Дамуды ойласақ, практиканы жандандыру керек

Биыл "Жұмысшы мамандықтар" жылы деп жарияланды. Себебі адами капиталдың маңызы артып, жаңа жұмыс орындары көбейіп жатқан шақта кадр жетіспеушілігі байқалып отыр. Қазақстандық жастар мен еңбекке қабілетті азаматтар әдетте «престижді» мамандықтарға ұмтылады.
Ал жалақысы мен қауіпсіздік деңгейі төмендеу жұмысшы қызметтеріне мақсатты түрде баратындар аз. Осының әсерінен еңбек нарығында дисбаланс байқалуда. Соның ішінде құрылыс саласын да атап өтуге болады.
Құрылыс – қазіргі қоғамның негізгі сұранысын қанағаттандыруы тиіс сала. Ал құрылысшылар – осы саланы дамытатын мамандар. Олардың еңбегі халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, экономиканың өсуіне, тұрақты инфрақұрылым қалыптастыруға тікелей әсер етеді. Қазір елде 59 мыңдай құрылыс компаниясы бар. Онда жұмыс істейтіндер саны да жүз мыңдап есептеледі. Соған қарамастан, мамандар жетіспеушілігі ептеп байқалып отыр. Бұл мамандарға сұраныстың артуы құрылысқа деген қажеттіліктің көбеюімен тікелей байланысты. Демографиялық ахуал күрт өзгеріп, халық саны артқан шақта тұрғын үйге де, әлеуметтік нысандарға да, басқасына да сұраныс жоғары. Демек, құрылысшы мамандар әрдайым қажет, олардың өзектілігі алдағы уақытта да арта бермек. Осы мамандық пен оның табиғаты жайлы Қарағанды техника-құрылыс колледжінде 25 жылдан бері сабақ беріп келе жатқан ұстаз Рымбек Алтайбаевпен тілдестік.
«Мен – Қарағанды техника-құрылыс колледжінде «спец» сабақтарды оқытушы мұғаліммін. Яғни құрылыс жасауды үйретемін. Екі дипломым бар. Біреуі құрылыс саласында, екіншісі педагогика саласында. Мектепте сабақ та бергенмін. Құрылыс алаңында да жұмыс істегенмін. Соңында колледжге орналастым. Енді бар білгенімді балаларға беруге тырысып жүрмін.
Құрылысшы мамандығы ешқашан «өлмейтін» мамандық. Біраз уақыт бойы бұл салаға келетін жастар саны көбеймей тұрды. Алайда қазір қызығушылық артқан. Мемлекеттік қолдау мен жастардың жаңаша көзқарасының арқасында құрылысты оқып, меңгеруге келетін студенттердің қатары еселеніп отыр. Бір жағынан, бүгінгі ұрпақ ақша жоқ жерге бармайды. Олар табысты приоритеттердің бірі ретінде қарастырады. Мұны қате деуге де келмес. Әрі бұл критериймен алып қарағанда құрылыс саласының берері басқа салаларға қарағанда әлдеқайда жақсы, жалақы жоғары. Елдегі орташа табыс көлемінен асып түседі. Әрине, ол біліктілікке, шеберлікке де байланысты. Жақсы білсең, жақсы табыс табасың.
Ал біліктілікті қалыптастыру үшін құрылыс саласын меңгеріп жүрген студенттерге теориялық біліммен қатар сапалы практикалық білім де ұсына алғанымыз жөн. Қазір тәжірибелік жұмыстар бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда артты әрі сапалырақ бола түсті. Десек те, тағы да дамыта түскеніміз дұрыс. Көбейту қажет. Заман алға жылжыған сайын құрылыс алаңында қолданылатын құрал-саймандар мен технологиялар өзгеруде. Оның бәрін уақытылы меңгертіп отырмасақ, тежеліп қаламыз. Дамуды ойласақ, практиканы жандандыру керек», – дейді Рымбек Алтайбаев.
Балауса Ділдәбек