Дағыстандағы су тасқыны: алты адам қаза тапты
Дағыстанда су тасқыны салдарынан 6 адам қаза тауып, 200-ден астам адам құтқарылды. Жалпы зардап шеккендер саны 6,2 мыңнан асты.
Ресей Төтенше жағдайлар министрі Александр Куренковтың айтуынша, республикада өңірлік деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілген, алайда ол жақын арада федералдық деңгейге дейін көтерілмек.
— Үкіметтік комиссия қорытындысы бойынша төтенше жағдай мәртебесін көтеру туралы шешім жуық арада қабылданады, - деді ол.
ТАСС мәліметінше, 2026 жылғы 4–5 сәуір аралығында өңірге қайтадан циклон әсер еткен.
— Жағдай Геджух су қоймасы бөгетінің бұзылуымен қиындады. Соның салдарынан Мамедкала елді мекеніндегі жеке үйлерді су басты, сондай-ақ «Кавказ» федералдық маңызы бар автожолында қозғалыс шектелді. ТЖМ бөлімшелері 200-ден астам адамды құтқарды. Өкінішке қарай, алты адам қаза тапты, - деген РФ ТЖМ министрі.
Министрдің айтуынша, су тасқынынан зардап шеккендерге атаулы көмек көрсетіліп жатыр, оның ішінде қаржылай төлемдер де бар.
Геджух су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан қаза тапқандардың туыстарына 3 миллион рубль көлемінде сақтандыру төлемі беріледі.
Еске салайық, Дағыстанда нөсер жаңбырдың жаңа толқыны болып, өңірдің бірқатар аудандарында қайтадан су басу жағдайлары тіркелді. Қатты жауын-шашын салдарынан үйлер мен электр қосалқы станциялары су астында қалып, көлік қатынасы шектелді.
Бұған дейін Дағыстандағы су тасқынынан 15,5 мың адам зардап шеккені хабарланған еді.