Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 02 Ақпан 2025

Дәмегүл МЕРГЕНБАЕВА: «Тоқабайым жеті жасқа жеткенше жасасам» деп еді...

Мағауин
М. Мағауин немересі Тоқабаймен бірге Фото: Д. Мергенбаева

Мұхтар Мағауин өз ғұмыр тарихына, шығармашылықтағы «таңбалы жазуына», ғылымдағы ізденіс, машақатқа толы жолына, айнала төңірегіне қатысты үлкенді-кішілі дүниелердің бәрін тасқа басып қалдырды.

 Жазушының ұзақ та мәнді, тынымсыз еңбекпен өткен өмірі оқырманның көз алдында. Дегенмен жар, әке, туыс Мағауин туралы жақындары көп айта бермейді. Ол отбасында, ағайын-туыс арасында қандай болды, бала-шағасын қалай тәрбиеледі деген сияқты қаламгердің қарапайым адами болмысын нақтылайтын сұрақтар оқырманға да қызық. Біз бүгін жазушының балдызы Дәмегүл Мергенбаевамен жанашыр туыс Мағауин турасында әңгімелестік.

– Дәмегүл апа, сіз Мұхтар атамыздың жары Бақытжамал апамыздың сіңлісісіз. Әуелгі әңгімемізді өзіңіздің өскен ортаңыздан бастасақ.

– Біздің атақонысымыз қазіргі Абай облысы Абыралы өңірі. Кезінде аудан орталығы болды, полигонның сынағы сонда өт­ті. Әкеміз – Нұрғали Мергенбаев, шешеміз – Қанипа Құсайынқызы. Ол кісілер 1949 жылға дейін Семейде тұрған, кейін әкемнің денсаулығына байланысты ауылға барып қымыз ішемін деп Қайнар­ға көшіпті. Үлкен ағамыз Төлеуғали, 
Бақытжамал, Назгүл Семейде туған. Одан кейінгі балалар Қайнар­да тудық. Әке-шешеміз 1965 жылға дейін Қайнарда тұрды. Үйде үш ұл, бес қызбыз. Қыздың үлкені Бақытжамал, екіншісі Назгүл (ақын Ж.Әбдірашевтің жары), одан кейінгі мен, менен соң Гүлнар, Гүлнафиз есімді екі сіңліміз бар. Мектеп бітірген соң 17 жасымда Алматыға аға мен Бақытжамал апамның қолына келдім.

– Жездеңізбен алғаш та­ныс­қаныңыз есіңізде ме?

– Мен ең әуелі ағаның шығармашылығымен таныстым. 1964 жыл. 8 сынып оқып жүрген кезім. «Таңғы шық» деп аталатын жас жазушылардың кішкентай ғана кітабы қолыма түсті. Бала кезімнен кітапқа құмартып өстім. Кітапханашы апайымыздың баласы үнемі ауырып қалатын да, ол кісі жиі жұмысқа келе алмайтын. Содан мен апайдан кітапхананың кілтін сұрап алдым, есікті өзім ашып жабамын, оқушыларға кітаптарын беремін, қайтқан кітаптарды тіркеп қоямын. Осыдан кейін қалауымша кітап оқитын болдым. «Таңғы шықты» осы ауылдың кітапханасынан алып оқыдым. Онда ағаның «Әйел махаббаты» дейтін әңгімесі кіріпті. Оқыған бойда көңіліме қона кет­ті. Кейіннен ағаның өзін көрдік. Ауылға Бақытжамалды іздеп келді. Бұл оқиғаның тарихын аға өзі де тәптіштеп жазған. Қалай болғанын, бәрін айтқан. Әуелде Рымғали Нұрғалиевтің альбомынан Бақытжамалдың фотосын көріп, көңілі ауыпты. Біздің апамыз жас күнінде өте әдемі болатын. Қазір де өңін бере қойған жоқ (күлді). Аға бір көргеннен ұнатыпты. Содан Рымғали ағаға еріп, Бақытжамалды іздеп Қайнарға келді. Біз ауылда Рымғали ағаның үйімен көрші тұрдық. Ағаны алғаш сол үйден көрдім. Рымғали аға алдын ала апама хат жазған көрінеді «осындай жігіт­ті ертіп келе жатырмын» деп, бастапқыда Семейде кездеспекші болыпты. Мұны естіген апамыз кездесуден жалтарып, ауылға келіп алады. Енді ағалардың ауылға келе жатқанын естіп Бақытжамал жайлауға қашып кетеді. Аға сәнді киініпті, кеудесін тік ұстап жүреді. Екі-үш күн Рымғалидікінде жат­ты, содан Бақытжамал келмеген соң қалаға қайтып кет­ті. 
Бұл – 1964 жылдың жазы еді. Кейін қыста апамды іздеп Семейге тағы келіпті. Пәтеріне барса Бақытжамал бұл жолы да шықпай қойыпты. О заманның қыздарының мінезі де басқаша еді, жігіт­тің алдында бірден иіліп түсе қоймайтын. Ақыры кездесудің реті табылмаған соң институтқа іздеп барыпты. Аға аспирантурада оқиды, мінезі де өзгеше, қай жерде болсын, өзін еркін сезінеді әрі өзін жоғары ұстайды. Алдымен қазақ әдебиеті кафедрасына барған, сонда шешінген, сосын деканатқа барып сабақ кестесін білген. Одан соң аудиторияны іздеп тапқан, асықпай аудитория есігін ашып жақынырақ отырған қызға «Мергенбаева Бақытжамал шығып кетсін, шаруам бар» дейді. Біраз күтеді, қыз шыға қоймайды, содан қайтадан манағы қызға: «Енді шықпаса өзім кіремін» дейді. Содан апамыз амалсыз сыртқа шығады. Екеуі осылай танысады. Бұдан ары хат жазысып, хабарла­сып тұрады. 1965 жылдың қаңтарында Рымғали аға үйленеді. Бақытжамалға тойдың шақыруын жібереді. Шешеміздің арнайы айтуымен Бақытжамал Алматыға тойға келеді. Содан не керек, аз уақыт­тан соң екеуі үйленетін болды. Блок Шайкенов деген досы екеуі Бақытжамалды алып кет­ті, Алматыда той жасады. 1967 жылы мектепті бітірген соң Алматыға ағаның қолына келдім. Оқуға түстім.

– Қай оқу орнына оқуға түстіңіз?

– КазПИ-ге оқуға түстім. Ол кезде оқуға түсу қазіргіден қиын. Қазақ бөліміне 25-ақ адам қабылдайды. Аға аспирантурада оқиды, сөйте жүріп мені оқуға түсірді. Бірақ көп ұзамай оқуымнан мәселе шықты. «Дәмегүл Мергенбаева Мұхтар Мағауиннің туысы екен» деген сөз кафедра меңгерушісі Қажым Жұмалиевтің құлағына жетеді. Өздеріңіз білесіздер, аға жыраулар поэзиясынан ғылыми еңбек қорғаймын дегенде Қ.Жұмалиев кедергі келтірген, қорғатпауға күш салған. Енді Мағауиннің туысы қалай өзі басқаратын кафедрада оқып жүр? Қалай да көзін құрту керек. Ақыры оның да жолын табады. «Жалпы тіл білімінен» сабақ беретін Фатима Мұсабекова дейтін апайым маған баға қоймай қойды. Өзім сабақты мектептен бері жақсы оқыдым. Барлық сабағым «бес», бірақ Фатима апай қоймайды. Аға таныс-білістерін араға салады, өнім жоқ. Содан қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Серік Қирабаев ағаға барыпты. Ол кісі істі бірден аңдаған, мұның кімнің нұсқауымен істеліп жатқан қысым екенін түсінген. Содан ағаға: «Жұмалиевке ешқандай сөз өтпейді. Одан да Дәмегүл мен кафедрама жұмысқа алайын, сосын оқуын сырт­тайға ауыстырып жібереміз» депті. Сонымен Серік ағайдың қолында жұмыс істедім. Оқуым «сырт­тай» делінгені болмаса, 4 жыл бойы лекцияларға қатысып жүрдім. 
Енді ойласам, аға сол кезде 26-27 жастағы жас жігіт екен. Бірақ айтқанын жұртқа тыңдата білетін, тілегін орындата алатын тума қасиеті бар еді. Жүрісі, тұрысы, сөз сөйлесі, іс-әрекеті де үлкен адамдар секілді. Содан да болар, бірге оқыған қыз-жігіт­тер мені «Мағауиннің қызы» деп есептейтін. Анығында, аға екеуміздің арамыз он-ақ жас. Жиын-тойларға бара қалсам мені көргендер: «Мағауиннің қызы келе жатыр» дейтін. Сол кездің өзінде ағаны жұрт үлкен кісі деп ойлайтын.

– Жазушы бір жазбасында алғаш үйленген кезінде Таулы-қырат­тағы шағын пәтерде тұрғанын айтады. Сол кезде бірге тұрдыңыздар ма?

– Иә, бірге тұрдық. Ағаның үйінде әуелі Назгүл тұрды. Ол оқуын бітіріп, тұрмыс құрып кеткен соң ол үйге мен келдім. Менен кейін сіңлім Гүлнар тұрды. Бақытжамалдан кейінгі төрт қызды да өзі оқытып, өз қолынан ұзат­ты. Таулы-қырат­та Мағжан дүниеге келді. Кейін 9-ықшамауданға көштік. Онда Едіге мен Төлеген туылды. Қалған балалар Құрманғазы көшесіндегі үйде дүниеге келді. Ағаның қолында 9 жыл тұрдым. Тәрбиесін алдым, ол кісі бізге әкеміз секілді болды. 

– Ақсақал отбасында, жарының, балаларының ортасында қандай кісі еді?

– Айрықша мейірімді, ісіне өте ұқыпты адам. Мысалы, балалар алғаш туған кезде апамен бірге қарасатын. Түнде бала жыласа оянатын, апа емізіп болғанша қарап отыратын. Сосын өзі құндақтап, жатқызып, ұйықтататын. Ауырып қалса өзі қарайды. Ешкімге сенбейтін. Әдет­те ақын-жазушылар отбасына, балаларына аса көңіл бөле бермейді ғой. Аға ондай адам емес, балаларына ерекше көңіл бөлетін. Негізі ол кісі мойнына бір шаруаны алса соның түбіне жетпей тынбайды. Бала алдындағы борышына да солай қарады, бағып, қағып өсіру міндетім деді. Құдайға шүкір, қазір балаларының бәрі жақсы. Сосын аға бар нәрсеге өз өлшемімен, аса бір кірпияздықпен қарайтын. Қасындағы жары әдемі болуы тиіс. Жақсы киініп, сәнденіп жүруі қажет. Тіпті қолы бос кезде апаға да, маған да картошка аршытпайтын «қолдарың қарайып кетеді» деп, өзі аршитын. «Әйел адам ұзақ ұйықтаса бетіне әжім түспейді» деп апаны ұзақ ұйықтататын. Көрдіңіз бе, осындай дүниеге дейін баса мән беретін. 

– Мағауия атаны көрдіңіз бе?

– Көрдім. Жарықтық керемет кісі еді. Ағаның кейбір юморы Мағауия атаға тартқан. Ол кісі үлкен, кіші демей, адамның бәрімен емен-жарқын әңгімелесіп кететін. Біз ол кезде кішкентай баламыз, соның өзінде бізбен ортақ тақырып тауып алып әңгімелесетін. Оқыған, білетіні көп кісі еді. Қайтыс болғанша Алматыға ағаның үйіне келіп тұрды. Кейінгі жары Орынбасар әжеміз де жақсы адам еді. Біз ол кісіні «Айғай апа» дейтінбіз. Аға өзі Мағауия ақсақалдың бауырында өскендіктен Мұқан аға мен Рахима тәтені әке-шеше демеді. «Аға, тәте» деді. Рахима тәте ертерек қайтыс болды. Аға мен Бақытжамал барып шығарып салды. Сосын Мұқан ағаны Алматыға алып келіп, өз қолына алды. Ол кезде мен тұрмыста едім. Аға жыл сайын Бақытжамалды, бала-шағаны ертіп курортқа баратын. Ондайда Мұқан ағаның қасында біз қалатынбыз. Мұқан аға сал болып ауырды ғой. Аға аптасына бір рет өзі шомылдыратын. Арасында ұрсысып та алатын (күлді). Мұқан аға көп сөйлемейтін, бәрін ішінде сақтайтын, тұйық кісі еді. Тек жымиып қана күлетін.

– Жездеңіздің қат­ты қуанған немесе әлде нені уайымдаған сәті есіңізде ме, ондайда өзін қалай ұстайтын еді?

– Ол кісі эмоциясын сыртқа шығара бермейтін, қат­ты білдірмейтін адам. Ішінде не болып жатқанын біле алмайсың. Есімде қалған бір оқиға – Мағжан кішкентай кезінде қат­ты ауырды. 

Таулы-қырат­та тұратын кезіміз. Аға жұмыстан келгенде Мағжан қызып жат­ты. Сосын аға баланы алдына алып ары-бері жүре бастады. Бір кезде қарасам, көзінен тырс-тырс етіп жас тамып тұр екен. Уайымдаса керек. Ертесі қайдан тапқанын білмеймін, әдемі, шағын кәстөм-шалбар алып келіпті. Мағжанға соны кидіріп жатып: «Менің балам осыны киген соң жазылып кетеді» деді күліп. Шынымен де осыдан соң Мағжан жазылып кет­ті.

Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. 9-ықшамауданда тұратынбыз. Бақытжамал Төлегенді босанып, перзентханада жатқан кезі. Аға үйде балаларға қарап отырған. Жұмыстан қайтарда перзентханаға соқтым, баланы көрдім. Сосын үйге келген соң бір қулық ойлай қалдым. Сөйт­тім де перзентханаға барғанымды, Бақытжамалдың аман-сау босанғанын айт­тым. Жездем «кім?» дегендей бетіме қарайды. Мен «қыз» дедім. Өңінен ештеңе білінбеді. «Қыз да жақсы ғой» деді. Жездем балаларына алдын ала ат ойлап қоятын, ұл не қыз болатынын да іштей сезетін. 

Төлегенді ұл болады деп топшылайды, оған Орда деген ат ойлап қояды. Мағжан мен Едіге кішкентай, менің аяғыма оратылып жүр. Ақырын соларға естіртіп, «енді сендердің інілерің бар» деп сыбырладым. Мұны естіген жездем: «Ой, бұзық қыз, не айтып тұрсың? Сүйіншіңді алып, айтпайсың ба дұрыстап» деді. Сосын қабағы ашылып, қуанды. Төлеген туатын жылы күзде үлкен ағамыз Төлеуғали жол апатынан қайтыс болды. Шешеміз де ауырыңқырап жүр еді. Содан: «Бақытжамал ұл тапса атын Төлеу қойсын» деп сәлем айтып жіберіпті. Аға Төлеуғали ағамды қат­ты сыйлайтын, бірақ ат қоярда: «Төлеу дегені келіңкіремей тұр, не істесем екен?» деп қат­ты қиналды. Содан мен: «Төлеген» деп қойыңыз дедім. Мұны аға да ұнат­ты, сөйтіп аты Төлеген болды.

– Жазушының шығар­ма­шы­лық лаборато­риясымен қаншалықты таныссыз?

– Ағаның біраз шығармасының алғашқы оқушысымын. Атақты «Алтын дәптерге» жазылған «Аласапыранның» алғашқы сөз-сөйлемдерін көзім көрді. Онда Ораз-Мұхаммед туралы үзік-үзік қана болатын. Ал «Тазының өлімін» мәшінкеге мен тердім. Ағаның жазуы тышқанның ізі секілді, өзінен өзге көп ешкім тани алмайды. Жамбыл көшесінде тұрған кезіміз еді. Бір күні қолжазбаны қолыма ұстат­ты. «Қолың тигенде асықпай бітірерсің» деді. Түскі астан соң басуға отырдым. Содан шығармаға кіргенім соншалық, түнімен ұйықтамай бастым, ертесі жұмыстан сұранып, түске дейін басып бітірдім. «Көк мұнарды» да мен бастым. Кейін қаламақысы түскенде  Бақытжамал: «Көк мұнарға» сенің де еңбегің сіңді» деп сапфирден жасалған сақина алып берді. 

Оны әлі күнге дейін сақтап жүрмін.

– Соңғы рет қашан көрдіңіз?

– 2024 жылы жазда Кемерге іздеп барып, екі айдай қасында болдық. Көп әңгімелестік. Ағайын-туыс, таныс-білістің бәрін түгендеп сұрап шықты. «Жұлдызға» жарияланған «Алтын орданы» арнайы оқытып: «Бірлі-жарым әріп қатесі болса қарашы, кейін түзет­тіремін» деді. Оқып шықтым. Тағы бірде «Тоқабайым (жазушының немересі Тоқай-Темірді айтып отыр – ред.) жеті жасқа жеткенше жасасам деймін. Өйткені есінде қаламын ғой. Қазір кішкене, ештеңе есінде қалмайды» деді толқып.

Ауырыңқырап жүрсе де жазудан қол үзбепті. Америкаға барған соң да: «Енді жазатын бір-екі дүнием қалды» депті. Оның бірі – Абайдың текстологиясына қатысты мақала, бұл сонау студент кезінде белгілеп қойған дүниесі екен. Ендігі бірі – Орхон мұрасын көне түрік тілінен қазіргі қазақ тіліне қотару туралы толғам. Бұл екі жазбаны аяқтаған күні: «Бәйбіше әлгі екі дүниені де бітірдім» деп балаша қуанып сүйінші сұрапты. Мұны Бақытжамалдан естідім.

Сұхбат­тасқан
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ