Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:44, 16 Ақпан 2023

Даниал Ахметов «Жаңа Қазақстанда» неғып отыр?

None
None

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың осы өңірді басқарып отырғанына сегіз жыл болды.

Зейнет жасынан баяғыда асып кеткен. Ол неге әкім тағына тас кенеше жармасып, әлі кетпей отыр? Неге демалысқа кетіп, қалған ғұмырын тыныш жерде, бақытты етіп өткізбейді?

Мұны алматылық қоғам қайраткері Андрей Андреев те түсінбейді. YouTube-тегі «Голос народа» деген арнаға берген сұхбатында ол былай депті:

– Бұл шынымен де ешбір ақылға сыймайтын, еш көкейге қонбайтын, тым түсініксіз жағдай. Талай жыл ШҚО-ны басқарып келе жатса да, сол өңірдің халқына оның қалай басшылық еткені ұнамайды. Шығыс Қазақстан оңтүстік өңірлермен салыстырғанда едәуір тыныш аймақ болса да, ол жақта наразылық шаралары жиі болып жатады. Ашынған, ашуланған, наразы халық көп. Соған қарамастан, Ахметов қасқайып алып, қайта-қайта жаңа мерзімге әкім болып тағайындала береді. Мұның ешбір логикалық мәнін білмедім. Ол тағы еңбек өтілім үшін 2 миллион жалақы аламын дейді. Сонша жыл еңбек өтілінде ол несімен көзге түсті екен деп сұрағым келеді. ШҚО халқы байып кетті ме, өңір көркейіп кетті ме, әлде экологиясы жақсарып кетті ме? Шындығында ол жақта жағдайдың жыл өткен сайын нашарлап бара жатқанынан көріп отырмыз ғой? Басқасын айтпағанда, экологиялық апат боп жатыр. Не үшін оны әкім қылып ұстап отыр? Өзі неге кетпейді? Әлде, біреу оны демалысқа жібермей, зорлап ұстап отыр ма? Білмедік. Қайда барса да тікұшақпен ұшады дейді. Қызметтік көліктері жоқ па? Ахметов өзі байқамай, өзінің қара халықтан қаншалықты жоғары екенін көрсете береді. Халықты түк те сыйламаудың белгісі. Шенеунікті халықтың құлы деп ойлайтын біз ақымақпыз. Шенеунік халық сияқты өмір сүруі керек еді. Өз өмірімен халыққа үлгі болуы керек-ті. Ал Даниал Ахметов болса өзінің елден ерек, бәрінен биік, бәрінен бай, бәрінен ықпалды екенін көрсетеді. Ал ШҚО халқы – кедей. ШҚО-да талай жылдан бері алтын заңсыз қазылатынын біріміз білеміз. Оны тоқтатуға да ешкімнің қауқары жоқ, – дейді ол.

Сонымен қатар қоғам қайраткері Алматының әкімі Ерболат Досаев туралы өз пікірімен бөліседі:

– Досаев та Ахметов сияқты ескі Қазақстаннан қалған кадр. Оның да атқармаған қызметі жоқ. Бірақ ешбір жерде тындырған тірлігімен, жағымды нәтижесімен көзге түспеген. Өзі миллионер болған соң ба, миллионер-қалаға басшы қылып қойды. Сосын бұрын ұлттық банкті басқарған соң ба, оның өзіне бағыныштыларға төбеден, бұйырып сөйлейтін мәнері бар. Соңғы кеңестің бірінде ол да қала тұрғындарын, қара халықты менсінбейтінін байқатты.

Қазақстандағы ең құпия нәрселердің бірі – кез келген әкім немесе министрді орнынан алса, оны не себепті орнынан алғанын ешкім түсіндірмейді. Не біреуді тағайындаса, не себепті соны тағайындағандарын түсіндірмейді. Қазақстанда түсінікті шешім жоқ. Бір жерді оңдырмай құртып кеткен біреуді шулатып жатып қызметінен алады, бірақ іле-шала сол сұмырайды басқа креслоға қонжитып қояды. Бір жұмысты қатырмағанға екінші жұмысты неге тапсырады? Үкіметтегі сол баяғы жүрген жеріне шөп шықпайтын ескі адамдар бірінің орнын бірі алмастырады, соның кесірінен ешқашан нәтиже көрмей келеміз. Бар тірлігі – жоспар құру. Ойбай, 2030-да оңып кетеміз, 2050-де озып кетеміз деп, дес бермейді. Бірақ мойнына жауапкершілік алып жатқан ешкім жоқ. Құрғақ уәде, құр сөзден аспайды. Тындырылған тірлік жоқ. Қысқасы, жаңа Қазақстан әлі ескі кадрлармен қалып қалыпты. Ендеше, бұлардан болашақ күтудің қажеті жоқ. Ескі Қазақстанның кадрлары үйренген ескі әдістерінен басқаша жұмысты білмейді. Кейбір қу дүкендер сақтау мерзімі өтіп бара жатқан тауарға жаңа дата жазылған жаңа қағазды жапсырып қояды ғой. Біздің шенеуніктеріміз тура сондай тауар сияқты. Мерзімі бітсе де, кәдеге тағы жаратып көрейік деп, тағы бір мүмкіндік беріп отырмыз, – дейді сарапшы.

Тегтер: