Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:56, 13 Шілде 2022

Дәмелі оймен, сәулелі күнге үмітпен

None
None

Жуырда Қызылорда облыстық қоғамдық кеңестің екінші отырысы өтті. Шешімі қиындау бірқатар мәселелер, жөпшендіде айтыла бермейтін тәуір ойлар да қылаң берді.

Ендігісі кеңесте қозғалған түйткілдердің орындалуымен құнды болмақ. Кеңестегі шешімдерді түйіндеп берген мәселелерді Нәлібаев командасының жұмыс стиліне қарай алдағы уақытта сарапқа салып отыратын боламыз. Біздікі тек айтылған мәселелер «бірқыдыру» сыдыртпа боп қалмасын деген ой. Сонымен негізгі сүйектілерін жіпке тізсек.

 Алдымен қоғамдық кеңестің ауыл шаруашылығы, табиғатты пайдалану және ауылдық аймақтарды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Болат Нұрхожаев, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмыстарының іске асырылуы туралы саралады.

Оның айтуынша, азық-түлік бағасын тұрақтандырудың бірден-бір жолы – өнімді өзімізде өндіру. Сондықтан картоп, пияз, сәбіз, қарақұмық, қызылша және тағы басқа дақылдарды егуге биыл дайындық жұмыстарын жүргізіп, келер жылдың көктемінде бастаған қолайлы дейді.

– Ол үшін алдын ала келісілген бағамен ақысын төлеп, күзде өніммен қайтарып алу тәсілімен (фьючерлік) аталған өнімдерді өндіру мүмкіндігі бар барлық ауылдық әкімдік, жергілікті кәсіпкер мен тұрғындар арасында бірлескен шаруашылық  құрылу қажет. Көктемде өнімнің 60-70 процентін алдын ала ақы төлеу арқылы немесе қаржыны тұқым, жер өңдеуге, тағы басқа шығындарға кезеңімен беріп, қалғанын өнімді қабылдаған соң төлеп, ӘКК арқылы қаржыландыруды қолға алуға болады, – деді Б.Нұрхожаев.

Қаржы игерудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Байқоңыр» ӘКК басқарма төралқасының құрамына облыстық кеңес өкілін кіргізу керегін де айтты. Қала мен әр ауданнан, ауылдан келетін жолдардың ыңғайлы тұсынан, трасса бойынан көтерме сауда базарларын жасауды  ұсынды. Осылайша бір жағы өзіміздің диқандарды қолдап, қыстайғы жейтін негізгі азық қорын жасақтап алуға болатынын түсіндірді.

Кеңестегі келесі мәселе медицина қызметінің сапасы. Бұл саланың шикі тұстары көп. Оны жан-жақты талдап, мониторинг жүргізген әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия төрайымы Аида Әбибуллаева былай дейді. 

– Өңірде мемлекеттік 18 стационарлық және 21 амбулаториялық емхана бар. Мониторинг нәтижесінде бірқатар қолайсыздықтар анықталды. Мәселен, №1 қалалық емхана ғимараты типтік жобаға сай емес, күту залы, дәліздері өте тар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жоғарғы қабаттарға көтерілу мүлде қарастырылмаған. Қалалық №3 емхана дәрігерлерінің жүктемесі үлкен. Осы себепті тұрғындарға сапалы қызмет көрсете алмай, шағым көп. №4 емхананың да ғимараты тозығы жеткен, қазіргі заман талаптарына сай келмейді. Онда жұмыс жасау, қызмет көрсету қолайсыз. Сондай-ақ №5 емхана да типтік жобаға сай емес. Ал №6  емхананың автотұрағына асфальт төселмеген, мүгедек жандардың арбамен қозғалуға қиындықтар туғызады, – деген ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі жүгенсіздіктерге де тоқталды.

– Өкінішке қарай, халықтың тегін дәрігерлік қызмет пен тегін дәрі-дәрмекке сенімі аз. Сондай-ақ өздеріне тиесілі бұл қызмет түрінен хабары да мардымсыз. Аталған жүйенің  қарапайым адамға қолжетімді, ашық, түсінікті түрде жеткізілмеген. Мұндай ахуал, әлбетте, көптеген күмән тудырып, толассыз шағымдарға әкелуде. Мысалы, азаматтарымыз МРТ, КТ, тағы басқа қажетті қызметті алу үшін дәрігердің  жолдамасымен ұзын-сонар кезекке тұрады да, айлап күтеді. Амал жоқ, уақыт үнемдеп, ауруы үдемес үшін ақылы қызмет түрін таңдауға мәжбүр. Сөйте тұра, денсаулық сақтау басқармасы аудандық ауруханаларға және емханаларға МРТ, КТ құрылғыларын бюджет есебінен сатып алып жатыр. Халыққа аса қажетті медициналық құрылғылармен неге барлық медициналық ұйымдарды сақтандыру қоры қамтымайды? Неліктен МӘМС қорына бөлінетін ақшадан бөлек, бізде медицинаға тағы басқа да бюджеттен шығындар жанама түрде бөлінуде? – деді Аида Ибрагимқызы.

Кеңесте ауыр науқас тізіміндегі созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар жандарға көрсетілетін медициналық қызмет жайы да айтылды. Өйткені 20 мыңнан астам адам созылмалы бүйрек ауруымен есепте тұрады екен. Оның ішінде 300 адам диализге тәуелді болса, 80 адам бүйрегін ауыстырған. Ал мұндай созылмалы науқастарды емдейтін нефролог мамандар жетіспейді. Бұл туралы комиссия мүшесі Абай Шайнұров айтты.

– Аймақта небәрі 6 дәрігер болса, оның 4-еуі 60 жасты алқымдаған. Ертең олар зейнетке шығып кетсе, науқастардың жайы не болатынын білмеймін. Бұл мәселені 2016 жылдан бері көтеріп келемін. Қазір созылмалы науқастардың жағдайы күрт төмендеп кетті. Нефрологиялық орталық ашылды дегенмен, ол кішкене ғана кабинет. Онда 70-ке таяған білікті маман отыр. Ол кетіп қалса, ізін басатын маман жоқ. Облыстағы бүкіл науқастар сол дәрігерге көрінеді. Маман жетіспеушілігінен Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына қатынап, емделуге мәжбүрміз. Алты жылдан бері өзге қалаға қатынап емделу үшін, менің тек жол қаражатыма 3 миллион қаржы кетті. Осылай сандалып жүруіміз  – жүйелі жұмыстың жоқтығынан, – дейді А.Шайнұров.

Бұл жиында Кеңес мүшелері өткен күннен бір эпизодты шенеуніктердің есіне салып қоюды ұмытпады.

– Бір кездері арзан тауарға халық қарық болады деп «Арзан» деген базар ашылған. Оның ғұмыры тым қысқа болды. Пәлен миллион ақша сол жердің инфрақұрылымын дайындауға кетті. Соңында қолдан-қолға өтіп, сатылып кетті. Сұрауы жоқ жобалардың бірі болды да қалды», – деп ашынды журналист, кеңес мүшесі Айнұр Тұңғышбаева.

– Шынында да бұл «Елбасы келеді, Елбасы көреді» деп ашылған базар еді. Халық атын естігені болмаса, игілігін көрген жоқ. Бірақ сол көзбояушылыққа кім жауап береді? – деді кеңес мүшесі Садық Мұстафаев.

Осылайша, қоғамдық кеңесте біраз дүние айтылды. Еститін құлақ, еститін үкімет болса ендігі нәтижесін көретін шығармыз. Жергілікті шенеуніктеріміз «Жаңа Қазақстанды» игілікті істерімен көрсетсе деген дәмелі оймен алдағы сәулелі күнге үмітпен қараймыз.

Тегтер: