Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:09, 02 Наурыз 2023

Даниал деген даулы әкім...

None
None

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің іс басқармасы 30 миллион теңге бөліпті. Әкім Даниал Ахметовтің онсыз да «крутой» автокөліктер паркін тағы екі көлікпен толықтыру мақсатында.

Ratel.kz сайтының журналистері жазған ақпаратқа сенсек, ШҚО шенеуніктері өңір басшысының автокөліктерін жаңа көлікпен толықтыра түсу үшін мәшинелердің кезекті партиясын жеткізіп беретін сатушыны іздеп жатыр жанталасып. Даниал Ахметовтің қызметтік автопаркі онсыз да қымбат көлікке лық толы екеніне қарамастан. Оның жанында Абай облысының әкімдігі қара жаяу қалады.

Қызметтік көлік дегенде бұлар бюджет ақшасына жай көлік алушы ма еді? Шығыс Қазақстан облысы әкімінің іс басқармасына екі седан керек. Әрқайсысының ұзындығы 4,6 метрден қысқа емес, ені 1,8 метр, биіктігі 1,4 метрден төмен болмасын деген талап қояды.

Көліктер алдыңғы жетекті, автомат коробка және қозғалтқыш көлемі 1999 текше сантиметр, қуаты 128 аттың күшінен кем емес, және экологиялық классы Евро 5-тен төмен болмауы керек. Ол аздай, автокөліктерде алты динамиктен тұратын аудиодыбыс, ұялы телефонға қосылатын Bluetooth және өрге қозғаларда көмектесетін HAC жүйесі, ABS-ті айтпағанда, жылдам тежелуге көмектесетін BAS жүйесі болуы керек. Екіге бөлінген климат-контроль, TFT3.5 дисплейі бар Supervision панелі болсын, Android Auto және Apple Carplay-ға қосылатын түрлі-түсті мультимедиа болсын деп көсілген екен.

Негізі, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының іс басқармасының гаражында онсыз да кемінде, 36 дана техника бар еді. Олардың ішінде 2017 және 2008 жылы шыққан Lexus LX 570, 2010-шы жылғы Lexus LS 460, төрт Toyota Land Cruiser 200 VX (2011 жылғы). Бұл көліктердің мемлекеттік нөмірлері 001-ден 005-ке дейінгі сандардан тұрады.

Жөндеуді талап етіп төрт дана Skoda Superb B8, үш Toyota Camry 55, екі Toyota Camry 40, бес Skoda Rapid, үш Skoda Octavia, екі Chevrolet Сaptiva, төрт Toyota Old HiAce сияқты көліктері тұр. Бірақ оларға тағы екі жаңа автокөлік керек болып қалған екен.

Даниал Ахметов халықтан алыстап, Шығыс Қазақстан халқының шынайы жағдайынан ажырап барады-ау. Айтпақшы, кеше ғана бір видео әлеуметтік желіні шарлап кетті.

Amanat партиясының шығыста өткізген бір кездесуінде сөз алған жас әйел «жетпістегі кәрі әкім, елге еш пайдасы жоқ Даниал Ахметовтан құтылатын уақыт келді», деп былш еткізіп, халықтың көкейіндегісін айтып жіберді. Басшылық креслоларға көтендері жабысып қалған кәрі-құртаң зейнеткерлерден әбден көрдік қой дейді қорлықты.

Рас, Даниал Ахметов ШҚО әкімі болып 2014-ші жылдан бері отыр. 2019-ға дейін одан құтыламыз деп әрең шыдап келсек, 2019-да оның өкілеттігін тағы созып қойды. Шығыс Қазақстанның адамдарын шаршатты, жалықтырды, қамықтырды ол әбден, шыны керек.

Шағым көп, халықтың ашуы аз емес. Риддердің жуырда қақаған аязда жылусыз қалғаны бар. Семей мен Өскеменнің бизнесмендері мен мәслихат депутаттарының да Даниал Ахметовке өкпесі қара қазандай. Өскеменнің қоғамдық көлігінің мүшкіл жағдайын көрмей-ақ қойыңыз.

Қазақстандағы ең даулы, шулы, халыққа ең ұнамайтын әкім болса, ол осы Даниал Ахметов-ау. Сол. Өзгеріс бола ма, өзі? Ескі Қазақстанның осы бір Ахметов деген ескі, жауыр болған әкімнен құтылғымыз келеді. Даниал Ахметов сияқтылар жаңа Қазақстанға жол ашпай, бөгет боп отырғандай, ә?

Тегтер: