Covid-19: Вакцина қауіпті ме, мифке сенеміз бе, әлде министрге ереміз бе?!
Белгілі болғандай, 1 ақпаннан Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация басталады.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой аталмыш екпенің ең бірінші кезекте кімдерге салынатынын, вакцинаны кімдердің тегін алатынын тәптіштеп түсіндіріп-ақ жатыр. Бұл ретте министр: «Медицина қызметкерлерін, педагогтерді, полицейлерді, сондай-ақ жүрек-қантамыр жүйесі, тыныс алу органдары, қант диабеті тарапынан созылмалы аурулары бар адамдарды және халықтың осал топтарын коронавирустық инфекцияға қарсы тегін вакцинациялаймыз», – деді. Министрлік жыл соңына дейін 6 млн қазақстандыққа Covid-19-ға қарсы вакцина егуді жоспарлап отыр.
Күдік пен күмән
Сөйтіп, жоспар бар, вакцинация науқаны жуық арада басталғалы тұр. Бірақ нақ осы шараға қатысты көптің көңіліндегі күдік пен күмән қоюланып барады. Қазір жұрт арасында «аталмыш вакцинаны салдырған адам алты айдан соң қайтыс болады екен», «вакцина салдырған адам өліп кететін болса, үкімет өтемақы ретінде 500 мың теңге беретін болыпты», «вакцинаны алған адам үш аптадан соң сал ауруына ұшырайды екен» деген қауесеттер өршіп тұр.
Пайымдасақ, қарапайым көпшіліктің бұлай даурығатын жөні де бар. Бұған себеп – елде вакцинаға қатысты толыққанды, халық қанығатын ақпарат жоқтың қасы. Мысалы, Covid-19-ға қарсы Қазақстан ғалымдары төрт бірдей вакцина әзірлеген көрінеді. Қайсыбір деректер соның бірін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үміткер вакциналар санатына қосқанын растаса, енді бірі оны жоққа шығарады. Біз Қытайдың, Ұлыбританияның, АҚШ пен Германияның, Ресейдің әзірлеп жатқан вакциналары туралы ақпаратты көбірек білеміз. Олардың вакцинаны сынақтан өткізудегі әрбір жетістіктері мен кемшіліктері жайлы деректер ғаламторда толып тұр. Ал біздің отандық QazCovid-in вакцинасы туралы тұшымды деректер саусақпен санарлық. Отандық вакцинаның ағзаға әсері, оның артық-кем тұсы әлі де халыққа түсінікті түрде ашық айтыла қойған жоқ.
«Жас Алашқа» пікір білдіргензаңгер, құқық қорғаушы Ермек Қасымбектің айтуынша, QazCovid-in вакцинасын Жамбыл облысы Қордай ауданының Гвардейский кентінде орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты дайындапты. Вакцинаның клиникалық сынақтарының екінші кезеңі 2020 жылдың желтоқсанында аяқталды. Жаңа жылдан кейін үшінші кезеңі басталуы тиіс. 2021 жылдың наурызында Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы отандық вакцина өндіретін зауыт салынады деген жоспар бар. Оның құрылысына 7 миллиард теңге жұмсалмақ. Ол жерде кемінде 30 миллионнан 60 миллион данаға дейін вакцина өндірілетін болады. Міне, отандық вакцина жөніндегі бізге белгілі ақпарат осы.
– Ал вакцинаның адам ағзасына әсері, оның қауіптілігі немесе артықшылығы туралы нақты деректер жоқтың қасы. Бұл жасырын ұстайтын құпия ма? Неліктен вакцина жөніндегі алыпқашпа әңгімелерге қатысты министрлік немесе оны даярлаған институт ғалымдары ресми мәлімдеме жасамайды? Вакцинаның артықшылығы немесе кемшілігі неге толық жария етілмейді? – дейді Ермек Қасымбек.
Цойдың ақиқаты
Ал аталмыш вакцинаға қатысты Цойдың өз ақиқаты бар. Бұл ретте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой былай деген болатын:
– Мен әзірге ресейлік вакцинаны да, қазақстандық вакцинаны да қабылдаған жоқпын. Біз қазір соңғы қорытындыны күтіп отырмыз. Вакцина Қазақстанда тіркеліп, көптеп шығарылғаннан кейін мен де алдыңғы қатардағылардың бірі болып вакцина қабылдаймын. Ешқандай бұрмалау болмас үшін министрліктегі әріптестерім де вакцина қабылдайды, оның бір бөлігі ресейлік вакцинаны қабылдаса, енді бір бөлігі қазақстандық вакцинаны қабылдайды. Бұл екі елдің вакцинасы да қауіпсіз әрі тиімді екенін көрсету үшін керек. Алдымен осы вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдейтін қорытындыны күтіп отырмыз, одан кейін қабылдай беруге дайынбыз. Бұған қатысты ешқандай мәселе жоқ.
Сондай-ақ ол президент көмекшісі Ерлан Қариннің, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің коронавирусқа қарсы вакцина қабылдауына қатысты пікір білдірді.
– Әріптестеріміз вакцина қабылдап жатқаны өте жақсы, бірақ денсаулық сақтау министрінің вакцина қабылдауы вакцинаның 100 пайыз қауіпсіз екеніне кепілдік беруі және бүкіл халықты вакцина қабылдауға шақыруы болып саналады. Бұл үлкен жауапкершілік, сол себепті біз қорытындыны күтіп отырмыз. Медицина саласының қызметкерлері ретінде, денсаулық сақтау саласының сарапшылары ретінде вакцинаның қауіпсіз әрі тиімді екеніне кепілдік беретін қорытындыны алуымыз керек. Біздің міндет – барлық қажетті қорытындыны алғаннан кейін барып вакцина қабылдау. Біз солай істейміз және көрсетеміз, – деді Алексей Цой.
Тәуекелдің құны – 200 мың теңге
Министрдің вакцинаға қатысты пікірі осылай түзілгенімен, отандық вакцина бұған дейін екі кезеңдік зерттеуден өткен. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының хабарлауынша, екеуінде де 96 пайыздық тиімділікті көрсеткен. Соңғы үшінші фазада вакцина еріктілерге, яғни қарапайым адамдарға салынып жатыр. Зерттеу жұмысына қатысып, екпе ектіргендерге, яғни басын тәуекелге байлағандарға 200 мың теңге көлемінде ақша да беріліп жатыр. Жоспар бойынша 3000 еріктіге вакцина салынуы керек. Бұл ретте заңгер Ермек Қасымбек:
– Отандық вакцинаны шығарушылардың бірі – Биологиялық қауіпсіздік мәселесі комитетінің ұлттық ғылыми-зерттеу институты мемлекеттің өздеріне бюджеттен бөлген қаражатын есептей келе, вакцина салдыратын еріктілерге 200 мың теңге тағайындауды ұйғарды. Ақшалай сыйақы халықты вакцина салдыруға тартудың бір амалы болды. Бірақ насихат дұрыс болса, түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілсе, ақпарат ашық берілсе, мұншама қаражатты жұмсаудың қажеті де болмас еді. Бізде, өкінішке қарай, әрбір бастама сауатты насихатталмайды, – дейді.
Жалпы, мамандардың айтуынша, соңғы бір айда коронавирусқа қарсы вакцина әлем бойынша ең көп талқыланыпты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінге дейін клиникалық сынақтан барлығы 47 вакцина өтуде. Әлемнің басқа елдерінде вакцинациялау барысында АҚШ президенті Джо Байден, Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Тель-А-Шомердегі Шиба медициналық орталығында вакцина салдырып, елге үлгі көрсетті. Ал Ресейде «Спутник V» вакцинасын алғашқы болып салдырған Мәскеу мэрі Сергей Собянин болды. Сонымен қатар препарат Беларусь премьер-министрі Роман Головченкоға да егілді. Тізе берсек, әлемнің танымал саясаткерлері де, медицинасы да елді вакцинаға сендіру үшін барлық ақпаратты ашық әрі қолжетімді етіп насихаттап жатыр. Ал бізде вакцинаға қатысты ақиқаттан аңыз басым болып тұр.
Қайтпек керек, мифке сенеміз бе, әлде көзді жұмып министрге ереміз бе? Нақ қазір халықты осы сауалдар мазалап жүргені анық. Негізінен, сала мамандарының айтуынша, вирус мутацияға ұшыраса, вакцина тиімсіз болып қалуы да мүмкін. Медицина ғылымының докторы, профессор Шолпан Қалиева: «Вирус мутацияға түссе, вакцина 100 пайыз емес, 30 пайыз ғана тиімді болуы мүмкін. Вакцина белсенді болады, бірақ 100 пайызға емес», – дейді.
Біздің білуімізше, әлемдік қауымдастықтың оң бағасын алғандардың қатарына қазақстандық вакцина әлі ене қойған жоқ. Демек, біздің әрқайсымыз отандық вакцина туралы толығырақ әрі ауқымды ақпаратты білуге, оны талап етуге құқылымыз. Осыған байланысты болашақта тиісті ведомостволар халыққа ашық әрі сауатты ақпарат беруге асығар деп үміттенеміз.