Дана Қарағұсова ғарышқа ұшқан алғашқы қазақстандық әйел атанды

Blue Origin компаниясының суборбиталық NS-36 миссиясы сәтті аяқталды. Экипаж құрамында болған Дана Қарағұсова ғарышқа ұшқан алғашқы қазақстандық әйел атанды.
8 қазан күні Blue Origin компаниясының New Shepard ғарыш кемесі Техастың батысындағы Launch Site One айлағынан ұшып, 10 минут 21 секундқа созылған суборбиталық сапарын сәтті аяқтады.
Экипаж құрамында қазақстандық кәсіпкер Дана Қарағұсова болды. Осылайша, ол Қазақстан тарихында ғарышқа шыққан алғашқы әйел атанды.
Данамен бірге ғарышқа тағы бес адам ұшты:
-
Джефф Элджин — франчайзинг саласындағы кәсіпкер, FranChoice компаниясының негізін қалаушы және CEO;
-
Клинт Келли III — инженер, DARPA зерттеулерінің ардагері (бұл оның екінші ұшуы, алғашқысы 2022 жылы болған);
-
Уилл Льюис — биофармацевтикалық Insmed компаниясының басшысы (оның аты ұшудан кейін ғана жарияланды);
-
Аарон Ньюман — IT-серіктес, зерттеуші және саяхатшы, «Титаник» пен Мариан шұңғымасына жасаған экспедицияларымен танымал;
-
Виталий Островский — бизнесмен және инвестор, саяхатшы-зерттеуші.
Экипаж өздерін Space Nomads (“Ғарыштық көшпенділер”) деп атады. Бұл атау миссияның рухын, шексіз кеңістікке деген еркіндік пен зерттеу құштарлығын бейнелейді.
Ғарышқа сапар кезінде кеменің ең жоғарғы биіктігі 107 шақырымға жетті — бұл Карман сызығынан жоғары, яғни ресми түрде ғарыш шекарасынан өту дегенді білдіреді.
Ракеталық блок 8 минуттан кейін жерге тігінен қонды, ал жолаушылар отырған капсула үш парашюттің көмегімен бірнеше минуттан соң сәтті жерге қонды.
Миссия Blue Origin компаниясының тарихындағы 15-туристік ғарыш сапары болды.
Компания ғарыш туризміне арналған “билет” бағасын жарияламайды, бірақ сарапшылардың бағалауы бойынша, оның құны 500-600 мың долларды құрауы мүмкін.
Айта кетейік, Дана Қарағұсова еліміздің экс-министрі және экс-депутаты Гүлжан Қарағұсованың қызы. Сондықтан қоғамда бұл ғарышқа сапарды «қарапайым халыққа қолжетімсіз, бұл – тағы бір мәртебелі отбасының артықшылығы» деген пікірлер айтылып жатыр.