CPJ Қазақстан билігін Гүлнар Бәжкеноваға қарсы қысымды тоқтатуға шақырды
Халықаралық журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстан билігін «Орда» тәуелсіз басылымының бас редакторы Гүлнар Бәжкеноваға тағылған «жалған ақпарат тарату» жөніндегі қылмыстық айыптарды дереу алып тастауға және редакция жұмысына кедергі келтірмеуге шақырды.
Бұл туралы ұйым сейсенбі күні ресми мәлімдеді.
1 желтоқсанда қарулы полиция «Орда» редакциясына Астана мен Алматы қалаларында басып кіріп, кемінде бес қызметкерді ұстады. Сондай-ақ Бәжкенованың үйінде тінту жүргізілді. Тергеу органдары оған «саналы түрде бірнеше рет жалған ақпарат таратты» деген айып тағып, екі айға үй қамаққа алу туралы шешім қабылдады. Қалған қызметкерлер бірнеше сағаттық тергеуден кейін босатылған.
CPJ мәліметінше, бұл әрекеттер редакция мен оның жетекшісіне қарсы соңғы айларда күшейген қысымның жалғасы. Бұған дейін «Орда» кибершабуылдарға, зорлық-зомбылық қаупіне және Бәжкенованың «қаза тапты» деген жалған хабарламаларға тап болған.
CPJ мәлімдемесі
"Ордаға" жасалған полицейлік рейд пен Гүлнар Бәжкеноваға тағылған қылмыстық айыптар Қазақстандағы тәуелсіз медиаға көрсетіліп отырған қысымның күрт күшейгенін көрсетеді. Бұл елдегі "жалған ақпарат" туралы заңдардың билік тарапынан теріс пайдаланылатынын тағы дәлелдейді», — деді CPJ-дің Еуропа және Орталық Азия бағдарламасының үйлестірушісі Гүлноза Саид.
Ол Қазақстан билігін Бәжкеноваға тағылған айыптарды дереу тоқтатуға, жала жабу істерін тек азаматтық тәртіппен қарауға мүмкіндік беретін заң реформаларын шұғыл қабылдауға шақырды.
Редакциядағы тінту және заңгерлердің кіргізілмеуі
«Орда» хабарлауынша, Алматыдағы редакцияда полиция қызметкерлері журналистерді бес сағат бойы шығармай ұстап, адвокаттарды ішке кіргізбеген және тінтуге ордер көрсетуден бас тартқан. Тінту барысында техника, құжаттар, сейфтегі қолма-қол ақша және журналистердің телефондары тәркіленген.
Алматы полициясы Бәжкеноваға 2024 жылғы бірнеше материал бойынша жалған ақпарат тарату айыптарын қойғанын, ал оның бұдан бұрынғы жұмыстарын тексеру әлі жалғасып жатқанын мәлімдеген.