Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:45

«Даму» кәсіпкерлердің аузынан жырып, сыйақы алады

Даму банк

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры былтырдан бері бизнеске қаржы жетпей жатқанын айтып жүр. Әйтсе де осы қордың басқарма мүшелері былтыр 233,8 млн теңге сыйақы алыпты. Және бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20,3 млн теңгеге артық.

Аталмыш қордың директорлар кеңесінің құрамында жеті адам бар. Оның бірі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин болса, одан кейін Елена Бахмутова, Райымбек Баталов, Ардақ Қасымбек, Рустам Қарағойшин, Жандос Шайхы және Гаухар Бүрібаева. Биыл «Даму» қорының басқарма төрағалығына еңбек жолын банк секторынан бастаған Фархат Сәрсекеев тағайындалған. Оған дейін бұл қызметте Гаухар Бүрібаева отырды. Қазір ол Қазақстан премьер-министрінің кеңесшісі болып тағайындалды.

Қаулы мен хаттың салмағы

Қордың қаржылай есебіне сүйенсек, 2024 жылы таза пайдасы 69,7 пайызға, яғни 38,6 млрд-тан 26,9 млрд теңгеге дейін төмендеген. Биыл осы қордың жобаларына байланысты шу шығып, кәсіпкерлікті дамыту қоры Алматы қаласындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді уақытша шектеді. Аталмыш қор мұны қаржы тапшылығымен түсіндірді. Бұл ретте «Даму» қорының басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов қаржы мекемелеріне арнайы хат жолдап, Алматы қаласындағы кәсіпкерлерді қолдауды көздейтін субсидия шектелетінін ескертті. Хат екінші деңгейлі банктерге, лизинг компанияларына және микроқаржы ұйымдарына жолданды. Осылайша Алматыдағы кәсіпкерлер қаржы тапшылығының салдарынан «Дамудың» қолдауынан қағылды. Аталмыш қор мұны «уақытша құбылыс» дегенімен, кәсіпкерлер бұл қорды «үкіметтің қаулысына да пысқырмайды» деп жазғырды.

Негізінде былтыр күзде үкімет экономикамыздың маңызды салаларын дамыту үшін кәсіпкерлерді қолдайтын қаулы қабылдаған. Ол қаулы бойынша кәсіпкер қаржы мекемесінен несие алып, соның сыйақысының бір бөлігін «Даму» қоры жауып беруі тиіс болатын. Мәселен, екінші деңгейлі банктен 21 пайыз үстемемен несие алған уақытта, соның шамамен жартысын осы кәсіпкерлерді қолдау қоры төлейтін. Ол үшін кәсіпкер «Дамумен» келісімшартқа отыруы керек. Енді қазір қор Алматы қаласы бойынша субсидияны уақытша тоқтатып қойды. Мұның салдарынан қорға сеніп несие алған кәсіпкерлер қазір банктерден алған сол несиелерінің сыйақысын өз қалтасынан төлеп жүр. Ал «Дамудың» басқарма басшылары өздері миллиондап сыйақы алып, масайрап отыр. Деректерге жүгінсек, қазір Алматы қаласында 154 мың заңды тұлға тіркелген. Мегаполисте 144 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорын бар. Міне, шағын бизнесте жүрген осы кәсіпкерлердің көпшілігі қордың қазіргі тірлігіне қарап «бұл қор кәсіпкерлерді алдауға көшті» деп жүр.

Елдің қоры – қор, біздің қор...

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры экономикамызға күні кеше ғана енген қор емес. Бұл қор 1997 жылы шағын кәсіпті дамыту үшін құрылған. 2001 жылға дейін қор отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі бағдарламалар бойынша бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылады. 2002 жылдан бастап «Даму» қоры шағын кәсіпкерлікке несие бере бастады және «Шағын қалаларды дамытудың 2004–2006 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асырды. 2013 жылы қордың құрылтайшысы «Бәйтерек» ҰБХ» болып өзгерді. Алайда содан бері бірнеше жылдар өтсе де қор отандық экономиканы әртараптандыруға толыққанды үлес қосты дей алмаймыз.

Стратегия және бизнестік жобаларды дамыту орталығының қаржыгері Алмас Сәлменовтің пікіріне сүйенсек, өркениетті елдерде мұндай қорлар өзінің миссиясын жақсы атқарады. Қазақстандағыдай ол қорларды бірнеше кісі басқармайды. Оларда айналасы үш адам басқаратын қордың өзінің халыққа пайдасы зор.

«Менің түсінбейтінім, осы қордағы директорлар кеңесінің мүшесі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкіметте «бизнесті дамыту керек, шағын кәсіптің нарықтағы үлесін арттыру қажет» деп түрлі жоспарлар құрады, баяндамалар жасайды. Бірақ қазір Жұманғарин – бизнесті субсидиялау тоқтайтынын жиі айтып кетті. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, субсидиялардың орнына «Бәйтерек» холдингіне 1 трлн теңге капитал беріледі Сөйтіп ол холдингтің жобаларды қаржыландыратын капиталы биыл 8 трлн теңгеге ұлғайтылды. Енді қараңыз, шағын кәсіп иелері осы уақытқа дейін «Даму» қорымен де тығыз байланыс орната алған жоқ. Кәсіпкерлер жобаларын апарса қор оларды түсінбеді, олар қорды түсінбеді. Сонымен кәсіпкерлер қордан күдер үзіп, өз жыртығын өзі жамауға көшті. Сол «Даму» қорына жолай алмаған шағын және орта бизнес (ШОБ) өкілдерін енді алып холдинг «Бәйтерекке» беттете ме?! «Бәйтерек» холдингінің мекемелері арқылы берілетін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеме біркелкі – 12,6 пайыз. Бұл бұрынғыдай 5 немесе 6 пайыз емес. 12,6 пайызбен несие беру шағын бизнес үшін өте көп. Қазір Қазақстанда ШОБ және ірі бизнес үшін екі кепілдік қоры құрылды. Рас, кепілдік механизмі арқылы қаржыландыру тікелей субсидиялармен салыстырғанда инфляцияға азырақ қысым жасайды. Дегенмен ШОБ-ты субсидиядан қағу бұл шағын кәсіптің тоқырауына апарады. Кәсіпті салық бір қысса, субсидиядан бір қақса өте қиын болады.

Мен өзім Малайзияда білім алдым. Ол елдерде ШОБ-ты қолдайтын бір емес, бірнеше қор бар. Кәсіп ашқандарға қолдау мықты. Арзан несиемен қамту, төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге өтемақы беру, күйреген кәсіпті қалпына келтіруге жобалар жасап беру ол жақта өте жақсы жетілген».

Маманның пайымдауынша, біздегі шенеуніктер бірінен-бірі өтіп сыйақы, бонус алып жарысып әлек, ал қазақстандықтар өзге түгілі, базалық азық-түлік өнімдерінің тапшылығын сезініп жүр. Егер «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры әр кәсіпкерді уақытында қолдағанда отандық өнім өндіру аясы өрлеп, бұл мәселеге қатысты сұрақтар мүлде туындамас еді.

Бұл мәселе өткен аптада мәжілісте де көтерілген. Бұған қатысты депутат Асхат Рахымжанов мәжілістің жалпы отырысында бізде алма бақтарын салуға қаншама миллиардтаған қаражат жұмсалатынын, бірақ супермаркет сөрелеріндегі тауарларға көз салсақ, поляктың және қытайдың алмалары самсап тұрғанын, алмадан бөлек, біз тіпті өзімізді қарапайым ғана картоппен де қамтамасыз ете алмай отырғанымызды, осыдан барып картоп бағасы жыл сайын 500 теңгеден асып жығылатынын көтерген.

«Инфляция өсуде. Азық-түлік, жанар-жағармай, коммуналдық қызметтер тоқтаусыз қымбаттауда. Өспей жатқан тек бір нәрсе ғана бар. Ол – бюджет қаражатын бөлудегі мемлекеттік органдардың жауапсыздығы мен ашықтығы, есеп беру кезіндегі алшақтықтар. Мұндай келеңсіздіктер жүргізіліп жатқан реформаларға қатысты халықтың сенімсіздігін туғызады. Бюджет қаражатын ұтымды жұмсауды талап ету – азаматтық қоғамға тән», – дейді депутат.

Ұлттық статистика бюросы да елімізде инфляцияның жеделдеп жатқанын жасырмайды. Мәселен, мамыр айында жылдық инфляция жеделдеп, 11,3 пайыз болған (сәуірде – 10,7 пайыз). Осылайша шенеуніктер сыйақы алып жарысып жүргенде 16 өңірде қымбатшылық деңгейі артқан, шағын бизнестегі іскерлік белсенділік индекстері төмендей бастаған.

«Арамтамақ» қордың қажеті қанша?!

Болып жатқан жайттарды сүзгіден өткізіп отыратын бизнестің бел ортасында жүрген кәсіпкер Азат Қонысбек нақ қазір бізге «Дамудан» дәметудің қажеті жоқ. Сондықтан бұл қорды таратып, оның қызметін басқа бір ведомствоға жүктеген жөн деп есептейді.

«Бұл қор менің кеңсемнің терезесінен қарасам, 60 метр жерде тұр. Менің ойымша, «Даму» – арамтамақ қор. Нақты осылай айта аламын. Олармен қатар отырғанымызға 20 жыл болды. Бірде олар мені өздерінің өткізетін семинарларына шақырды. Бардым. Ол семинарға қазақша бір ауыз сөз білмейтін лектор келді. Ылғи ағылшын терминдерін араластырып кәсіп бастауға, оны жетілдіруге қатысты бірдеңелерді айтып шықты. Шындығында ол жерде отырған кәсіпкерлер түк түсінген жоқ. Сонда олардың өткізетін семинарларының өзі кәсіпкерлерге түсініксіз болса, басқа жұмыстары қайда қалды?! Ал енді «Дамудың» басшылары алатын сыйақыны есептесек, одан менің кәсіпорнымның бір жылда табатын табысы аз. Алайда «Дамудан» гөрі менің пайдам бар екен. Мен бірнеше адамды жұмыспен қамтимын, жалақы төлеймін, салығын аударамын. Өзімнің кәсібімді жүргізіп келе жатқаныма 20 жыл болды. Бұл қорға бір-екі мәрте барып кәсібіме көмек сұрадым. Ешқандай көмек көрсете алмады. Өз басым, кәсіпкерлікті қолдау үшін құрылған қорлардың, ұйымдардың ешқандай пайдасын көрген жоқпын. Сыйақы деген белгілі бір жетістікке жеткенде ғана берілуі керек емес пе?! Жетістікке жетпестен сыйақы алу – бюджеттің қаражатын босқа шашу ғой. Бұларға қаражат бюджеттен беріледі. Олар оны белгілі бір саланы дамытуға бөлуден гөрі өздеріне сыйақы есептеп алуды ойлайды. Сондықтан мұндай қордың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қажет болса бұл қорды таратып, жұмысын басқа бір ведомствоға тапсыру керек. Бұл қорды жапқаннан Қазақстан ештеңе жоғалтпайды», – дейді кәсіпкер Азат Қонысбек.

«Жас Алашқа» пікір білдірген мамандардың ойынша, «Дамудың» қазіргі аяқалысы бос айналып жатқан барабанға ұқсайды. Қор 2025 жылдың басынан бері 6 мың жобаны қолдадық деп есеп берді. Нақтылап сұрағанымызда қор өкілдері жыл басынан бері 755,9 млрд теңгеге 6 114 жобаға қолдау көрсеткендерін айтты.

Ал осы уаққа дейін «Даму» субсидиялауға тиіс ақшасын ала алмай, банктерге өз қалтасынан төлеп жүрген кәсіпкерлердің жайы қалай болады, қор алдағы уақытта бұл қарызын қалай өтейді деген мәселелер бойынша «Жас Алаш» қорға арнайы сауал жолдады.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: