Даниалдар «дань» төлемейді!
Қазақстанда 2024 жылы «сән-салтанат салығы» енгізілуі мүмкін депті. Сол жылы 1 қаңтардан бастап жаңа «Салық кодексі» болады екен.
Экономика министрі Әлібек Қуантыров жария еткендей, жаңа заңда жылжымайтын мүлік, автокөлік және басқа да құны жоғары, инвестициялық құны бар элиталық дүние-мүлікке «сән-салтанат салығы» салынады-мыс. Сонымен қатар, бірнеше жылжымайтын мүлікке иелік ететін дәулетті қазақтарға жоғары салық салу қарастырылмақ. Ендеше, көлігі де неғұрлым қымбат болған сайын әлгі байларға көбірек сұрау салу керек.
Бірақ салықтың мұндай түрі Қазақстанда құр далбаса боп қалады-ау. Біздің шенділер мен әкім-қаралардың жиған-терген, ұрлағанын баспанаға салатыны ешкімге жасырын емес. Ешкім тұрмаса да, үй болып, бағасы өсіп тұра берсін дейтін олар, әрине, байлығын туыстары мен таныстарының атына жазады. Қазақта не көп, құда-жегжат, туысқан көп. Сондықтан, билік ондай салық енгізгенше, байлар бәрін жасырып үлгереді.
Әсіресе, шетелден жылжымайтын мүлік алғандарға салық қалай салынатыны мүлдем түсініксіз. Бұл керісінше, «Қазақстандағы ақшаларыңды шетелге шығарып үлгеріңдер» деген ым болды ма, әлде?
Бәлкім, бұл салық – «жаңа Қазақстанға» жараспай тұрған кейбір ескі олигарх-шенеуніктердің біраз майын сылып қалу ниетінен туған болар. Мысалы, Павлодар облысының бейресми қожайыны делінетін, өзі Шығыс Қазақстан облысының әкімі боп отырған Даниал Ахметов бар. 2003 жылдан 2007 жылға дейін премьер-министр болған дәу кісі. Оның ұлы Талғаттың 145 миллион доллар байлығымен 2017 жылы Forbes рейтингінде көзге түсіп қалғанын қалай ұмытамыз?!
Павлодар облысын «ахметовскилер» баяғыдан билеп-төстеп келеді. Несін жасырайық, біздің елде Ахметовтерге «сән-салтанат салығын төлей ғой» деп келуге ешкім батпайды.
Ендеше, мұның бәрі құр далбаса!