете береміз бе?

       Жалпы, коронавирус пандемиясының салдарынан еліміздің іскерлік белсенділігі төмендейтінін «Жас Алаш» бұған дейін де жазды. Мұны Дүниежүзілік банктің мамандары да растап отыр. Болжам бойынша биыл ел экономикасы 1990 жылдардың соңынан бері алғаш рет 3 пайызға қысқарады. Кедейшілік биыл 12,7 пайызға өсіп, 800 мың адамның кедейлер санатына енуі әбден мүмкін. Жұмыссыздық үш есеге артады деген жорамалдар да жоқ емес. Ал енді осылай вирустан минусқа кете береміз бе?! Ел сенген үкімет неге ұтымды шаралар қабылдамайды?!  Елімізге енген тәжтажалмен бір жылға жуық «арпалысқанмен», неліктен вирустың бетін қайтара алмай отырмыз?! Бұл ретте бюджеттен бөлінген триллиондардың есебі толық па?! Көкейде сауал көп. Редакциямызға күн сайын хабарласқан оқырмандарымыздың да қояр сауалы осы.

             Бөлінген мол қаражат неге нәтижесін бермейді?!

       Негізінде, былтыр мамыр айында коронавирусқа қарсы күреске 6 трлн теңге қаражат бөлінді.  Бұл – шамамен 13 миллиард доллар немесе  ЖІӨ-нің 8 пайызы. Бірақ «мұнша мол қаржы нақты қайда жұмсалды, нәтижесі қандай» деген ақпаратты ешкім ашық айтып жатқан жоқ. Ең қызығы, осынша триллиондар вирустың бетін қайтаруға жетпей де қалды. Қомақты қаражат бөлінсе де, былтырғы шілде айында халық шырылдап, дәрі таппай не ауруханадан орын таппай, вируспен күресуі тиіс  медицинамыздың «маскасы» шешіліп, біраз адамдар еміне дауа таба алмай, шейіт те болды. Артынша үкімет вируспен күреске тағы да миллиардтаған қаражат бөлді. Бұған қатысты денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 7 шілдеде қаражаттың қайда жұмсалғанын айтып, есеп берген болды. Оның айтуынша, пандемия кезінде індеттің бетін қайтару үшін 114 миллиард 826 миллион теңге бөлінген. Мұның 40 миллиард 58 миллион теңгесі үкімет резервінен, ал 74 миллиарды республикалық бюджеттен бөлінген. Сол тұста денсаулық сақтау министрі Цой 114 миллиардтың есебін түгендеп бергенімен, сөзі қаржы министрлігінің есебімен бірдей шықпай қалды. Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, елімізде коронавируспен күреске 191 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Осы орайда, Шолпанқұлов: «Коронавируспен күреске республикалық бюджеттен 191,9 млрд теңге бөлініп отыр. Оның 125 млрд теңгесі бюджетті нақтылау аясында, 66,9 млрд теңгесі үкімет резервінен бөлінген. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан және медициналық қызметтер сапасын бақылау комитеті арқылы да көрсетілетін медициналық қызметтерге бақылау жүргізіліп, қадағаланады», – деген-ді.

       Бұдан кейін қазан айында  парламент сенатының жалпы отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2020-22 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау аясында коронавируспен күреске қосымша 238,7 млрд теңге қаражат бөлу туралы заң жобасын қабылдатып шықты. Есептесек, елімізге тәжтажал енгелі қазынадан қомақты қаражат бөлініп-ақ жатыр. Бірақ ел медицинасының вируспен күресудегі қауқарына  халықтың, жалпы қоғамның көңілі толар емес.

        Бұл ретте бізге пікір білдірген «Барометр» талдау-сараптау орталығының әлеуметтанушы маманы Серік Еңсебаевтың айтуынша, былтыр наурыз айында төтенше жағдай жарияланды. Үкімет іле-шала індетпен күресуге 6 трлн теңге бөлді. Бұл қаражат медицинаны мықтап алуға жеткілікті еді. Бірақ біздің дәрігерлер соғысқа ешқандай қарусыз енген сарбаз сияқты болды.  Не дәрі жоқ, не дәрігер жетіспеді, не маска жоқ. Масканы халық өзі тігіп киді. Дәрі жоқ болған соң, халық өзін-өзі емдеуге кірісті. Үйінде емделген қаншама адам қыршын кетті.

      – Ауруханаға барғандары да табытпен шығып жатты. Әу баста коронавирусты симптомды және симптомсыз деп бөлгенде, үкімет көрсеткішті жасырғысы келді. Бірақ бұл халықаралық талапқа сәйкес келмейтін дүние. Әлемдік пандемия болғаннан кейін бұған халықаралық ұйымдар да назар аударып отыр. Қаншама елден гуманитарлық көмек келді, қаншама қаржы бөлінді, мұның толық есебі берілуі керек. Қаржы жем болса, оны да ашып айту керек. Ақиқатты жасырудың қажеті жоқ, – дейді әлеуметтанушы.

        Осылайша мамандар «індетке бөлінген қаражат жемқорлардың жеміне айналмағанда біз вирустан әлдеқашан құтылар ма едік» дегенді алға тартып отыр. Осы орайда, «сенгеніміз Біртанов еді, оның өзі істі болып кетті, ал ендігі сенгеніміз Цойдың циркі таусылмай тұр» дейтіндер де баршылық.  

        

                   Цойдың идеясы ақылға қонымды ма?

       Цойдың циркі демекші, «жағдайды қалыпқа келтіреді» деген  министрдің вирусқа қатысты енгізген екі жаңалығы ел есінде мәңгі қалатын шығар. Біріншісі – Цой келе сала, «карантин» сөзін «локдаун» деп жұмсартып,  вирусқа қатысты мәліметтерді барынша жұмсақтап бере бастады. Бұдан соң, екіншісі – үкіметке есеп беріп тұрып, елдегі ПТР тестілеу мәселесі естілеу шешіліп жатқанын айтқысы келген Цой былай деді: «Бүгінгі таңда тестілеудің нақты қуаты тәулігіне 32 мың зерттеуді құрайды. Алдағы уақытта мұны тәулігіне тағы 8000-ға өсіру керек. Мәселені шешу үшін 1 тамыздан бастап ветеринарлық қызметтің 67 маманын тарта отырып, ветеринарлық қызметтің зертханаларын пайдалануды жоспарлап отырмыз».

        Осылайша, министрдің айтуынша, коронавирусты анықтайтын тестілерді  мал-дәрігерлік зертханаларда жасауға болады.  Сол-ақ екен, ауылдағы ағайынның біразы базынасын айтып шыға келді. «Мына министр енді біздің тағдырымызды мал дәрігерлері арқылы шешуге көшті ме, бұл не мазақ» деген елдің шағымынан сескенді ме,  әлде өзінің идеясы біртүрлілеу екенін сезінді ме, артынша денсауминнің басшысы вирус пен ветеринарияны қабыстыра қоймайтын болды.

   

                                Вакцина: көңіліңіз шоши ма?!

        Қазір Цойдың және еліміздің бас санитары Ерлан Қиясовтың,  тағы басқа шенділердің басы «елдегі вакцина науқанын қалай ойдағыдай өткіземіз» деген оймен сансырап жүргені хақ. Өткен жұма күні Қиясов коронавирусқа қарсы вакцина салу талаптары бекітілген қаулыға қол қойды. Қаулы бойынша  1 ақпаннан бастап бірінші кезекте педагогтарға, медицина қызметкерлеріне, полиция қызметкерлеріне вакцина салына бастайды. Вакцинаға қатысты бас санитар Ерлан Қиясов «мен екпені салдыруға дайынмын» десе, Алексей Цой:  «Мен әзірге ресейлік вакцинаны да, қазақстандық вакцинаны да қабылдаған жоқпын. Біз алдымен осы вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдейтін қорытындыны күтіп отырмыз, одан кейін қабылдай беруге дайынбыз», – деген болатын. Осы арада «бұл екпе халыққа қауіпсіздігі мен нақты тиімділігі анықталмай жатып ұсынылып отыр ма» деген де заңды сауал туындайды. Бұдан бөлек, «бұл вакцинаны бірінші кезекте педагогтар, медицина қызметкерлері емес,  ел аманатын арқалаған депутаттар, сенаторлар, министрлер, әкімдер неге салғызбайды» деген сауал да елді мазалайды. Біз аталмыш екпені министр Асхат Аймағамбетов, Ерлан Қарин, Бердібек Сапарбаев алғанын білеміз. Ал қалған шенділер неліктен белсенділік танытпай отыр? Атқамінерлер белсеніп отырмағаннан кейін, халық та кімге сенерін білмей отыр.

       Қалай десек те, 1 ақпаннан бастап екпе егу басталады. Ел қазынасынан бұл науқанға 50 млрд теңге бөлініп отыр. Вирустың өршу қаупі бойынша Қазақстан қазір тұтастай «қызыл» аймаққа енді. Әсіресе солтүстік өңірлерде вирустың қарқыны қатты өсіп тұр. Былтыр аймақтардың барлығы жаппай вирус жұқтырып жатқанда солтүстік өңірлер өте қырағы болып еді. Биыл, керісінше, солтүстіктің «қызуы түспей, тынысы тарылып-ақ жатыр».

       Ақиқатын айту керек, қазіргі жағдайда жұрт бірі министрдің аузын бақса, енді бірі бұл саясат деп қолын сілтейді. Ал медицинаға сенбеген қайсыбірі бақсы-балгер аралап, солардың көмегіне жүгініп кетті.  Халықтың санасын «ауруханаға барсаң, коронавиурс деп, статистикаға  қоса салады» деген қорқыныш та меңдеп алды. Елдің бұрын да бұл салаға сенгенінен сенбегені басым еді. Қазіргі жағдай халықтың күдігін тіпті қоюлатып жіберді.

        P.S. Тағы  бір мысал ететін дүние – біз тәрізді ТМД құрамына енетін Тәжікстан 26 қаңтар күні  «коронавирустан құтылдық» деп жалпақ әлемге жар салды. Ең қызығы, былтыр шілде айында өзіміздің тынысымыз тарылып жатқанда, біздің үкімет «жыл соңына дейін Тәжікстанға портативті өкпені жасанды желдету аппараттарын гуманитарлық көмек түрінде жеткіземіз» деп жоспарлаған болатын. Сөйтіп, біз көмектеспек болған Тәжікстан қазір «індеттен арылдық» деп, бұл туралы елдің президенті де, денсаулық сақтау министрі де ресми мәлімдеме жасады.  Ал бізде бір жылға жуықтаса да, вирустың беті қайтар түрі жоқ. Енді Цой сөздік қорымызға енгізген локдауннан «нокдаун» алып қашанға дейін отырамыз?! Цой мырза, біз вирустан қашан құтыламыз, осы? Вирустың келетін кезін, қанша адам ауыратынын болжағанда тым сәуегейсіздер ғой, ал вирустың кететін кезін жорамалдайтын қабілеттеріңіз неге оянбай тұр?

Тегтер: