Дала санитары – Тазқара

Құстар – табиғаттың тірі әуені. Аспанмен сырласқан, тіршілікке әр берген періштедей пәк жаратылыс.
Құстар айнала төңірегіне көрік қосып, сән беріп қана қоймайды, олардың тигізер пайдасы да шаш-етектен. Солардың ішінде табиғат тазалығына үлес қосып, экожүйеде ерекше орын алатын бір құс бар. Ол – тазқара.
Тазқараның түріне жұрт көбіне үрке қарайды. Шынында, ол – табиғат тазалығын күзеткен қанатты қарауыл, қайта өңдеуші, реттеуші, жүйелеуші. Жаратылысы сондай: өлексемен қоректеніп, айналаны түрлі аурудан, жұқпалы кеселден сақтайды. Егер тазқара болмаса, ашық далада өлексе үйіліп, індет жайлап кетуі бек мүмкін еді.
Тазқара – қанатты әлемнің ең ірі және ең ерекше тіршілік иелерінің бірі. Денесінің ұзындығы – бір метр, ал қос қанаты керілгенде ұзындығы 2 метр 20 сантиметрге дейін жетеді. Қара қоңыр түсті бұл құстың екі көзі мен мойын тұсы жалаңаш келеді. Табиғат оған дәл осындай қызметке лайық бейне бергендей. Көбіне таулы аймақтарды мекендейді, негізінен өлексемен қоректенеді. Алайда аштық қысқанда тірі аңдарға да шабуыл жасаудан тайынбайды. Әуелі малдың етін жеп, кейін ішек-қарнын, ең соңында сүйектерін де бітеу күйінде жұтып қояды. Тіпті тасбақаны екі аяғымен қысып ұстап, тұмсығымен тесіп жейтін айлакерлігі тағы бар.
Бұл құс жылына бір ғана жұмыртқа салады. Сондықтан да табиғаттағы саны шектеулі, әрі қорғауға аса мұқтаж.Ілияс Жансүгіров бір өлеңінде: «Маралды мал ішінен атпен қуып,
әкеп жүр ауылына айдап Албан.
Тазқара балта жұтар, ақбас құмай,
Бұлақта отырғанын көрем ұдай», –
деп суреттейді. Халық ұғымында тазқара – жай ғана жыртқыш құс емес, сирақты құс ретінде де танылады. Оның сирақ сүйегінен бүркіттің аузына су тамызатын арнайы құрал жасаған.
Оңтүстік Корея ғалымдарының мәліметінше, тазқара – Жер бетіндегі асқорыту жүйесі ең мықты тіршілік иесі. Ғылыми зерттеу нәтижелері бұл құстың асқазаны тіпті темірдің өзін де қорытып жібере алатынын көрсеткен. Зерттеу жобасының авторларының бірі, генетик Чон Пактың айтуынша, тазқараның мұндай қасиетке ие болуы – оның асқазан сөліндегі қышқыл деңгейінің ерекше жоғары болуымен байланысты. Бұл табиғи ерекшелік құсты жұқпалы аурулардан қорғап, өлексемен еркін қоректенуіне мүмкіндік береді. Ғалымдар тазқараның тіпті оба, құтыру секілді аса қауіпті індетке шалдыққан жануарлардың етімен де еш алаңсыз қоректене алатынын айтады. Осылайша табиғаттың нағыз санитар дәрігеріне айналған бұл тазқара – экожүйе үшін таптырмас құс екені тағы бір мәрте дәлелденіп отыр.
Аспан аясында еркін қалықтаған осы бір қанатты тіршілік иесіне қатысты эколог, бердвотчер Нәрқыз Мәхметпен сұхбаттастық.
– Нәрқыз, бұл құс неге «Тазқара» деп аталған?
– Тазқара – жыртқыш құстардың бірі, көбіне сақалтай немесе қабырлықұстар тұқымдасына жататын кәрі лашын, латынша Gypaetus barbatus деп те аталады.«Тазқара» атауы құстың сыртқы бейнесіне байланысты берілген. Оның басы мен мойны жүнсіз, жалаңаш, яғни «таз» болады және қара-қоңыр түсті қауырсындары бар. Осылайша, сырт пішініне қарап халық оны «тазқара» деп атаған.
– Тазқара Қазақстанның қай аймағын мекен етеді? Оларды бақылау үшін тұзақ-камералар орнатылған ба?
– Ол еліміздің оңтүстік-шығысындағы биік таулы өңірлерде, атап айтқанда:
• Тянь-Шань,
• Жоңғар Алатауы,
• Қаратау,
• Шу-Іле таулары,
• Сауыр жотасында ұя салып, тіршілік етеді.
Көші-қон кезеңдерінде тазқара еліміздің басқа да өңірлерінде байқалады. Мысалы:
• Наурызым қорығында,
• Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінде,
• Павлодар облысында,
• Тарбағатай мен Алтайда кездесіп тұрады.
Иә, соңғы жылдары тазқараны зерттеу мен қорғау жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Қазақстандағы биологиялық әртүрлілікті сақтау орталығы (BRCC) мен отандық орнитологтар тазқаралар мекендейтін негізгі аймақтарға тұзақ-камералар орнатты. Бұл камералар құстың мінез-құлқын, азықтану ерекшелігін және ұя салу орнын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2024 жылы алғаш рет жас тазқараларға GPS-трекерлер орнатылды. Бұл құрылғылар құстың қозғалыс бағытын, көші-қон жолдарын, жылдамдығын және қыстау аумақтарын бақылауға көмектесуде.
Мысалы, белгіленген құстардың бірі Үндістандағы Раджастхан аймағына дейін жетіп, сол жерде қыстағаны анықталды. Бұл дерек тазқаралардың көп елді қамтитын күрделі миграциялық жолдары бар екенін көрсетті. Мұндай мәліметтер құсты қорғау шараларын халықаралық деңгейде үйлестіруге мүмкіндік береді.
– Тазқараның Қазақстаннан ұшып, Үндістанға дейін жеткенін айттыңыз. Сонда бұл құс арнайы ауа райын талғамай ма? Қайта оралуы мүмкін бе?
– Иә, тазқара – көптеген басқа құстар сияқты көшпенді құс. Ол жыл мезгіліне, ауа райының жағдайына және азық қорының жеткіліктілігіне байланысты қоныс ауыстырып отырады. Бұл – табиғаттағы қалыпты құбылыс.
2024 жылы Қазақстан мен Өзбекстанда бірнеше тазқараға GPS-трекерлер орнатылды. Соның ішінде біздің алғашқы бақылауға алынған тазқарамыз – Асу есімді құс – бүкіл қысты Үндістанның Раджастхан штатында өткізген. Бұл құстың Қазақстаннан түлеп ұшып, мыңдаған шақырым қашықтықтағы жылы климатты өңірге дейін жетуі – тазқаралардың бейімделгіштігін және кең ауқымды миграциялық қабілетін дәлелдейді. Ал жуырда, көктемгі көшу кезінде, Өзбекстан арқылы туған жеріне қарай бағыт алып келе жатқан сигналы тіркелді. Тазқара арнайы ауа райын таңдай бермейді, бірақ ол үшін:
• Жылы климат – қыста тіршілік етуге қолайлы,
• Таулы, жартасты аймақтар – ұя салуға қолайлы,
• Өлексеге бай аймақтар – азық іздеу үшін маңызды.
Міне, сондықтан да тазқаралар суық түсе салысымен оңтүстікке – Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан бағытында қоныс аударады. Ал көктем туғанда қайтадан туған мекеніне – Орта Азияға оралады. Қыстауға қалған құстарды да кездестірдік, бірақ бұл – өте сирек.
– Тазқара Халықаралық табиғатты қорғау одағы Қызыл кітабының сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар жануарлар тізімінде тұр. Оның қорғалуы үшін қандай шаралар істеліп жатыр?
– Иә, тазқара IUCN – Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізімінде және Қазақстанның Қызыл кітабында ерекше қорғауға алынған құс түрі ретінде тіркелген.Соңғы жылдары тазқараны қорғауға бағытталған нақты және ғылыми негізделген шаралар қолға алынды:
GPS-трекерлер орнату – тазқаралардың көшу жолдарын, қыстайтын және ұялайтын орындарын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл мәліметтер олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады. Халықаралық ынтымақтастық – Қазақстан, Өзбекстан және Үндістан елдерінің ғалымдары бірігіп тазқаралардың миграциялық жолдарын бақылап, деректермен алмасуда.
Ағартушылық және волонтерлік жобалар – мектептерде, ЖОО-да, табиғат қорықтарында тазқара туралы ақпарат кеңінен таралып, тұрғындардың экологиялық сауаты артып келеді. Арнайы буклеттер таратылған.
– Тазқараның экологияға тигізер пайдасы қандай?
– Тазқара – табиғи «тазалықшы» құс. Ол өлекселермен қоректеніп, табиғаттағы ауру тарататын қауіпті қалдықтарды жояды, бактериялар мен вирустардың таралуының алдын алады, биологиялық тепе-теңдікті сақтауға үлес қосады. Мысалы, тазқаралар болмаған жағдайда жануарлар өлекселері ұзақ уақыт ыдырамай жатып, аурудың ошағына айналуы мүмкін. Ал тазқара сол өлекселерді тау-таста, адам аяғы жетпейтін биік өңірлерде жеп, табиғаттың ішкі тазалығын қамтамасыз етеді.
– Оңтүстік Корея ғалымдары әлемдегі асқорыту жүйесі ең күшті тіршілік иесі тазқара дейді. Бұл туралы қазақстандық ғалымдар зерттеу жүргізді ме?
– Иә, тазқараның асқорыту жүйесі өте қуатты: ол өлген жануарлардың етін, тіпті шіріген өлекселерді де қорытатын ерекше қышқылды асқазанға ие. Бұл оны табиғи «санитар» етеді. Қазақстандық орнитологтар тазқараның экожүйедегі рөлі, ұшу бағыттары мен ұя салу әдеттері бойынша зерттеулер жүргізіп жатыр. Тазқараның асқорыту жүйесі, микрофлорасы мен биохимиялық ерекшеліктері туралы отандық арнайы зерттеулер әлі аз. Бұл бағыттағы ғылыми деректер негізінен Оңтүстік Корея, АҚШ, Германия, Израиль секілді елдердің ғылыми институттарының еңбектерінде кездеседі. Осылайша, арнайы зерттеулер әзірге шетелдік ғалымдардың еңбектерінде кеңірек қаузалған, дегенмен бұл – болашақтағы қызықты зерттеу бағыты.
– Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында еліміздің Қызыл кітабына толықтырулар мен өзгерістер жасалып, 21 жануар түрі шығарылып, 11 жануар жаңадан енгізілгенін мәлімдеген еді. Тазқараның Қызыл кітаптағы тізімнен шығуына мүмкіндік бар ма?
– Қазіргі уақытта тазқараның саны өте аз және ол жойылып кету қаупі бар құстардың бірі. Сондықтан оны Қызыл кітаптан шығару әзірге ерте. Ол ерекше қорғауды қажет етеді.
P.S. Әр таң тұмшаланған тау қиясынан самғап, биікте еркін қалықтайтын тазқара – табиғаттың үнсіз күзетшісі. Оның әрбір қимылы, әрбір қанат қағысы – тіршілікті тазартып, теңгерімді сақтауға бағытталған қастерлі миссия. Түсі қара болғанымен, бұл құстың рөлі – жарыққа қызмет ету. Қазақта «қыран құс қисық ұшып, түзу ілер» деген сөз бар. Қанаты көкпен таласқан тазқара болмаса, дала дертке, ел індетке толар ма еді, кім білсін?!
Жангүл Есениязова