Дайындық шаралары күшейтілді
Шымкент қаласында корнавирустың екінші толқынына дайындық кезінде реанимациялық төсектерді жабдықтау мақсатында 314 функционалды кереует, 381 дозатор, 266 реанимациялық монитор және 381 медициналық сорғыш қондырғылар сатып алынды.
Бұл жөнінде ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлім етті.
— Қалада 3 оттегі станциясын орнату бойынша жұмыстар аяқталды. Екеуі қалалық инфекциялық аурухана базасында және біреуі №3 қалалық ауруханада. Бұдан бөлек медициналық ұйымдардағы 717 оттегі нүктелерін қосу және сұйық оттегіге арналған 9 резервуар орнату жұмыстары жүргізілуде, — деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, 13 санитарлық көлік демеушілік ретінде берілген. Мұнан өзге, медициналық ұйымдарда 612 өкпені жасанды желдету аппараттары жұмыс істейтін болады. Жыл басында 310 аппарат болса, қосымша 156 қондырғы Денсаулық сақтау министрлігінен жеткізілді. Одан басқа демеушілік көмекпен 20 аппарат және 98 оттегі концентратері берілді. 126 дана ИВЛ аппараттары жергілікті бюджеттен сатып алынуда.