Дания мен АҚШ Гренландия мәселесінде ортақ мәмілеге келе алмады
Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен Вашингтонда АҚШ вице-президенті Джэй Ди Вэнс және мемлекеттік хатшы Марко Рубио-мен өткен кездесуден кейін Гренландияға қатысты тараптардың ұстанымдары әртүрлі екенін мәлімдеді.
Даулы мәселені шешу жолдарын іздеу үшін жоғары деңгейдегі жұмыс тобы құрылмақ.
14 қаңтар, сәрсенбі күні кешке өткен келіссөздерден соң Расмуссен Дания мен АҚШ-тың Гренландия бойынша көзқарастары айқын қайшы екенін айтты. Соған қарамастан, ол Вашингтонды өзара құрметке негізделген ынтымақтастыққа шақырды.
Министрдің айтуынша, мәмілеге келу үшін жоғары деңгейдегі жұмыс тобы құрылады. Бұл топ бір жағынан АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік мүдделерін ескерсе, екінші жағынан Дания корольдігінің шекарасы бұзылмауын қамтамасыз етуі тиіс. Алғашқы отырыс алдағы бірнеше аптада өтуі мүмкін.
Келіссөздерге қатысқан Гренландияның сыртқы істер министрі Вивиан Моцфелдт те АҚШ-пен ынтымақтастықты күшейтуге дайын екенін білдіріп, алайда Гренландияның АҚШ құрамына өтуді қаламайтынын атап өтті.
АҚШ, Дания және Гренландия өкілдерінің кездесуі Ақ үй маңындағы үкімет ғимаратында шамамен бір сағатқа созылған. dpa агенттігінің мәліметінше, жиын алдында АҚШ президенті Доналд Трамп өз талаптарынан қайтпайтынын аңғартқан.
Трамптың пайымдауынша, Гренландия АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін шешуші маңызға ие, әсіресе «Алтын күмбез» (Golden Dome) әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің жұмыс істеуі тұрғысынан. Сондай-ақ ол Арктикадағы қауіпсіздік үшін де маңызды, өйткені бұл аймақта Ресей мен Қытайдың белсенділігі артқанын алға тартады.
Бұған дейін Трамп Вашингтон Данияның автономды аумағы саналатын Гренландияны бақылауға «кез келген жолмен» алуы тиіс екенін айтқан. Ал Ақ үй президент үшін жоғарғы бас қолбасшы ретінде Гренландияны «қосып алу» мәселесінде АҚШ армиясын қолдану «нұсқалардың бірі» екенін де жоққа шығармаған.