Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:06, 04 Шілде 2024

Даму мен экономикалық өсім ұғымдарын әйел құқығы сияқты ұғымнан бөлек қарау орынсыз

әйел құқығы

Қазіргі жаһандану мен жаңа цифрлық технологиялар кезеңінде адам дамуының басты өлшемі оның жыныстық, нәсілдік немесе этностық белгілері емес, кәсіби құзыреті, жауапкершілігі мен шығармашылық әлеуеті.

Еліміз дамыған мемлекеттер қатарына қосылу үшін зияткерлік, ғылым мен білім, адамның капиталының дамуы сынды салаларға басымдық бергеніміз жөн. Десек те, көптеген заңнамалық құжаттардың қабылданғанына қарамастан әлі күнге дейін жыныстар арасындағы теңсіздіктің бар екенін статистикалық мәліметтер дәлелдеп отыр. Іс жүзінде қазақстандық әйелдердің экономикалық мәртебесі еліміздегі ерлерге қарағанда төмен. Соның нәтижесінде бизнесте, сонымен қатар басты қаржылай қорлар шоғырланған және саяси элита мамандықтарда азаматтардың қалыптасатын салалар мен әйелдердің аз екендігі, халықтың ер және әйел тобының өзіндік психологиялық ерекшеліктері мен моральдық құндылықтары және қазақстандық қоғамда тарих барысында қалыптасқан салт-дәстүрлер мен таптаурындар байқалады.

Мысалы, ҚР статистика жөніндегі агенттігінің мәліметтері бойынша, еліміздегі әйелдердің айлық жалақысы ерлердің жалақысымен салыстырғанда орта есеппен 1,6 есе аз екен. Оның ішінде қаржы саласында – 1,8 есе, қонақ үй-мейрамхана бизнесінде және өнеркәсіпте – 1,5 есе аз болып келеді. Мұндай теңгерімсіз қатынастың бір себебі белгілі бір дәрежеде әйелдердің жалақысы төмен салаларда жұмыс істеуі дейді. Осы орайда мемлекет алға қойған гендерлік саясаттың маңызы мен мазмұнына үңіле түсесің.

Мысалы, білім беру саласында – 75,3 пайыз, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 79,2 пайыз, қонақ үйлер мен мейрамхана бизнесінде – 68,8 пайыз жұмыс істейтін әйелдер саны ерлерге қарағанда көп екені дәлелденген. Ер адамдар болса, керісінше, негізінен жалақысы жоғары – мемлекеттік басқару салаларында 77,4 пайыз, құрылыс саласында – 82,7 пайыз, өндірісте – 69,1 пайыз, қуат, газ және суды өндіру мен тарату саласында – 60,8 пайыз көп қызмет етеді. Тең құқықтар мен мүмкіндіктер негізінде әйел адамдардың әлеуетін кеңінен пайдалану — тұрақты даму мен демократияның кепілі. Қазіргі заманның екі негізгі стратегиясы – тұрақты даму мен гендерлік саясат. Осы орайда біз гендерлік экономиканы зерттеуші Әйгерім Құсайынқызымен гендерлік теңдік пен гендерлік саясат тақырыбында сұхбат құрдық.

Қоғамның гендерлік саясат жайлы түсінігі жеткілікті деңгейде қалыптаспаған. Көпшілік гендерлік саясатты тек әйелдерге қатысты мәселе деп түсінеді, бірақ оның ауқымы әлдеқайда кең екені анық. Гендерлік теңдіктің мақсаты не? Сыңаржақ пікірлер бұл ұғымның аясын тарылтып жатыр деп ойламайсыз ба?

– Жеткілікті деңгейде қалыптаспаған деп айту үшін қандай да бір зерттеу нәтижесіне сүйенген жөн. Ал қай кезде жеткілікті деп айта аламыз? Зерттеулердің бірінде қазақстандықтардың тек 7,8 пайызы ғана гендерлік теңдік саласындағы тұжырымдамамен таныс екендігі көрсетілген. Биыл қазақстандықтардың 40 пайызынан азы «гендерлік теңдік» деген не екенін біледі делінген Қазақстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктері туралы аналитикалық есепте. Мемлекеттік гендерлік саясаттың мақсаты – қоғам өмірінің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің тепе-тең құқықтарға, пайдаға, міндеттер мен мүмкіндіктерге қол жеткізуі, жыныс белгісі бойынша кемсітушіліктің барлық нысандары мен көріністерін еңсеру болып табылады.

Менің жеке ойым, бұл ұғымның аясы тарылып жатса, ол мемлекеттік саясаттың мәселесі. 1995 жылы Пекин декларациясына қосылған сәттен бастап мемлекет нысаналы түрде гендерлік саясатты қалыптастыруға бағыт алды. 1998 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылды, өңірлерде тиісті консультативтік-кеңесші органдар жұмыс істейді. Неге осы атқарылған істерге қарамастан, әлемдік тәжірибе гендерлік мәселелер көптеген елдерде мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылатынын көрсетіп отыр. Халықаралық қоғамдастық гендерлік теңдік саласындағы рейтингтерді үнемі қадағалап отырғанымен, Қазақстан көрсеткіштерінде құлдырау бар. Мысалы, биыл біз гендерлік алшақтық индексі бойынша 146 елдің ішінен 76-орынға жайғастық, былтыр 62-орында едік.

Көптеген заңнамалық құжаттардың қабылданғанына қарамастан әлі күнге дейін жыныстар арасындағы теңсіздіктің бар екенін статистикалық мәліметтер дәлелдеп отыр. ҚР статистика жөніндегі агенттігінің мәліметтері бойынша, еліміздегі әйелдердің айлық жалақысы ерлердің жалақысымен салыстырғанда орта есеппен 1,6 есе аз екен. Жалпы гендерлік теңдікке жету үшін ескеру керек басты фактор қандай? Қоғамдағы әйелдердің белсенділігін арттыру үшін не істеуіміз керек?

– Жыныс пен гендер ұғымдарын өзара алмастырып қолдану аса үлкен мәселелерге жол ашады. Жалақыдағы алшақтық 1,6 есе аз, ал нақтырақ 21-25 пайыз аралығындағы жалақыдағы алшақтық әйелдердің экономикалық құқықтарының бұзылуының көрінісі. Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік құрамдасын күшейтуге және екі жыныс үшін тең құқықтар мен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін гендерлік бюджеттеу тәсілдерін тұжырымдау бойынша шешім қабылданды. Бірақ жалақыдағы алшақтықты азайту ұзақ мерзімді жұмысты қамтиды. Дәстүрлі түрде әйелдер еңбек нарығында анағұрлым осал болып табылады. Аталған мән-жай пандемия кезеңінде де байқалды. Қазақстандағы БҰҰ-әйелдер құрылымы ЮНПФА-мен бірлесіп жүргізген зерттеу деректері бойынша (2020 ж.) карантиннің алғашқы айларында Қазақстанда ерлердің 22 пайызы және әйелдердің 26 пайызы жұмысынан айырылған. Қазақстанда әйелдердің орташа айлық номиналды жалақысы – 182,7 мың теңгені, ерлердікі – 243,5 мың теңгені құрайды. Әйелдердің ерлерге қарағандағы жалақысының арақатынасы 2016 жылғы 69 пайыздан 2020 жылы 75 пайызға дейін ұлғайды. Әйелдер мен ерлердің жалақысындағы алшақтық 25 пайызды құрайды. Салыстыру үшін, Бельгияда алшақтық – 3,4 пайызға, Норвегияда – 4,8 пайызға, ГФР-де – 5,6 пайызға, Ұлыбританияда – 12,3 пайызға, Канадада – 16,1 пайызға, АҚШ-та – 17,7 пайызға, Латвияда – 20,3 пайызға, Жапонияда – 22,5 пайызға, Израильде – 22,7 пайызға, Оңтүстік Кореяда − 31,5 пайызға тең. 2019 жылы KPMG Аустралияға арнап жүргізген зерттеуде еңбекақы төлеуде гендерлік алшақтықты қалыптастыратын факторлардың (драйверлердің) үлес салмағы бағаланды: кемсітушілік, гендерлік таптаурындар және персоналды жалдау мен ақы төлеу туралы шешім қабылдау кезіндегі қате түсініктер (үлес салмағы гендерлік алшақтықтың 39%-ын құрайды); әйелдердің кәсіби мансабындағы үзілістер (25 пайыз); экономиканың әртүрлі салаларында ерлер мен әйелдердің жұмыспен қамтылуы негізінен: әйелдер еңбегі басым болатын, бірақ еңбекақы төмен салалар бар (кәсіби және өндірістік сегрегация 17 пайыз).

Қазақстанда мұндай арақатынас ерлердің көп жағдайда жалақысы республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары болып табылатын өнеркәсіп (мұнай-газ, тау-кен өндірісі, өңдеу), көлік және құрылыс салаларында жұмыс істеуімен түсіндіріледі. Мұндай салаларда ауыр және зиянды факторлардың болуына байланысты әйел еңбегін пайдалануға көбінесе тыйым салынады.

Мемлекет тарапынан орындалып жатқан гендерлік саясатқа көңіліңіз тола ма? Кемшіліктері мен артықшылығы туралы сөз қозғасаңыз.

– Көңілім толады деп айту қиын, себебі салалық гендерлік сегрегацияда іс жүзінде ешқандай өзгерістер болған жоқ. Әйелдер, бұрынғысынша, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау саласындағы жалдамалы жұмыскерлердің 70 пайыздан астамын құрайды, ал қаржылық және мемлекеттік секторлардағы әйелдердің үлесі жартысынан сәл көбін құрайды. Әдеттегідей, секторлардың бұл түрлеріндегі табыс құрылыс, мұнай-газ секторы, өндіру өнеркәсібі, көлік және т.б. сияқты «ерлер салаларымен» салыстырғанда аздау. 2020 жылғы деректер бойынша құрылыс саласындағы әйелдердің үлесі – 23,3 пайызды, өнеркәсіп саласында − 31,7 пайызды, ауыл, орман шаруашылығы және балық шаруашылығы саласында – 42,4 пайызды, көлік және қоймаға жинау саласында – 23,3 пайызды, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет саласында − 49,9 пайызды, білім беру саласында − 72,1 пайызды, денсаулық сақтау саласында − 72,3 пайызды құрайды. Кәсіби салада орын алған гендерлік теңгерімсіздік себептерінің бірі «ерлер» және «әйелдер» кәсіптерінің болуы туралы жалпы таралған таптаурындар бар.

Қазіргі кезде қай салада да әйелдер қауымы қызмет етіп жатыр. Негізінде гендерлік саясаттың дамуы адами капиталдың дамуына да ықпал етеді деген сөз жиі айтылады. Мұнымен келісесіз бе?!

– Қай салада әйелдер көп деген сұраққа жоғарыда жауап бердім. Негізі тарихи солай қалыптасып, әйелдер негізінен қызмет көрсету мен бала немесе егде адамдарға күтім көрсету сияқты салыстырмалы түрде жалақысы аз төленетін салаларда шоғырланған. Ол: педагогика, медицина мен қоғамдық тамақтану салалары. Себебі әйелдердің біліміне ден қойған кезден-ақ әйелдерді осы салаларға мақсатты түрде жіберу мемлекеттің саясаты болатын. «Әйелдерге арналмаған» деп аталатын қызмет салалары әлі де бар. Гендерлік саясат барлық салаларға оң әсерін тигізетіні сөзсіз, оны макроэкономикалық зерттеп, дәлелдеген зерттеулер жетерлік. Әлбетте, келісемін. Жұмыс жасайтын, білімді де білікті, қаржылық тәуелсіз әйелдері бар ел дамыған елдердің қатарынан табылады. Қауіпсіздік пен әйелдердің өзге де құқықтары саласындағы мәселелерді шешпей, ұлттың дамуы туралы айту артық. Ұлт, даму мен экономикалық өсім ұғымдарын әйелдердің құқықтары сияқты ұғымдардан бөлек алып қарау орынсыз.

Қоғамдық санаға гендерлік теңдік өз бастауын отбасы мен мектептен, балабақшадан алады. Қанша гендерлік саясатты қолдаймыз деп ұрандатқанымызбен, әлемдегі гендерлік индекс кестесінде Қазақстан 30-40 орыннан аса алмай тұр. Бұның себебі неде?

– Кез келген ұғымның қалыптасуына қоршаған ортасы әсер етеді, сол ұғымның іргетасын қалап береді. Ұрандату деген сөзіңізбен келіспеймін, біз бұл салада еш ұрандатып жатқанымыз жоқ. Бұл мәселе барлық салада күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе емес. Демек, ұрандату деп айту қаншалықты әділетті? Әрі ұрандату деген сөз де негатив реңкте айтылатын сөздей көрінеді өзіме. Ұрандататын емес, ұқыпты іс атқаратын кезеңді бастан кешірудеміз. Гендерлік теңдікті өлшейтін бірнеше көрсеткіштер бар, барлығында біз әлемдік 30 елдің қатарына енбей отырмыз. Оның бірнеше себептері бар: еліміздің патриархат ұстанымдарын құқықтық мемлекет құндылықтарынан жоғары қоюы, әйелді тұрмыстық құлдықта ұстауды дәстүр санауы, әйелдердің білім алуындағы соңғы жылдары орын алған құлдырау, өз жақындарының қолынан қайтыс болып жатқан әйелдер санының толастамай отыруы. Саясаттағы әйелдер үлесінің 25 пайызға әлі де жетпей отыруы, антигендерлік қозғалыс өкілдерінің белсенді болуы, 8 наурыз маршына биыл әкімдіктің рұқсат бермеуі. Бұл факторлардың барлығы қысқа және ұзақ мерзімді қызметте гендерлік теңдік индекстеріне тікелей әсер етеді.

Сұхбаттасқан Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: