COVID-19: Емдеуде халықаралық тәжірибе алмасу маңызды қағида
Алматы әкімдігі мен Джонс Хопкинс атындағы аурухана COVID-19-бен ауыратын науқастарды емдеу саласында тәжірибе алмасу бойынша вебинар өткізді.
Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен Сан-Франциско қаласындағы Қазақстан Республикасының бас консулдығының қолдауымен Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жүйесінің емдеуші дәрігерлері мен Халықаралық медициналық зерттеулер орталығы және Джонс Хопкинс атындағы аурухана мамандарының қатысуымен «COVID-19-бен ауыратын науқастардың қарқынды терапиясы» тақырыбында халықаралық вебинар өтті. Негізгі мақсат – COVID-19-бен ауыратын науқастарды емдеу мәселелері және алгоритмі бойынша тәжірибе алмасу.
Вебинарды ашқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров шараны өткізу дәрігерлерге, медициналық ұйымдардың басшыларына және Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына COVID-19-ға қарсы күресте практикалық көмек көрсететінін атап өтті. «Өткен жылы карантин шаралары енгізілгеннен кейін Алматы қаласының әкімдігі қала басшысы Бақытжан Сағынтаев бекіткен «Пандемия жағдайында Алматы тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын» әзірледі. Бұл жоспардың басты мақсаты мегаполисте аурудың деңгейі мен қарқынын басқару арқылы COVID-19-ға қарсы тұру жүйесін құру, жұмыс істеп тұрған экономикамен карантиндік шаралар теңгерімі жағдайында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру болды. Осыған байланысты біз жаңа деректерге жүйелі мониторинг жүргізу, пандемиямен жалпы күресте басқа елдердің тәжірибесін пайдалану өте маңызды деп санаймыз», – дегенді алға тартты Е.Бабақұмаров.
Еске сала кетсек, Алматы әкімдігі қаладағы аурудың деңгейі мен қарқынын басқару міндетін қойды, ол үшін денсаулық сақтау жүйесінің барлық буындарының жұмысы үйлестірілді. Ауруханаға жатқызуда басқару жүргізілуде. Науқастарды сұрыптау алгоритмі жұмыс істейді. Медициналық көмектің сапасын арттыру үшін барлық стационарларда жарақтану деңгейі мен кадрлық әлеуетін эшелондау бойынша бөлу қағидаты енгізілді. Науқас жағдайының ауырлығына қарай тиісті ковидтік ауруханалардың біріне жатқызылады. Бұл тәсіл КВИ бар адамдардың ағынын нақты басқаруға мүмкіндік береді. Стационарлар жұмысы тиімділігінің басты критерийі ретінде өлім-жітім деңгейі анықталды. Ол үшін арнайы мультибригадалар құрылды және қаланың барлық жансақтау бөлімшелерін бақылауды орталықтандыру үшін Анестезиология және реаниматология орталығы, сондай-ақ жедел әрекет ету үшін анестезиологтар мен реаниматологтардың мобильді тобы құрылып, жұмыс істеуде. Сонымен қатар сәуір айынан халықты жаппай вакцинациялау басталды. Жалпы, бүгінде 150 мыңға жуық қала тұрғыны екпе салдырды.