Дания: Гренландияға АҚШ емес, Ресей көбірек қауіп төндіреді
Дания билігі Гренландияға қатысты негізгі әскери қауіп АҚШ емес, Ресей тарапынан төнуі мүмкін деп есептейді.
Бұл туралы Гренландиядағы Біріккен арктикалық күштер қолбасшылығының басшысы, генерал-майор Сёрен Андерсен мәлімдеді.
Reuters агенттігіне берген сұхбатында Андерсен Дания армиясының Гренландиядағы басты назары Ресейдің ықтимал белсенділігіне қарсы әрекет етуге бағытталғанын айтты.
«Менің назарым АҚШ-та емес. Мүлде олай емес. Менің назарым Ресейге бағытталған», – деді генерал-майор.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Гренландия маңында Қытай немесе Ресейдің әскери кемелері байқалмаған. Дегенмен, бір ресейлік ғылыми-зерттеу кемесі аралдан шамамен 310 теңіз милі (574 шақырымнан астам) қашықтықта жүргені тіркелген.
Андерсен Арктика аймағындағы геосаяси жағдайдың күрделенуіне байланысты Дания қарулы күштері аймақтағы қауіпсіздікті күшейтіп отырғанын атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, Арктика ресурстары мен стратегиялық орналасуына байланысты ірі державалардың қызығушылығын арттырып келеді.