Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:43

Дания барлауы: Ресей НАТО-ға қарсы гибридті соғыс жүргізіп жатыр

Дрон
Фото: Hanna Sokolova-Stekh/DW

Данияның әскери барлау қызметінің (Forsvarets Efterretningstjeneste, FE) басшысы Томас Аренкиль Ресейді Батыс елдеріне қарсы гибридті соғыс жүргізіп отыр деп айыптады. 

Оның айтуынша, Мәскеудің мақсаты – НАТО ішіндегі бірлікті әлсірету және Украинаны қолдауды азайту.

Дрондар және әуе кеңістігінің жабылуы

Соңғы апталарда Данияның стратегиялық нысандары мен әуежайларының үстінен белгісіз дрондар байқалған. Осыған байланысты Копенгаген мен Ольборг әуежайларында уақытша әуе қозғалысы тоқтатылды, ал азаматтық дрондарды ұшыруға шектеу қойылды.

Кімнің дрондарды жібергені әлі анықталмағанымен, билік Ресейден күдіктеніп отыр.

 «Ресей бізді соғыс қаупі төніп тұр деп сендіргісі келеді. Олар қоғамды үрейде ұстап, тұрақсыздық тудыруды көздейді», – деді Аренкиль.

Оның айтуынша, ресейлік әскери кемелер бірнеше рет дат кемелерімен «қақтығыс траекториясына» шыққан. Дегенмен, Данияның қорғаныс министрі Троэльс Лунд Поульсен елдің Ресеймен соғысқа бет алып жатқанын жоққа шығарды.

FE құжаты: гибридті соғыс күшейеді

Пресс-конференциямен қатар Дания әскери барлау қызметі арнайы құжат жариялады. Онда Ресейдің НАТО-ға қарсы жүргізіп отырған әрекеттері егжей-тегжей баяндалған:

«көлеңкелі флотты» қорғау үшін истребительдерді пайдалану және Балтық теңізі арқылы мұнай тасымалдау;

НАТО елдерінің әуе кеңістігін (Польша, Эстония, Финляндия, Румыния) бұзу;

соғыс тікұшақтары мен соққы беретін дрондарды қолдану;

Дания қарулы күштеріне қарсы диверсиялар қаупі.

Сонымен қатар, кибершабуыл қаупін орташа деңгейде деп бағалаған FE Данияға тікелей әскери шабуыл болмайды деген тұжырым жасады.

Путиннің жауабы

Ресей президенті Владимир Путин 2 қазанда «Валдай» клубының отырысында бұл айыптауларды мысқылмен жоққа шығарды. Ол енді «Францияға да, Данияға да, Копенгагенге де дрон жібермейтінін» айтып, әзілдеді.

Путиннің сөзінше, Ресейдің «Лиссабонға дейін жететін дрондары жоқ», ал еуропалық қалалар Мәскеу үшін ешқандай әскери мақсатқа жатпайды. Ол Батыстың айыптауларын «қорғаныс шығындарын көбейтуге бағытталған қорқыныш тудыру амалы» деп бағалады.

Тегтер: