Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 06 Қазан 2021

Дайырдан денсаулыққа пайдалы су шығады

None
None

Зайсан ауданы, Дайыр ауылында артезиан сулар және басқа да (алкогольсіз) сусындар өндіретін кәсіпорын жұмысын бастады.

Әрине, өндіріс орнының ашылуымен ешкімді таңқалдыра алмаспыз, бірақ, «АРНА-МИНЕРАЛС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты бұл зауыттың өзіндік ерекшелігі бар. Ол- Шығыс Қазақстан облысы бойынша минералды сусын өндіруді тұңғыш рет жүзеге асырып отырғандығы.

— Арнайы мамандармен бірлесіп, облыс аудандарының барлық су құрамын тексеруден өткіздік. Сараптай келе, осы Дайыр ауылынан алынған артезиандық ауызсу көзіне тоқталдық,-дейді аталған өндіріс орнының басшысы Мәди Оралханұлы.

Кәсіпорын жылына 27 млн литр су шығаруды көздеп отыр. Оның 18 млн. литрі бөтелкедегі артезиан суы болса, 9 млн.литрі газдалған сусын түрі болмақ. 60 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орнын ашуға 1 млрд. 650,7 млн теңге көлемінде инвестиция тартылған. «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында бір жыл ішінде салынған зауыт әсіресе, Дайыр ауылы тұрғындарын шексіз қуантып отыр. Өйткені, олардың минералды сусын шығару өндірісінің шебері болуы үшін Ресейдің Краснодар өлкесінен осы сала мамандары арнайы келіп үйреткен екен.

Отандық өнім шығаратын ауыл іргесіндегі кәсіпорынның болашақта аудан экономикасын нығайтуға да оң әсері болары анық. Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдиннің айтуынша, зауыт өнімінің жұрт қазір күнделікті өмірде жиі тұтынатын  «Сарыағаш», «Тассай» сияқты сусындармен тең дәрежеде екендігіне де көз жетіп отыр.

Тегтер: