Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:05, 22 Ақпан 2023

Даниал дандайси бере ме?!

None
None

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бюджетін айтамыз. Даниал Ахметовтің сапарларын төлеуге шығынданып жатыр.

Биылдың өзінде көлік пен тасымал қызметіне бес миллион теңге бөлініп қойыпты.

Ratel.kz басылымы хабарлағандай, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратындағы мамандар өз әкімінің Астанадағы жүрісіне көлік қызметін сатып алуға келісімшарт жасап үлгеріпті. Шығыс Қазақстанның шенеуніктерін тасу керек дегенімен, негізінен, әрине, облыс әкімі Даниал Ахметовты жыл бойы Астанада тасу үшін. Тапсырыс берушілердің өздеріне ғана белгілі, келісімшартта көрсетілмеген шекті лимиттен аспаймыз деген талап бар. Тапсырыс берген ШҚО билігі қызмет көрсетушіге 4 миллион 484 мың теңге төлемек. Қызмет көрсетушіге қойылатын талаптар мынадай: KZ, QR, UD деген сериялы, тіркелген мемлекеттік нөмірі бар автокөліктері болуы тиіс. Мұндай нөмірлер – президент әкімшілігі, парламент, үкімет және басқа да мемлекеттік органдардың аумағына кіру үшін міндетті талап. Костюм-шалбармен отыратын жүргізушілерге қойылатын талап – қызмет барысында естіп-біліп қойған құпия ақпараттарды басқа біреулерге таратпаймын деген қатаң міндет алады. Ал енді мұндай тендерлерде жеңімпаз қашан да біреу, ол президент іс басқармасының автошаруашылығы.

Айта кетсек, мұндай қызмет жыл өткен сайын Шығыс Қазақстан облысының бюджетіне қымбатқа түсіп келеді. Мысалы, 2019 жылы осы мақсатта 1 миллион 840 мың теңге, 2020 жылы 1 миллион 965 мың теңге, 2021 жылы 2 миллион 461 мың теңге жұмсалған. Биыл көлікпен жүрудің шығындары екі есеге дерлік өсіп отыр. Абай облысы бөлек облыс боп бөлініп, Шығыс Қазақстанның көлемі екі есеге азайып қалғанына қарамастан.

Айта кетерлігі, өңірлік әкімдіктер арасында қымбат көлікпен қыдыру шығындары бойынша осы Шығыс Қазақстан облысының басшылығы көш басында келеді. Бәлкім, оның бір себебі – Даниал Ахметовтің өзге аймақтардың басшыларымен салыстырғанда, үкімет кеңестерінде жиірек жылтыңдап, көбірек бой көрсететіні болар. Бәлкім, шалқып жүргенге әбден үйренген қарт әкім аса жайлы, тым қымбат көліктермен жүрмесе, шынымен де бір жері қисайып қалатын күйге дейін жеткен болар. Өйткені 2022 жылдың соңғы екі айында Ахметовтің аппараты ШҚО басшысының Астанада көлікпен қыдырыстауына екі миллион теңгеге жуық ақшаны қосымша шығындағаны бар.

Салыстыру үшін айтсақ, Абай облысының бюджеті өз шенеуніктерінің Астанада жоғары санатты көліктермен қозғалуына қосымша құн салығын санамағанда, бір жарым миллион теңге төлейді. Алматы облысы мен Ұлытау облысының әкімдіктері сол мақсатқа 2,2 миллион шығындайды, Түркістан облысы 2 миллион, Атырау облысының әкімдігі екі жарым миллион теңге, Маңғыстау облысы екі миллион 300 мың теңге шығындайды.

Алайда ШҚО әкімінің көлікпен жүруге жұмсайтын бюджет шығындары орталық билік органдарының шығындарының жанында, әзірге, түкке тұрғысыз екенін де біле жүрейік. Өйткені ел үкіметінің аппараты қымбат көліктермен Астанада анда-мында қозғалуына деп 186 миллион теңге қарастырып қойған, қаржы министрлігі 110 миллион, ал сауда және интеграция министрлігі, шамамен, 65 миллион теңге шығындауды жоспарлап алыпты. Сонымен бірге, Астанада қымбат кортежбен әрлі-берлі қозғалуы айтарлықтай арзанға түсетін министрліктер де бар. Мәселен, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ағарту министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі тиісінше, 10, 7 және 9 миллион теңге шығындамақ.

Тегтер: